Алпыстың асуынан асып, жетпістің жотасына жақындаған Құрбан ағамызбен алдымен телефон арқылы тілдесіп, мән-жайды анықтауға тырыстық. Сөйтіп, кездесу уақытын белгілеп, емен-жарқын өз үйінде көрісуге уағдаластық. Осылайша жаны жомарт азаматпен Рамазан айының екінші күні көрістік. Жарқын жүзді ағамыз күлімдеп қарсы алып, келгеніме қуанды. Тілдесу кезінде қойған сан сауалдарыма ашық, шынайы жауап беріп отырды. Әңгімемізге өмірлік жары Оразгүл Кенжеқызы да араласып, мешіттің құрылысына қатысты біраз ақпаратымен бөлісті. Себебі аталған нысанның іргетасы қаланған сәттен бастап ол кісі есеп-қисапқа жауапты болған екен.
Мешітті салу жөнінде алғаш ой тастаған Кенже мен Құрбан ағалардың әкесі Қожахмет Абдуллаев болған. Ол кезең 1992 жылдардың шамасы. Дәл сол уақытта ағайындылар кәсіп саласында істерін ілгерілетіп, жақсы жұмыс жүргізе бастаған. Ал оған дейін олардың, яғни Кеңес Үкіметі ыдырағаннан кейін қызметтері тоқтап қалыпты. Осылайша Құрбан ағамыз Ресейдің Мәскеу қаласында бизнес мектебін оқып, кәсіп бастаудың қыр-сырын меңгерген екен.
Жоғарыда атап өткендей, ағайынды Абдуллаевтар әкелерінің ақылын тыңдап, ойын қолдап, 1992 жылдың күзінде мешіт салуға белсене, бел шеше кірісуді қолға алған. Сол уақыттарда Қаскелең қалалық округін басқарған Әділ Тоғаев, «Жандосов» кеңшарының директоры Батан Темірбеков сынды азаматтар Алланың үйін тұрғызу үшін жер телімін алуға барынша қолдау білдіріпті. Жалпы аумағы 7 гектарды құрайтын орынды кейінгі жылдары ағайынды азаматтар ақшасын төлеп, заңдастырып алған.
Мешіттің қазығы 1992 жылдың күз айларында қағылғанымен, оның қарқынды құрылысы келесі жылдың көктем айларында басталған. Өйткені сол уақытта жер телімінің құжаттары түгенделіп, реттеліпті.
Құрбан Қожахметұлының айтуынша, нысанның алғаш іргетасын қалар кезде жер теліміне қатысты мәселе туындаған. Себебі белгіленген орны мазарларға арналған (қазір ол жерде «Ақ ана» рухани-сауықтыру орталығы жұмыс істеп тұр). Сондай-ақ мешіт салынатын жердің жан-жағында терең шұңқырлар қазылыпты. Сөйтіп, осы саланы зерттейтін мамандардың кеңесімен құлшылық ордасының нүктесі ауыстырылып, алғашқы орнынан біршама жылжыған, яғни мешіттің қазіргі тұрған орны нақтыланған.
Имандылық ұясының іргетасының қалануына келер болсақ, оның да өз тарихы бар. Ол жайында Құрбан ағамыз кеңінен әңгімелеп берді.
«Мешітті салар кезде табанына қамысты төседік. Оны таңдаудың да өз себебі бар. Түркістан қаласындағы мешіттің түбінде осындай қамыс жатқанын көрдім. Сөйтіп, құрылысқа жауапты алғашқы прораб Конс-тантин Ивановтан оның қандай ерекшелігі барын сұрадым. Ол қамысты керемет материал екенін айтып, жер қимылдау кезінде төтеп беретін жақсы дүние екенін түсіндірді. Осылайша Балқаштан арнайы қамыс алдыртып, мешіттің түбіне салдық. Айтпақшы, Түркістан қаласына барғанымда Сәдін есімді атамыз мешіт салуға ниетті екенімізді біліп, оның айналасына әулие адамдардың топырағын, тастарын, қыш кірпіштерін қоюды ұсынды. Біз де оны құп көріп, Арыстан бабтың, Төле бидің және тағы басқа бабалардың қабір басындағы қыштарды Сайрам, Ташкент сияқты қалалардан арнайы алдық. Оны әкелу де оңай болмады. Әулие адамдардың зиратына барып, қой сойып, Құран бағыштап, ырымдап алып келіп, мешіттің айналасына қойдық», – деп еске алды Құрбан Қожахметұлы.
