Жадырап жаз келгенде барлық адам сапалы демалуға тырысады. Мезгіл басталғанда отбасыңызбен бірге түрлі демалыстарға барып, қызықты естеліктер жинау үшін ыңғайыңызға сай келетін демалыс орындары жетерлік. Әлемнің әр бұрышы да керемет, алайда Қарасай өңірін ерекшелеп айтпасақ болмас. Бұл мекенде де жанға рахат сыйлайтын бірнеше демалыс орындары бар.
Жаз мезгілі ең бірінші балаларға қызық екені мәлім. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың жазғы демалысын сапалы әрі тиімді ұйымдастыру үшін бірнеше демалыс лагерьлері жұмыстарын бастайды. Осы тұста Қарасай ауданында арнайы балаларға арналған жазғы демалыс лагерьлерін тілге тиек етпесек болмас. Қарасай ауданы бойынша «Арман дала» және «Альтаир» деп аталатын екі жазғы демалыс сауықтыру лагері бар. Олар республика бойынша барлық баланы қабылдайды. Қазіргі таңда екі демалыс орындары да қарқынды жұмыс істеуде.
«Арман дала» лагері бір ауысымда 500-ге жуық балаға қызықты демалыс күндерін сыйлайды. Бұл демалыс орында жұмыс істейтін қызметкерлер күрделі сынақтан өтіп, әбден сұрыпталған, педагогикалық білімі бар мамандарды қабылдайды. Мұнда 5 мезгіл тамақ, жатын орын, түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылған. Осыдан біраз уақыт бұрын «Арман дала» демалыс лагерінде үш күндік жастардың басқосу алаңы ұйымдастырылды. Мұнда Қазақстанның барлық өңірінен және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді мемлекеттерден келген жас өрендердің қатысуымен «Бірлік» халықаралық жастар лагері жұмыс істеді. Ал жақында ғана осы лагерьдің аумағында «Адал ұрпақ парасатты жастар – әділеттік жолында» атты іс-шара ұйымдастырылып, облыстың барлық аудан балалары бір ортада бас қосты.
Дәл осындай қарқында «Альтаир» демалыс лагері де 10 жылдан бері халыққа қызмет етуде. Әр жаз сайын балалардың демалыстарын сапалы өткізу үшін түрлі бағдарламар, концерттік қойылымдар, ерекше жазғы серуендер ұйымдастырылады. Атап айтсақ, атпен серуен, квадроциклмен серуендеу, тауға шығу секілді қызықты демалыстары бар. Бұл демалыс орны әр ауысымда 250-300-ге жуық бала қабылдап, жалпы есеппен 1500-ге жуық бүлдіршінге көңілді мезгіл сыйлайды. Ауданымызда балаларға арналған екі демалыс орнының қызықты ақпараттары, міне осындай.
* * *
Дәл сол сияқты Қарасай аумағында ересектерге жаз мезгілін қызықты өткізуі үшін жанға жайлы демалыс орындары жетерлік. Атап айтсақ, «Home club», «Nomad Ethnic Centre», «Aul Resort», «Sky Pool», «Рахат-Resort», «Көктау», «Электрон», «Восточная сказка» секілді жанға жайлы жазғы демалыс орындары бар.
«Home club» – Іле Алатауы бөктеріндегі бірегей экологиялық таза және ерекше көркем табиғат көрінісінде орналасқан отбасылық-ойын-сауық кешен. Элиталық саяжай кешені жыл бойы жайлы демалу және бос уақыт өткізу үшін қажетті барлық заттармен жабдықталған. Мысалы, коттедж үйлер, асфальтты жолдар, балалар ойын алаңы, бассейн, кешке қарай концерттік бағдарламалар және әртүрлі елдің асханасынан дәмді тағамдар ұйымдастырылған. Тіпті, шетелден де қонақтар келіп демалады. Онымен қоса кейбір коттедждер саунамен, бильярдпен жабдықталған. «Home club» кешені белсенді, таза ауадағы табиғи демалысты қалайтын қонақтар үшін де балық аулау, атпен серуендеу және велосипед тебу сияқты көптеген іс-шаралар ұсынады. Су, ойын-сауықтарын ұнататындар үшін «Home club» орталығы көлдің жағасында демалуды ұсынады. Олар – катамаранмен серуендеу, романтикалық шам кештерін өткізу және қалқымалы пароммен түнгі пейзаждың сұлулығын көру. Демалыс кешенінің аумағында бүлдіршін қонақтар үшін де арнайы бағдарлама бар. Сонымен қатар, аталған демалыс орнының аумағы кең болғаны сонша арнайы суретке түсетін жерлері ескерілген. Әсіресе, жас жұбайлар тойлары кезінде осында келіп, суретке түсіп, демалып қайтады. Былайша айтқанда, біраз жастардың қызықты естеліктеріне куә болған демалыс орны десек те болады.
