«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Қарасай ауданы үшін шынымен жайлы болып тұрғандай. Өйткені аудан тарихында алғаш рет 10 мектептің салынуы бірден жоспарланып, оның 8-і дәл осы жылы қолданысқа берілгелі тұр.
Өткен апта жоғарыда аталған жоба аясында Долан ауылындағы мектептің салынып жатқанын жеткізген едік. Осы жолы біз Алмалыбақ ауылындағы білім ошағының құрылыс алаңына барып, қазіргі жай-күйімен таныстық.
Байқағанымыздай ғимараттың іргетасы толық қаланған. Жұмысшылардың қарасы да аз емес. Учаске бастығының нұсқаулығымен құрылыс алаңының рұқсат етілген «жасыл» алаңында жүріп, керекті ақпаратымызды алдық.
Нысанның төлқұжатындағы деректерге сүйенсек, бұл білім шаңырағы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Сондай-ақ осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек. 3 га жер теліміне салынып жатқан нысанның тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Ал мердігер мекеме ретінде «BI Global» компаниясы көрсетілген. Мектеп 1500 оқушыға арналған.
Ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның өкілі, техникалық қадағалаудың сарапшы маманы Ерлік Ержанұлымен тілдескен едік. Оның айтуынша, құрылыс барысы ойдағыдай, жоспарлы түрде жүргізілуде, мерзім жағынан кешігу байқалмайды. Сондай-ақ ол «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысты ойымен де бөлісті.
– Президенттің тапсырмасымен іске асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы өте ұтымды бастама деп айтуға болады. Тіпті, тәуелсіздік алғалы мұндай ауқымды жоба болмааған. Өйткені мұнда оқушының білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мектеп біткен кезде әрбір кабинет жиһаздармен және басқа да керекті құрал-жабдықтармен жабдықталады. Жұмыс барысы қазір ойдағыдай атқарылуда. Мерзімнен қалыс жоқ. Сондықтан осы жылдың желтоқсан айында мектепті толық қолданысқа береміз деген жоспар бар, – деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның өкілі Ерлік Ержанұлы.
Құрылыс алаңында қазіргі уақытта 90 адам өз міндеттерін атқаруда. Жұмыс қарқынына байланысты мамандардың да, техниканың да саны бірде азайып, бірде артып отырады екен.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.