Ағамыз айтқан ақпараттың дәлелі ретінде қазіргі таңда мешіттің айналасында жатқан Өзбекстан елінің астанасы – Ташкенттегі Төле бидің кесенесінен алынған топырақтың белгісін атап өтуге болады. Пішіні – төртбұрышты. Салмағы ауырлау қара тас. Оның бетінде: «Бұл жерде Төле би (1663-1756) атамыздың Ташкен қаласындағы кесенесінен алған топырақ жатыр. Әкелгендер: Серік Әбікенұлы Үмбетов, Төлепбек Абдіұлы Назарбеков, Кенже Қожахметұлы Абдуллаев» деген сөздер жазылған. Осы белгіден-ақ Құрбан ағамыздың сөзі шындыққа жанасатыны байқалады.
Дәл осындай тастар қойылып, мешіттің қазығы қағылғанда алғаш Құран оқылған. Сол кезде Алматы қаласын басқарған Заманбек Нұрқаділов, қоғам қайраткері Мәрия Жүйріктаева, исламтанушы Халифа Алтай, Халық қаһарманы М.Әлиев, бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы, мемлекеттік қайраткер Серік Үмбетов сынды елге белгілі азаматтар келіп, қасиетті ғимараттың алғаш іргетасының қалануына куә болыпты.
Құрылысы 1993 жылы басталған нысанның салынуы ұзақ созылған. Қаржының тапшылығы кедергі болып, жұмыс қарқыны бірде бәсеңдеп, бірде жалғасып, арасында тоқтаған кездері де болған екен. Ол уақыттарда Кенже мен Құрбан Абдуллаевтар шет елден жеңіл көліктер әкеліп сатқан.
«Мешіттің салынуына ақша жетпегендіктен, Германия мен Ресей елдерінен көлік әкеліп саттық. Ол кездер әлі есімде. Жап-жаңа, зауыттан шыққан 35 жигулиді арнайы Қазақстанға тасымалдадық. Бәрін сатып, одан түскен ақшаны мешіттің құрылысына жұмсадық», – дейді Құрбан ағамыз.
Осындай бірлескен жұмыстың нәтижесінде арада бірнеше жыл өтіп, мешіт толықтай біткен. Қолдау білдерген азаматтардың қатарында ағайындылардың Зейдін, Сайлау деген туған ағалары болған. Олар да қолдарынан келгенше жәрдемдерін беріп, құлшылық ордасының бой көтеруіне бір кісідей атсалысқан.
Құрбан ағамыздың еміс-еміс еске түсіргені бойынша бас-аяғы 6-7 жылдан соң мешіт толық аяқталып, 2000 жылдың шамасында қолданысқа берілген. Ал 2003 жылы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына «Жетісу» қайырымдылық қоры арқылы өткізілген. Аталған қайырымдылық ұйымның ашылуына да Абдуллаевтар әулеті себепкер болған. Өйткені бұл қор арқылы мешіттің салығы төленіп, сол арқылы «Муфтиятқа» тапсырылған. Ал мешіттің «Түркістан» деп аталу себебіне тоқталар болсақ, Кенже мен Құрбан ағалардың әкесі Қожахмет атаның інісі – Сәдін Абдуллаевтың сөзі ықпал еткен. Өйткені сол кезде бірнеше атау ұсынылып, талқыға түскен. Сәдін атамыз талас-тартысты ұнатпай, тоқетерін айтып, тек «Түркістан» деп атауды бұйырыпты. Міне, содан бері бұл имандылық ұясы әлі күнге дейін осы атаумен халыққа қызмет етіп келеді.
Мешіттің құрылысына кеткен қаржыны сөз еткенімізде Құрбан ағамыз да, оның жұбайы әрі сол кездері есеп-қисапқа жауапты Оразгүл анамыз да жұмсалған ақшаның есебі жоқ екенін түсіндірді. Ол кезде есептеу, салыстыру деген болмаған. Ағайындылар бар тапқан-таянғандарын тек осы ғимараттың бітуіне жұмсай берген. Бірақ белгілі бір азаматтардың тарапынан көмек болғанын да жасырмады.
