Ұлыларды белгілі бір дәуір туғызады. Осыдан 175 жыл бұрын Шыңғыстауда Абай дүниеге келсе, арада алты-жеті ай өткен соң Жамбыл тауының бөктерінде Жамбыл туды. Екеуі кейін қазақ деген ұлы халықтың екі алыбына – поэзиядағы піріне айналды. Абай мен Жамбыл екеуі әлемге қазақты танытты. Бүкіл дүние жүзі әбден мойындады, олардың поэзиясы мойындауға мәжбүр етті. Әрбір ұлы тұлға өзінше бір-бір әлем, бөлек жаратылыс! Абай мен Жамбыл екеуі де қазақ әдебиетінде алтын әріптермен қалар ғажайып құбылыс. Біреуі мынау әлемдегі алуан толқынды алып мұхит десек, екіншісі сан түрлі бедер-белгісі бар құрылық секілді. Екеуі де алып та биік, айдынды да айбынды! Абай мен Жамбыл өз замандастарының ішінде жұлдыздай жарқырап ерекше көзге түсті де ұлттық поэзиямызға екі түрлі жолмен келді. Абай жазба әдебиетімізді жаңа реалистік дәстүрде берік қалыптастырды. Ал, Жамбыл Жабаев болса – сонау атам заманнан бері халық өмірінің айнасы болған ақындық, жыршы-жыраулық өнердің саңлағы. Бұл қазақ поэзиясының дамуындағы тарихи қоғамдық негізі бар құбылыс. Жамбыл мен Абай нәрленген рухани қайнарлардың бірі – халық ауыз әдебиеті. Қос ақын өзінен бұрынғы күллі көркемдік байлықты саралап, өздеріне тағылым ала білді. М.Әуезов өзінің зерттеулерінде Абай сусындаған күллі фольклор байлығы, ауыз әдебиеті жанрларының әрқайсысына тоқталып өтеді. Мәселен, ұлы Мұқаң «Ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулатты, Бұхар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күнінен естіп, танып, жаттап өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұраларымен қатар мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс сияқты сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ, жолаушылардан көп есітеді… Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзінде оларды керекке жаратып, әңгіме арасына кірістіріп отыру шешендерге көп жайылған әдет еді. Абайға да сол парыз сияқты болған. Жас жігіт білген өнерін орнымен керегіне жаратып, келістіріп,көркейтіп сөйлейтін болды.Ел көзіне шешен болып көріне бастайды» десе, Жамбыл жайында С.Қасқабасов: «Ата-анасынан дарыған өнер, өз табиғатындағы талант, халық поэзиясы мен ауыз әдебиетінің дәстүрі, міне, осының бәрі қосыла келіп, ұлы жыршыны дүниеге әкелді, оны ауыл ақынынан қазақ еліне ғана емес, барша әлемге әйгілі жырау етті» деп, ақынның эволюциялық өсуіне ықпалын тигізген жайттарды тілге тиек етеді. Осы мысалдардан екі алыпқа ортақ сабақтастықты көреміз. Ол үндестік қос ақынның нәр алып сусындаған өзіне дейінгі руханият құндылықтары еді. Абай мен Жамбыл балалық шағынан бастап, ауыз әдебиетінің мол мұраларынан еркін сусындап, өз шығармаларында шеберлік шыңына жетіп, көркемдік тұрғысынан дамыта, өзгеге дарыта білді. Ақиқатында, туған әдебиеттің тұнық тұмасынан нәр алып, өз тағдырына темірқазық ете білген ақынның асқақ рухы тума әдебиеттің кәусар бұлағынан нәрленді. Олардың қазақ әдебиетінің сан қырлы қайнарларынан тамаша тағылым, рухани бастау алуы табиғи, заңды құбылыс еді. Халқымыздың бай әдеби қазынасы қос ақынның азаматтық жолының қалыптасуына, ақындық шеберліктерінің шыңдалуына зор ықпалын тигізген құбылыс болды. Абай мен Жамбыл нәр алған ең негізгі арна – қазақтың бай әдебиеті. Осы рухани құндылықтармен қордалана отырып, өзі де қазақ әдебиетіне жаңа леп әкеліп, жаңа тыныс қосты. Екі тұлғаның нәр алған басты, негізгі арналы өзегі халқымыздың әдеби мұрасы – қазақтың бай әдебиетінің қазынасы болып қала береді. Әуезов Абайдың төкпе ақындыққа ерте бейімделгенін анық суреттейді: «…Абай ақындығы оның жас кезінен көп мұралар қалдырмаса, сол кезде Абай ақын емес еді деу қате болады. Абай сол уақытта да ақын. Ақындығын және мол қолданған, өз өнерін күнде сынға салып, өз өнерін күнде безеп отырған ақын. Онысы және өмір құбылысына күнбе-күн, қолма-қол ұштасып отырған ақындық. Бір жағынан, жүйрік, шешен, әсем, ұтқыр сөздің ақындығы. Көбінесе қара сөзбен айтылған тапқырлық, алғырлық. Өлеңді, суырып салма айтысты Абай ойында да,шынында да көп қолданып жүрген. … « Халқымыздың сан қырлы, бай ауыз әдебиетінің көркем нышандары Абай мұраларында молынан айшықтала түседі. Жыр алыбы Жамбыл жайында: «Жәкең әрі жырау, әрі жыршы, әрі ақын. Ол өзіне дейін ертеде өмір сүрген айтулы ақындар мен жыршылардың мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгерген, игерген өз шығармашылығына арқау еткен.» деген тұжырым орынды айтылған. Өзіне дейінгі ұлттық руханиятпен сусындап өскен Жамбыл ақынның мұраларынан ауыз әдебиетінің құндылықтары айқын көрінеді. Абай да, Жамбыл да замана жайын, ондағы қоғамдық өмір құбылыстарын туындыларына арқау етіп отырған. Оған би-болыстарды сынап, мінеген арнау өлеңдері дәлел болмақ.
Жамбыл:
«Салқын келіп тоң теріс,
Сыртқа сыздап қарайсың.
Сенен басқа жоқ болыс.
Деп өзіңді санайсың…
Шарға түсер шағыңда.
Қара тер боп шабылдың
Елге сөзің жеткенше:
Жамағат деп жалындың
Салғыртыққа салындың,– десе, Абай:
Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейтіп орысын, шенді шекпен жапқанға…
Ол болдым-ақ дей берер, Бұлғақ қағып басқанға.
Елең қағып елбірер, Елертіп көзді аспанға» – дейді. Қос ақынның отты жырлары – заман келбетін, ондағы адамның болмысын көрсетер айна іспетті. Қоғам өміріндегі шындықты бүкпесіз, боямасыз сол қалпында өлеңдерінде өрнектеп, ақиқатты айтып, шығармалары арқылы оқырман қауымын жақсылыққа үндейді. Абай мен Жамбыл – ақындық мәдениеті биік, шеберліктері шыңдалған, қазақ әдебиетіне жаңаша леп әкелген кесек тұлғалар. Абай да өз лирикасының керекті жерінде кейбір қоғамдық қатынастардан белгі бере отырып, өмірге көзқарасын, таным-талғамын, идеялық бетін айқындайды. Қос ақын қоғам өміріндегі болып жатқан мәселелерді тілге тиек етіп отырған. Қазақтың данышпан ақындары Абай мен Жамбыл шығармалары ескірмейді, әр ұрпақ оны жаңаша көзқарас тұрғысынан танып, оларға өзіндік байламын айтады. Жаңа заман талабы да оқырман алдына жаңа міндеттер қоятыны сөзсіз.
Салтанат ЖАМБЫЛОВА,
Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі.