«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру аясында Алматы облысының Ұйғыр ауданында ақсақалдар, этномәдени бірлестіктер, жастар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты — қоршаған ортаны таза ұстау, өскелең ұрпаққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Іс-шараға қатысушылар экологиялық мәселелерді шешуге және табиғатты қорғауға назар аударып, бұл болашақ ұрпақтар үшін өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасауды және табиғи ресурстарды сақтауды маңызды деп есептейді.
Шараның тақырыбы – «Тазалық – денсаулық пен сәттілік кепілі» . Іс-шараға НПО өкілдері, этномәдени бірлестіктер, ақсақалдар мен жастар белсенді түрде қатысты. Мұндай шаралар қоғамды нығайтуға және табиғатты қорғауға деген назарды арттыруға көмектеседі.
2024 жылы бастауын алған жалпыреспубликалық «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдай отырып, Ұйғыр аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсейітов сөз сөйледі. «Еліміздің болашағы жастардың қолында. Біз оларға үлгі болып, бағыт-бағдар көрсетуіміз қажет. Қазақта «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» – деген асыл сөз бар. Сондықтан бұл экологиялық бағдарламаға баршамыз белсенді ат салысуымыз қажет», — деп атап өтті Ербол Нұрсейітов.
Шара барысында қатысушылар экологияның өзекті мәселелерін, сондай-ақ бағдарлама аясындағы іс-шараларды ұлғайту жолдарын талқылады. Эко-білім беруді дамыту, сенбіліктер өткізу және аумақтарды көгалдандыру сияқты нақты қадамдар ұсынылды. Іс-шараға қатысушылар осы бастамаларға белсенді түрде қатысуға және табиғат пен қоғам игілігі үшін жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.