«Құрылыс жұмыстарына керекті материалды кейде заттай алмасу арқылы алдырттық. Мәселен, сол жылдары Ресейдің Тольятти қаласынан әкелген көліктерді Қарағандыдағы темір шығаратын зауытқа өткізіп, орнына 65 тонна арматура алдық. Одан бөлек «Соколов-Сарыбай» кен байыту орнының директоры Михаил Баженов құбырлармен қамтамасыз етті. Ал «Жандосов» кеңшарының басшысы Батан Тәжіұлы техникамен көмегін көрсетті. Сол жүк көліктерімен мешітке арнайы алынған 135 мың қыш кірпішті Боралдайдан тасыдық. Одан кейін жоғарыда атап өткен Әділ Тоғаевтың інісі Берік те көп қолдауын білдірді. Ол Алматы қаласындағы «Благоустройство-1» деп аталатын зауыттан дайын бетондарды жеткізіп беріп отырды», – деп Құрбан Қожахметұлы біраз азаматтың мешітке атсалысқандарын атап өтті.
Мешітке қажетті қаражатты табу үшін Құрбан ағамыз қолынан келетін кез келген істі атқарған. Негізгі кәсібі көлік сату болғанымен, басқа да тауарларды алып-сатумен айналысқан. Бұл жұмысы көбінесе Өзбекстан елімен байланысты болыпты. Ол кезде бәсекелес саудагерлер көп болғандықтан, бандылардың да дәуірі жүріп тұрған. Сондай қиындыққа кезіккенде Құрбан ағамызға сол жылдардағы қылмыс әлемінің серкесі «Сары Алмас» лақап атымен танылған Несіпбай Нәсенов те қолдау білдіріпті. Атымтай азамат мешіт салу қайырлы іс екенін ұғып, қолынан келгенше көмегін көрсеткен.
Құрбан ағамыз бен оның жұбайы Оразгүл анамыздың айтуынша, дәл осы мешіттің салынуы жұмыссыз жүрген талай азаматтың табыс табуына мүмкіндік болған. Тіпті, Құрбан ағамыздың інісі – Кенже Қожахметұлы құлшылық ордасын салуға Шымкент қаласынан 40 үйді көшіріп алып келген. Отбасын асырайтын барлық ер азамат осы жерде еңбек етіп қана қоймай, сауапты іске атсалысқан.
Бүгінгі таңда «Түркістан» мешіті аудандағы тарихы терең құлшылық ордасына айналған. Бірлігі бекем жамағаты ырысты ынтымағымен талай қайырлы амалдарды атқарып келеді. Мінәжат мекені ауданның бас мешіті болғандықтан, мұнда ауданның бас имамы отырады.
Мешіт осы уақытқа дейін бірнеше күрделі жөндеуден өткенімен, оның іргетасына айналған әрбір құрылыс материалын Құрбан ағамыз әлі ұмытпаған. Мәселен, 700 текше метр топырақ, 14 метрлі бөренелер қолданылғанын естен шығарған емес. Сондай-ақ жомарт жүректі азамат «Түркістан» мешіті 10 жылдан кейін оң жағы мен сол жағы біраз отырғанын да байқаған.
Құрбан Қожахметұлының сөзіне сүйенсек, осындай қасиетті орындарды кейінгі жылдары інісі Кенже басқа да өңірлерде салған. Анығын айқанда, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Павлодарда мешіттердің бой көтеруіне ықпал еткен.
