22 наурыз күні Қарасай жұртшылығы Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Ұлық мейрамды көпшілікпен атап өту үшін аудандық Мәдениет үйінің алаңында арнайы шара ұйымдастырылды. Аудан халқы асыға күткен айтулы күнді қарасайлықтармен бірге ауданның әкімі Жасұлан Естенов бірге қарсы алып, әз Наурызда дәріптелетін дәстүрлі бастамаларға куә болды.
Ұлыстың ұлы күні тойланған алаңда түрлі этнос өкілдерінің және қазақтың ұлттық мәдениетін паш ететін өнердің киіз үйлері құрылды. Аудан басшысы олардың әрбіріне кіріп, әдеп-ғұрып пен ата салтымыз насихатталған көріністерді тамашалады. Өнерлі жандарға ақ тілегін арнап, ыстық ықыласын білдірді.
Сондай-ақ бұл алаңда SDU университетінен бастап аудандағы колледждер мен басқа да білім беру ұйымдарының жетістіктері және қолөнершілердің, ұлттық өнім өндіруші кәсіпкерлердің жұмыстары аудан халқының назарына ұсынылды. Ауданның мақтанышына айналған аталмыш көрмені де аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы аралап көріп, істерін ерекше бағалады.
Мейрамды кең көлемде ұлықтау мақсатында алаңда «Наурызнама» шашуы атты концерт ұйымдастырылды. Мұнда аудан әкімі Жасұлан Естенов тұрғындар мен аудан қонақтарына құттықтау тілегін арнады.
– Ардақты ағайын, қадірменді аудан қонақтары! Баршаңызды елдік пен бірліктің, еңбек пен ырыстың, татулық пен түсіністіктің жайдары, жарқын мейрамы – Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы әз Наурыз қасиетті Рамазан айымен қатар келіп отыр. Мейірімділік айында халқымыз игі істерін еселеп, сауапқа кенеле берсін. Өткен жылға өкпе, келер күннен үміт көп. Дегенмен өткен жыл ауданымыз үшін табысты жыл болды. Осынау игі жолда еңбек етіп, тер төгіп жүрген баршаңызға тек жақсылық тілеймін. Ұлыстың ұлы күні құтты болып, әрбір шаңыраққа бақыт, болашаққа деген сенім әкелсін, – деп аудан басшысы көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.
Айта кетейік, аудандық Мәдениет үйінің алаңында дәл сол күні Ұлыстың ұлы күнін атап өту шарасы кешкі уақытқа дейін жалғасты. Оның барысында бұқаралық шара ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Сонымен қатар Мәдениет үйінің залында балаларға арналған «Бала.Концерт» атты бағдарлама ұсынылып, айтулы шараның соңы «Наурыз-думан» кешімен түйінделді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.