Исмаилжан Әбдіқадырұлы 1959 жылы осы ауылда туған. Сан ұлттың басын қосқан жұмысшылар кенті ол кезде Фабричный аталатын. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Қарғалы деген тарихи атауы қайтарылды. Осында ержетіп, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітірген ол туған ауылындағы мектепте ұзақ жыл ұстаздық етті. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып басталған еңбек жолы кейіннен мектеп директорының орынбасары, директоры қызметтеріне жалғасты. Білім ұясындағы жұмысын жазушылықпен ұштастыра білген дарын иесі қаламын өміріне серік етіп келеді. Ол 200-ден астам көркем және өмірбаяндық әңгіме, ертегі, жолжазба очерк, эссе, ғылыми-көпшілік мақалалар жазған. Бүгінде құрметті еңбек демалысындағы ұстаз-жазушы өзінің кезекті кітабын баспаға әзірлеу үстінде.
– Бірнеше ұлттың баласы бір сыныпта бірге оқыдық, – деп еске алады ол балалық шағын. – Біз бір-бірімізден тіл үйреніп қана қойған жоқпыз, сол ұлттардың салт-дәстүрін, мәдениетін қоса танып, бойымызға сіңірдік. Менің ата-анам қазақ тіліне өте жетік болды. Марқұм әкем Әбдіқадыр ауыл мешітінде имам еді, барлық уағызын қазақша айтатын. Ал шешем қазақ мектебін бітірген. Сондықтан маған Абайдың тілін меңгеру еш қиындық келтірген жоқ. Оның үстіне қазақ пен ұйғыр бір-біріне жақын, туысқан, түркітілдес халықтар тобына жатады. Өзім бала кезімнен үш тілде еркін сөйлеймін. Қазақстанда тұратын ұлттардың барлығы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс, – дейді белгілі ұйғыр жазушысы әрі саяхатшы Исмаилжан Иминов.
Жетісу өлкесіндегі ең алғашқы мешіт пен бірінші фабрика салынған тарихы бай Қарғалы ауылында дүниеге келген жазушы шығармаларына туған елдің табиғатын, жаны жайсаң адамдарын арқау етті. Жырақтағы Қашқар туралы да қалам тербеді. Себебі Қашқар әкесінің тарихи отаны еді. Сондықтан Қашқар тақырыбы Исмаилжанның әдебиеттегі төл мұраты, азаматтық парыздан туған қаламгерлік тағдыры десе болады. «Қарт қашқарлықтың әңгімелері» кітабы 1933-34 жылдары Қашқардағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, қуғыннан бас сауғалап жүріп қазақ топырағына келіп аман қалған әке рухына арналған.
Әкесі Әбдіқадыр тағдыр тауқыметінен елінен кетуге мәжбүр болған. Одан кейін 1934 жылы 17 жасында Қарғалыға келген. Алғашында Ферғана даласында, сосын Кавказ аймағында, одан Баку асып, ақыры кеңқолтық қазақ жеріне табан тірепті. Сүйегіне ілініп, арып-ашып әрең жетіп, Қарғалыда тұрақ тапқан ұйғырдың жас баласын жыр алыбы Жамбыл «тамыр» деп еркелетіп бауырына тартып, өзіне өкіл бала етеді. Бірақ «Әркімге өз туған жері – Мысыр шаһары» емес пе? Түгін тартса майы шығатын Жетісудың төріндегі тамылжыған ауылда үйлі-баранды болып, алаңсыз мамыражай тірлік кешсе де, әкесі өмір бойы шекараның арғы жағында қалған туған жерін аңсаумен өтіпті.
Өзінің балалық шағы туралы елжіреп айтатын әкесінің естеліктерін кішкентайынан тыңдап өсіп, әке көзіндегі мұңды, көкірегін кернеген сағынышын есінде сақтап қалған Исмаилжанның санасында бейтаныс Қашқардың бейнесі мұнартып жүріп, ақыры біржола бекіпті. Мұны әке аманаты мен өсиеті деп ұғып, көкейіне түйген ол, 1982 жылы бірінші рет Қашқар қаласына барады. Тұрфан, Қағалық, Хотан, Қашқар, Құлжа секілді ескі шаһарларды тегіс аралап шыққаннан кейін Қашқар туралы әсері мен сезімі қаламынан ағыл-тегіл төгіліп сала береді. Қашқар туралы шығармаларының жазылу сыры осы.
– Жас кезінен билікке араласқан болыс, кейін 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан қоғам қайраткері Сәт Ниязбекұлы 1886 жылы Қарғалыдағы ең алғашқы мешітті ашқан. Бірақ кейін большевиктер оны талқандап тастайды. Құдайдың үкімінсіз жеңістің жақындамайтынын білген Сталин өздері жүргізіп отырған қызыл идеология мен елдегі қатаң әскери тәртіпке қарамастан, сәл-пәл жібіп, әр жерден ішінара мешіт, шіркеу ашуға рұқсат бергенде, сол сәтті қалт жібермеген Әбдіқадыр қари Сәт салған мешітті 1943 жылы қайта ашады. Әрине, бүкіл Одақтың алдында беделі зор Жамбылдың тікелей қолдауы мен жәрдемі болмағанда, әкем бұл мешітті аша алмас еді. Қарғалыдағы мешітті қоса есептегенде, ол кезде бүкіл Қазақстан бойынша бар-жоғы 6 мешіт қана жұмыс істепті. Тар жылдарда қаншама тауқымет кешсе де, жүрегіндегі ізгілік отын өшіріп алмай, керісінше, бойындағы бар жылуын, адамгершілігін, жақсылығын Қарғалыдағы қазақтармен, орыстармен, неміс, түрік, шешен ұлтының өкілдерімен бірге бөліскен әкем өмірден озғанша осы ел-жұртқа рақмет айтумен өтті. Мен олардың арасындағы керемет достықты, сыйластықты көріп өстім. «Қарт қашқарлықтың әңгімелері» атты кітабым әкеме арнаған ескерткішім, – дейді Исмаилжан Әбдіқадырұлы.
Қаламгер бос уақытын саяхаттаумен өткізгенді ұнатады. Еліміздің өңірлеріне және шетелге жасалған бірнеше ғылыми-зерттеу экспедицияларына жетекшілік еткен. «Менің Қашқариям», «Ұлы Шоқанның керуен жолымен», «Алтышарға саяхат», «Арал: жоғалған теңіздің ізімен», «В Туве, где предков древний род…», «Азияның жүрегінде», «Қарт қашқарлықтың әңгімелері» кітаптары – өзі саяхаттаған, індете зерттеген еңбегінің жемісі. Ал «Оралу» атты кітабына ұйғыр ұлтының Ұлы Отан соғысына қатысуы мен фашистік Германияны жеңудегі ортақ жеңіске қосқан үлесі жөніндегі әңгімесі, очерктері мен мақалалары енген.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Қарғалы ауылы,
Жамбыл ауданы.