Абдуллаевтар әулетінің түп тамыры Сыр өңірімен байланысты. Ағайындылардың әкесі Қожахмет атамыз – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Бесарық ауылының тумасы. Өз ісін жетік білетін, жауапты басшы болған. Кәсібилігінің арқасында Шымкент облысында әр жерде совхоз директоры ретінде байыпты қызмет атқарған. Ал Құрбан ағамыздың өмірдерегіне тоқталар болсақ, ол бұрынғы Шымкент облысына қарасты Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Әкесі Қожахмет қызмет бабы бойынша Бөген ауданына көшкен соң, бала Құрбан сол жердегі мектепте оқыған. Кейін энергетикалық институтта және СХИ-да жоғары білім алған. Еңбек жолын Бөген аудынындағы қосалқы электр станцияда бастаған. Осы жерде 10 жылдай басшылық қызмет атқарған. Одан кейін Бөген ауданындағы «Мақта» совхозында бас инженер болып еңбек еткен. Сонымен қатар Кеңес Үкіметі ыдырағанға дейін түрлі партиялық жұмыстарды істеп, тәжірибе жинақтаған. 1990 жылдан кейін кәсіп саласына бет бұрған. Туған інісі Кенже Қожахметұлы да кәсіпкер атанбай тұрып, өз мамандығы бойынша, яғни ауданымыздағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген. Профессор атағына дейін жетіп, осы саланың дамуына зор үлес қосқан. Уақыт өте келе ағайынды Абдуллаевтар бизнес бағытында бақтарын сынап, тапқан табыстарын ел игілігі жолында жұмсау үшін Қарасай жерінде алғашқы мешітті салуға кіріскен. Олардың бұл істі бастауына жоғарыда атап өткендей әкелері – Қожахмет атамыздың ақылы, аманаты себепкер болған.
Құрбан ағамыздың бізге жеткізген деректеріне көз жетізу үшін 90 жылдан астам тарихы бар газетіміздің мұрағатын ақтарып көруді жөн санадық. Нәтижесінде «Заман жаршысы» деп аталатын мерзімді басылымның 1999 жылғы күз айларында жарық көрген санынан біз сөз еткен мешіттің ашылу рәсіміне қатысты ақпаратты таптық. Газеттің алғашқы бетінде «Қарасайда дүрілдеген той өтіп» деген тақырыпта ауданның 70 жылдығына қатысты мақалаға көзіміз түсті. Авторы – Өтесін Құбиев. Бұл жазба материалда мешіттің ашылуына қатысты тек 2-3 сөйлем ғана жазылған. Десе де Құрбан Қожахметұлы айтқандай, ауданда атап өтілген салтанатты жиынға расымен сол кездегі облысты басқарған Заманбек Нұрқаділов қатысқан.
Біздің зерттеуміз мұнымен тоқтаған жоқ. Мешітке Абдуллаевтар әулетінің қатысы бар екені жайлы тағы бір тың деректі газетіміздің 2000 жылы жарық көрген санынан кездестірдік. 7 қазан күні шыққан нөмірінде «Түркістан» мешітіне қамқорлық керек» деген тақырыпта мақала жарияланыпты. Онда кәсіпкер Кенже Абдуллаевтың құлшылық орталығына әрдайым қамқорлық танытатыны жайлы бір сөйлеммен жазылған.
«Түркістан» мешітіне қатысты жаңалықтарды отандық телеарналар да жариялапты. Бұл жайында Құрбан ағаның жары – Оразгүл Өтебаева есіне түсіріп, 1994-1995 жылдары арнайы келген журналистердің есімін де атады.
«Мешіттің құрылысы қарқынды жүріп жатқанда «КТК» арнасынан Марина есімді журналист келіп орыс тілде репортаж түсірді. Бір жылдан кейін «Хабар» арнасынан тілші Бақтыбай Айнабеков келді. Ол қазақ тілінде материал дайындап, көпшілікке таратты. Телеарналардағы бұл жаңалықтар мұрағатта бар ма, жоқ па, оны білмедім. Бірақ олардың келгені есімде», – деп Оразгүл әпкеміз өткен шаққа бір оралды.
Ауданда салынған алғашқы мешітке қатысты шағын тарих, міне осындай. Ағайынды Абдуллаевтардың еңбегін Құрбан Қожахметұлының өз аузынан естідік. Алла жолында атқарған қос азаматтың табандылығын тарих өз уақытында бағасын береді деген үміттеміз.
Қамшының сабындай қысқа өмірде Жаратқанның кез келген пендесі артына өшпес мұра, өнегелі іс, ізгілікті амал қалдыруды мақсат етеді деп ойлаймыз. Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) өз хадисінде былай деген: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала оған жәннаттан орын дайындайды».
Осындай рақымды істердің қатары артса, діннің діңгегі бұзыла қоймас. Мешіттердің барлығы құлшылықтың ғана мекені ғана емес, руханияттың, мәдениеттің, білімнің ошағына айналса деген тілегіміз бар.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.