Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде отбасы құндылықтарын дәріптейтін облыстық «Мерейлі отбасы» байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шараның мақсаты – отбасында өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту. Бір шаңырақ астындағы берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру. Биыл осымен алтыншы рет ұйымдастырылып байқауға 36 отбасы қатысып, бағын сынады.
Игі шаранының шымылдығын Алматы облысының әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев ашып, дүбірлі додаға қатысушы ел ішінде құрметке бөленген, ардақты, өнегелі отбасыларға сәттілік тіледі. Тартысқа толы өткен мағынасы зор, ұлттық құндылықтарды сақтаған сайыстың жеңімпаздары анықталып марапатталды. Байқауының облыстық кезеңінде үшінші орынға үш отбасы ие болды. Олар: Еңбекшіқазақ ауданынан Әлімбековтер, Кеген ауданынан Әлдибековтер, Талғардан келген Күшбаевтар отбасылары иеленді. Ал, екінші орынға Жамбыл ауданынан қатысқан Сембиевтер, Ескелді ауданынан Қасеновтер, Алакөл ауданынан келген Зуевтер отбасылары лайық деп танылды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының бірінші дәрежелі дипломы Балқаш ауданынан Қыстаубаевтар және Кербұлақ ауданынан келген Ақбасовтар атты екі отбасыға бұйырды. Айта кетейік, шараның жалғасы республикалық деңгейде дауыс беруСМС-хабарламалар және интернет-ресурс арқылы интерактивті негізде жүзеге асады. Ендеше облыс атынан шығатын Қыстаубаевтар және Ақбасовтар отбасына сәттілік демеу болсын демекпіз.