Қазақтың ұшы қиырына көз жетпейтін дархан даласының қай жерінің де өзіндік қадір-қасиеті бар. Сол сияқты еліміздің шығыс өңіріндегі Марқакөл (кейіннен Күршіммен қосылып, осы аттас аудан атанған) ауданы да табиғатының сұлулығымен,тау қойнауындағы андыздаған аңымен, өзен-көліндегі тайдай тулаған балығымен, ер көңілді адамдарының абыройлы істерімен қалың жұртқа мәлім.
Осындағы Қара Ертіс өзенінің бойындағы Қалжыр ауылынан да талай-талай белгілі азаматтар шыққан. Солардың бірі Кәбен Әмірханұлы Мәнәпов.
Негізінде Кәбен ағамыздың ата-бабасы ғұмыр кешкен, өзі шыр етіп дүниеге келген жері Зайсан ауданындағы Архат ауылы екен. Бірақ, тіршіліктің таусылмас әр алуан сын-сынағымен көтеріліп көшіп барған, яғни, өркенін жайып өнген өңірі, жоғарыда айтқанымыздай, Марқакөл.
Бүгінде жасы сексеннің үшеуіне келсе де ол кісі әлі тың. Қимыл-қозғалысы ширақ, бойын тік ұстайды, ойы орнықты, сөзі мәнді, әңгімесі әсерлі. Бұл енді мына өмірдің сандаған асуынан алқынбай өткен, басына түскен түрлі қиындыққа мойымай, тіршілігінің тура жолын жаңылмай тапқан адамға тән қасиеттің бірі болса керек. Оның үстіне Құдай қосқан қосағы Көңілашар Оқамбайқызымен бірге өзі өсіріп жеткізген балаларының қақ ортасында отырған бақытты қарияның бірі.
Кәбен аға еңбекке ерте, яғни, бес-алты жасынан араласқан ұрпақтың өкілі, өйткені, оның балалығы сонау бір күндей күркіреп өткен Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келді ғой. «Тегістік» колхозында маңдай тері төгіле ,табанын тас тіле жүріп, шал-шауқанмен, еріксіз еркектердің орнын басқан әйелдермен бірге жұмыла жұмыс істеді. Осылайша, әкесі соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен жетім болғандықтан кішкене кезінен-ақ алапат ауырлыққа төзе білді, бойына бес батпан дерліктей жүк артқан қиындықтан қашпады.
– 1954 жылы әскерге алынып, үш жыл Владивостокта болдым, – дейді кейіпкеріміз. – Жалпы, сол тұстағы әртүрлі жайсыз жағдайларға байланысты, шынымды айтсам, жеті-ақ кластық білім алдым. Бірақ, әйтеуір, бір мамандықты игеруім керек қой. Сөйтіп, әскерден соң Лениногорскіде тракторшылық курсты бітірдім. Мұнан кейін «Қалжыр» совхозының Шеңгелді бөлімшесінде табан аудармай ұзақ уақыт механик, бригадир болып еңбек еттім.
Жас шағынан әртүрлі жұмыспен шұғылданып, шымырланып ширап өскен Кәбен аға өте еңбекқор еді. Жатпай-тұрмай жұмыс істеді, ерінбей еңбек ете жүріп елге танылды, аянбай тірлік істеп әрдайым тек алдан көрінді. Мұндай ұдайы ұмтылыстың тағы бір үлкен себебі, алдында нағыз адамдық қасиетке жататын балаларды өсіру сияқты зор міндет тұр еді. Өйткені, 1959 жылы желтоқсан айында бас қосып, шаңырақ көтерген Көңілашар анамыз екеуінің күндіз-түні ойлайтыны – ұрпағын адам қылу, олардың елдің қатарынан қалмай білім алуы болатын.
– Құдайға шүкір, – дейді Кәбен аға тағы да, – екі ұл, алты қызды тәрбиелеп, өсіріп жеткіздік. Бәрі де жоғары білімді, барлығы да өмірден өз орындарын тапқан, жұмыстары, қызметтері бар. Мақтанғаным емес, түгелімен жақсы оқыды, оларды алдымен адамдыққа, адалдыққа баулыдық. Мұны мен өз ғұмырымдағы ең үлкен жетістігім деп есептеймін. Тек бір өкінерім, осы алтындай балаларымның асыл анасы, өмірлік серігім, қиындықты да, қызықты да бірге көрген зайыбым Көңілашар Оқамбайқызы осыдан жеті жыл бұрын дүние салды.
Иә, бастары ортақ жастықта түйіскен жылдары бір-біріне мықты тіреу, нағыз сүйеу бола білген екеуінің басты байлығы, шын мәнінде, ісін алға апарар, ізін жалғастырар ұғымтал ұрпағы болды.