«Nomad Ethnic Centre» – Алматы облысы, Үшқоңыр тау бөктерінде ашық аспан астында орналасқан бірегей тарихи-этнографиялық кешен. Оның құрылуына Ұлы даланың көшпелі тайпаларының – сақтардың, үйсіндердің, қаңлылардың, түркілердің, қазақтардың және басқа да көптеген ғасырлық дәстүрлері, мәдениеті мен тұрмысы негіз болған. Бұл демалыс орны аты айтып тұрғандай, этностильде жабдықталған киіз үйлері, қазақи дәстүрге сай ерекшеліктері бар. Әсіресе, бұл жерге келген қонақтар түкті және түксіз кілем мен киіз тоқуды, дәстүрлі қазақ тағамдарын дайындауға қатысып, соның дәмін де көре алады. Қазіргі уақытта 17-ден астам киіз үй жұмыс істейді. Бұл демалыс орнына келген әрбір қонақ тек қана демалып кетпей, қазақтың ежелгі тұрмыс-тіршілігімен танысып, салт-дәстүрін терең түсініп, қолөнерлік бұйымдарын үйреніп, ұлттық тамақтардың дәмін көреді. Ауылды аңсаған адамдар үшін ең таптырмас демалыс орны болмақ.
«Aul Resort» – қала сыртындағы демалыс кешені. Бұл орталық – қаладан алшақ, тау бөктерінде орналасқан демалыс орны болған соң, әдемі табиғат аясында ми тынықтырып, сапалы демалыс өткізуге таптырмас орын. Сонымен қатар бұл демалыс орнының бір ерекшелігі түрлі іс-шараны өткізуге өте қолайлы. Атап айтсақ, мектеп бітіруші түлектердің кеші, ұзату мен үйлену тойы, мерейтой мен туған күн өткізу, баланың жынысын анықтайтын гендерлік кеш немесе тұсау кесу мен бесік той сынды есте қаларлық мерекелерді жасауға болады. Осы аталған мерекелерге сай өздерінің жеке суретке түсу алаңы, әр стильде ерекше жабдықталған кешендері бар.
«Sky Pool» – Жібек жолы ауылында орналасқан демалыс орны. Бұл жерде жаздың аптақ ыстығынан демалып, салқындауға таптырмас орын. Sky Pool-да үлкендерге және балаларға арналған бассейндер бар. Сонымен қатар қонақтардың ыңғайлылығы үшін бу бөлмесі, балаларға ойын алаңы, жеке тамақтану бөлмесі ұйымдастырылған. Сонымен қатар, демалыс орнына келуші қонақтарға үнемі жеңілдіктер жасалады және туған күн иесі үшін толық күнге тегін демала алатын мүмкіндік қарастырылған.
«Rahat-Resort» – Қаскелең қаласында орналасқан емдеу сауықтыру кешені. Бұл орталықта демалушылар басым бөлігі егде жастағы кісілер. Шипажайда денсаулықты жақсартуға арналған түрлі дәрілік емдер, массаж түрлері, ыстық тау суының бассейні сынды ерекше емдеу шаралары қарастырылған. Жылдан жылға қонақтардың саны көбейіп келеді. Себебі адам денсаулығының түзелуіне біраз көмегін тигізіп отырған орталық.
«Восточная сказка» – Қаскелең қаласының маңында орналасқан орталықтардың бірі. Бұл демалыс орнына келуші қонақтарға ерекше жағдайлар жасалған. Атап айтсақ, келушілер бір күнге толық төлем жасап, ары қарай алаңсыз демалады. Өзен жағасында орналасқан арнайы орындықтар, жеке тамақ пісіруге арналған қазан секілді заттар беріледі. Сонымен қатар үлкендерге және балаларға арналған екі бассейн бар. Былайша айтқанда, көкте демалыс жасайды және бассейн суына демалады. Қонақтардың сапалы демалулары үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Тіпті,өзеннен балық ауласа болады. Егер қармағы қанжығалы болса, қонақтардың өзіне сол балықты пісіріп береді екен. Онымен қоса демалыс орталығының өзінің асханасынан тапсырыс беруге болады немесе қонақтарға өз қалауымен сырттан тағамдар әкеліп, жасауға да рұқсат етілген. Одан бөлек балаларға арналған ойын алаңы бар. Ал үлкендерге арнайы футбол, волейбол алаңдары ұйымдастырылған.
«Электрон» демалыс орталығы да тау бөктерінде орналасқан. Бұл жерде арнайы дастархан жасауға жеке орындықтар жасалған, қолайсыз ауа-райы кезінде арнайы жапқышпен бекітілген. Аталған демалыс орны көкке шығу үшін демалатын орын десек те болады. Әсіресе, туған күн кештерін, ұжымдық демалыс, отбасылық демалыстарды ұйымдастырса болады. Басқа демалыс орындарынан айырмашылығы келген қонақтар тағамдарын өздері сырттан алып келеді немесе сол жерде жасауға болады. Сонымен қоса балаларға және үлкендерге арналған ойын алаңдары бар.
Қарасай ауданы бойынша осы аталған демалыс орындарының барлығы да жаз мезгілін сапалы өткізуге сеп болады десек, артық айтқанымыз емес. Айта кетейік, «Home club», «Rahat-Resort» секілді демалыс орындары тек жазғы демалыста ғана емес, жыл бойы халыққа қызмет ете береді.
Міне, осындай Қарасай ауданы бойынша демалысты сапалы өткізуге арналған шағын орталықтар көп. Алайда, тақырыпқа арқау болған демалыс орындары сапалы, жақсы, есте қаларлықтай уақыт өткізу таптырмас мекендер.
Шұғыла Тыныс.