Суға шомылу маусымы басталды. Бұл суға түсу кезіндегі қауіпсіздік туралы ойлайтын уақыт. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелері жаз маусымына әзірлікке келтіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Адамдар суда қауіпті жағдайда болатын себептерінің бірі – жүзе білмеуі немес өз күштерін дұрыс бағаламауы, жеке құтқару құралдарысыз балық аулау, жабдықталмаған жерлерде суға шомылу.
«Судағы жазатайым оқиғаны болдырмау үшін тек жабдықталған шомылу орындарына бару, суға түсу үшін тұрақты орынды анықтау, өз жақындарыңыз бен достарыңыздың қауіпсіздікке көзқарастарын тексере отырып, оларға арнайы жабдықталған орындар туралы хабарлаңыз. Алысқа жүзер алдында арқаға жатып суда демалуды үйрену керек. Бір-бірінің үстіне мініп, қолдары мен аяқтарынан ұстап суда ойнауға тыйым салынады. Өзендер мен көлдерді жүзіп өтуге тырыспаңыз, себебі сіз өз күшіңізді есептей алмай қалуыңыз мүмкін»,-дейді Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Серікқан Жеңісұлы.
Былтыр жаз маусымында 179 адам судан құтқарылса, 51 адам қаза болған. Оның 13-і кәмелет жасқа толмаған балалар. Осы оқиғаның орын алмас үшін брифинг барысында «Апаттар медицинасы орталығы» ММ филиалының қызметкерлері манекенді пайдаланып, суға батқан кезде алғашқы медициналық көмек көрсетудің көрнекі көрсетілімін ұйымдастырды.