Қалың найманның ішіндегі төртуылдан тарайтын Кәбен аға қазіргі кезде жапырағын кеңге жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің басы болуымен қатар, еліне сыйлы, жұртына құрметті ардақты ақсақал болып отыр. Асыл дініміздің ұлы ұясы Мекке мен Мәдинаға үш рет барып, мұсылмандық парызын өтеді, он жылда бір рет жұма күні Құдайдың сәтімен келтіретін жолымен Акбар қажы атанды. Кеңес өкіметі кезінде елеулі еңбегінің өтеуіндей кеудесіне бірнеше медаль тағылса, бүгінде Күршім ауданының Құрметті азаматы атағын да лайықты түрде иеленді.
Балалары мен немерелерінің барлығы да имандылық жолын берік ұстанған, бірі қалмай намаз оқиды, айналасындағыларға оңды үлгі көрсетеді, оң сөйлейді.
– Бәріне де жастайынан Алланың ақ жолымен жүріңдер, біреудің ала жібін аттамаңдар деп айтатынбыз, – дейді балалық шағынан-ақ талай шалымды шаруаның жайын жетік біліп өскен тыл еңбеккері. – Шамаларың келгенінше ел-жұртқа жақсылық жасаңдар, көпшілікке көмектесіңдер, дейтінбіз. Құдайға шүкір, ұл-қыздарым осылай оңға апарар байыпты бағытпен жүріп-тұруда.
Осындай жағымды, жақсы жағдайлар оның жүрегін көктем күніндей нұрландырып, жанын жаз шуағындай жадыратады.
Ал, енді биыл Кәбен ағаның мерейі, тіпті, өсіп отыр деуге әбден болады. Өйткені, халықаралық «Жарты ай және Жұлдыздар» (орден «Полумесяца и Звезды») орденімен марапатталды! Бұл кезінде терроризмге, нашақорлыққа және экологиялық қылмыстарға қарсы тұру жөніндегі халықаралық «INTERSAFETY» комитеті мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық наградалық одағы (UNCOPA) арқылы бекітіліпті. Орденнің басты ұраны – гуманизм мен әділеттілік үшін. Ол, сонымен қатар, жеке тұлғаның қоғамдағы биік орны мен сый-құрметіне және жалпыадамзаттық еңбегіне орай беріледі екен. Бұл орденмен наградталғандардың ішінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Татарстанның бұрынғы Президенті Минтемир Шаймиев, Шешенстан Республикасының Президенті Рамзан Қадыров және тағы басқалар бар. Осы аталғандардың өзінен-ақ көп жайды айқын аңғаруға болар.
Бүгінде Кәбен ағамыз 21 немеренің, 8 шөберенің ардақты атасы. Үлкен ұлы, белгілі кәсіпкер Бақытбек қажының жеке құрылыс фирмасы бар. Ол талай құрылысты сапалы жүргізген білікті басшы, білгір жетекші. Сондай-ақ, үнемі елдің де жағдайын ойлап жүреді. Қайырымдылық көмек көрсетеді. Көпшілікке ортақ жұмысқа белсене араласады, қажет кезінде, қай мәселеде болсын, бір жағын көтеріп те жібереді. Мәселен, 2011 жылы, мектепті күміс медальмен аяқтаған, туған ауылы Қалжырдағы бітуі кешігіңкіреп тұрған, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған саябақ құрылысының аяқталуына, осы жерден шыққан медицина ғылымының докторы Жәкенай Бижігітов екеуі, демеушілік жасап, нағыз азаматтық танытты.
Сонау кеңес өкіметі жылдарында, атап айтқанда, отызыншы жылдарда орын алған қанды оқиға, тарихта «Ақ найман қырылған» деп аталатын жерге, ұлтжанды азаматтардың ұсыныс-қолдауымен, арнайы ескерткіш белгі қоюы да елін ерекше сүйетін жанның ғана қолынан келетін іс дей аламыз!
2016 жылы Марқакөл ауылында «Марқакөл» мешітін салуы оның жанына иман нұры ұялаған үлкен жүректі азамат екенін де анық аңғартады.
Құрылыс жұмысымен шұғылданатын інісі Мұратбек те, әпке, қарындастары да қашанда игі істерімен көп көрініп жүрген ізгі ниетті жандар.
Осылардың бәрін ой елегінен өткізе келе түйгеніміз, Кәбен Әмірханұлы жоғарыда айтылған халықаралық орденге өте лайықты екен! Ол кісі ұрпағына, ең бастысы, адамгершілік тәрбие берді, оларды өзгелерді құрметтеуге, сыйлауға үйретті, имандылыққа, ізгілікке баулыды, жақсылыққа, жақсылық жасауға шақырды, ұлттық салт-дәстүрді ұстануға бейімдеді, теріс қылықтан аулақ, алыс жүргізді, адал, әділ, қайырымды, таза, тәртіпті болуға бағыттады. Ал, бұл, әрине, өте үлкен жұмыс, зор еңбек!
Бар болыңыз, балаларыңыз бен немере-шөберелеріңіздің қызық-қуанышын көріп жасай беріңіз, Кәбен аға!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.