Табиғат құбылмалы болғандықтан, оның тартуы таңғалдырып жататыны жасырын емес. Әсіресе, қазіргі қыс мезгілінде қар құрсауында қалған жолдарды дер кезінде тазалау өте маңызды. Қарасай ауданының аумағында бұл жұмыстарды ретке келтіру міндеті аудандық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiміне жүктелген.
Қарасай жерінің аумағы үлкен болғандықтан, аудан шекарасынан облыстық маңызы бар жолдардан бөлек республикалық трассалар да орналасқан. Мұндағы тасжолдың бойындағы қардың тазалануы да кезек күттірмейтін шаруа болуы тиіс.
Жоғарыда аталған бөлімнің мәліметіне сүйенсек, жалпы Қарасай ауданындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1439 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар 71 км болса, оның күтіп-ұстауына «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы жауапты. Аталмыш мекеме тиісті тасжолды қардан тазалап, көктайғаққа қарсы инертті материал себеді. Осы мақсатта олардың 9 техникасы қызмет етеді. Ал облыстық маңызы бар 253 шақырым жолдың тазалық жұмыстарын «Дизайн-центр-диполь» ЖШС атқарады. Аудан аумағындағы жолдың күтімі үшін бұл мердігер мекеменің 8 арнайы техникасы жұмылдырылған.
Қарасай ауданына келер болсақ, аудандық деңгейдегі маңызды жолдың ұзындығы 1115 км-ге тең. Осы салаға жауапты бөлімнің мәліметіне сүйенсек, қаражаттың бөлінуіне байланысты әлеуметтік маңызы бар жолдарды қамтитын 150 шақырым автожолдың қауіпсіздігіне, қардан тазалануына және қыс кезінде күтіп-ұстауына бір ғана мердігер мекеме жауапты. Ол – «Amanat Cleaning» ЖШС. Аталмыш компания тарапынан тиісті жолдарды тазалау үшін 10 техника, 20-дан астам жұмысшы, сондай-ақ көктайғаққа қарсы 100 тонна тұз, 400 тонна инертті материал қарастырылған.
Айта кетейік, аудан аумағында қысқы мерзімде жол қауіпсіздігі үшін 20 дана уақытша жол белгілері орнатылған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.