Елтай ауылдық округінің тұрғыны, әлеуметтік желінің белсендісі және де жергілікті тұрғындарға ғаламтор арқылы пайдалы кеңес беріп жүрген блогер Әлия Сатпаева 2014 жылдан бері пәтер кезіп жүрген көп балалы отбасына үйлі болуға көмектесті.
Әлия «Бірінші елтайлық» (Первый Ельтайский) атты ғаламтор парақшасында адамдарды қайырымдылық жасауға шақырып, көмекке зәру отбасылардың жай-күйімен таныстырып жүреді. Кейде, тіпті, өз қаражатымен жәрдем беріп жатқан сәттерді де бейнежазбаға алып, көрермендеріне үлгі болуға тырысады. Оның айтуынша, жоғарыда аталған баспаналы болған отбасының жағдайы жүрегіне қатты әсер еткен екен. Алты баласы бар ата-анамен тілдесіп, танысқанда, олар баспаналы болуға қатты зәру екенін жеткізген. Қасиетті Ораза айында жақсы амал істеуді ойға алған Әлия сол сәттен бастап отбасының үйлі болуының амалын іздестіруге кіріскен. Әрине, блогер алғашқыда қолында бар құралы – әлеуметтік желілері арқылы аталмыш отбасының жай-күйін жариялап, қолдаушыларды іздей бастаған. Желіге салған жазбаларынан кейін, Әлия жанашыр, көмек қолын созушылардың да көп болуын күтпегенін алға тартады. Олардың бірі азық-түлік себетімен, киім-кешекпен қол ұшын созса, басқалары, тіпті, қаржылай көмекпен де қамтамасыз етуге ұсыныс берген екен. Осындай қайырымды жандардың ішінде үй алып беруге көмек беремін деген азамат та шыққан. Өз атын жариялағасы келмеген меценат, Әлияның шығарған посттары астында қалдырған нөміріне хабарласып, көп балалы отбасы армандаған баспананы алып беруге жәрдем ететінін жеткізген. Бұл жаңалықтан кейін, Әлия көп балалы отбасынан кем қуанбай, үйдің берілгенін айтты. Ал, ол осы ісін тоқтатпай, алдағы уақытта өз ауылының жағдайы төмен тұрғындарына көмек іздеп, әлеуметтік желіде белсенділігін одан әрі арттыруды мақсат етуде.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.