«Алматы-Бішкек» тас жолының 19 шақырымындағы кептеліс талай темір тұлпарды тізгіндеушілерді әбігерге салғаны белгілі. Республикалық трассаға жауапты «QazAvtoJol» ҰК-ның Алматы облыстық филиалы аталған мәселені назарға алып, қазіргі уақытта жолды кеңейтуге қатысты жұмыстарды қолға алуда. Осы мақсатта компания тарапынан республикалық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеуге қатысты жобалау-сметалық құжаттамасының техникалық шешімдері бойынша ашық түрде алдын ала қоғамдық тыңдаулар өткізді. Солардың бірі күні кеше Қаскелең қаласында ұйымдастырылды.
Айта кетейік, тұрғындардың пікірі ескерілетін мұндай жиындар Іргелі, Жалпақсай, Алмалыбақ, Әйтей, Долан, Құмтоған, Райымбек ауылдарында да өткен еді.
Қаскелеңде өткен қоғамдық тыңдауға тас жолды қадағалаушы «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Абзал Ақжолов, аталған филиалдың бөлім басшысы Жанат Өтепбергенов, күрделі жөндеудің бас жолаушысы – «Каздорпроект» ЖШС-нің өкілдері және бірнеше тұрғын қатысты.
Жиын барысында алдымен «Көкпек, Көктал, Қайнар арқылы ӨР шекарасы (Ташкентке)-Шымкент-Тараз-Алматы-Хоргос» А-2» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 19-27 шақырым телімін күрделі жөндеу» жобасы түсіндірілді.
Өз кезегінде қала тұрғындары жоба жұмысына пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ «Naqty.kz» желілік басылымы арқылы тікелей эфир барысында оқырмандардың тарапынан да сұрақтар қойылды. Мәселен, жолды кеңейту кезінде трассаның бойындағы ағаштардың кесілуіне тұрғындар алаңдаушылық білдірсе, енді бірі жолды кеңейту жұмысының аяқталу мерзімін сұрады. Аталған сауалдарға «QazAvtoJol» ҰК-ның өкілдері жан-жақты жауап берді. Айтуларынша, жол жиегіндегі ағаштар кесілгенімен, оның орнына басқасы егіледі. Бірақ бұл бастамалар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе шешіледі. Ал құрылыс жұмыстарының бітуі нақты белгісіз. Өйткені алдымен аталған жобаның жай-жапсары әлі пысықталып, бекітілуі тиіс. Ол үшін жоғарыда атап өткендей, қоғамдық тыңдаулар арқылы көпшіліктің пікірі ескеріледі. Алайда аталған жоба өте өзекті болғандықтан, осы жылдың күз айларында нақтыланады.
Жобаның маңыздылығы жоғары. Сондықтан оны жүзеге асыру кезінде әрбір мәселе ескерілуі тиіс. Бұл жайында «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-ның Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Жанат Өтепбергенов түсіндірді.
– Бұл жобаның басты мақсаты – «Алматы-Бішкек» тас жолының 19-27 шақырымындағы көліктердің кептелісін азайту. Себебі Қарасай мен Жамбыл аудандарынан Алматы қаласына жұмыс бабымен немесе оқуға қатынайтын тұрғындар көп.
Статистикаға сүйенсек, тәулігіне 70-80 мыңдай көлік осы жолдың бойымен жүреді екен. Сондықтан аталған жолдың бөлігін төрт жолақтан сегізге кеңейту жоспарда бар. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамасы техникалық шешімдері талқылануда. Сол үшін осындай қоғамдық тыңдаулар өткізіп, тұрғындардың ұсыныстарын, сын-пікірін ескерудеміз. Жұртшылықтың көп қоятын сұрағы – «жолдың құрылысы қашан бітеді?». Оны біз нақты айта алмаймыз. Өйткені жолды кеңейту барысында оған қатысты жер телімдерінің иелерімен келіссөз жүргізу қиынға соғады. Егер ол жағы жергілікті атқарушы органның атсалысуымен тез шешілсе, онда құрылыстың аяқталуы ұзаққа созылмайды. Ал жобаның нақты бекітілуін осы жылдың күз айына жоспарлап отырмыз, – деп түсіндірді Ж.Өтепбергенов.
Күрделі жөндеудің бас жолаушысы – «Каздорпроект» ЖШС-нің ақпаратына сүйенсек, жолды кеңейту кезінде елді мекендердің маңайында таға типті бірнеше айналмалы жол айрықтары, 10-нан астам жер үсті өткелдері салыну ескеріледі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.