Жуырда облыстық «Тіл оқу-әдістемелік орталығы» Қарасай аудандық филиалында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болды. Аталған бас қосуды ашқан кеңес төрағасы Жанат Исағұлов алдымен күн тәртібімен таныстырды.
Мұнан кейін облыстық «Тіл оқу-әдістемелік орталығы» Қарасай аудандық филиалының меңгерушісі Жанар Оразалиева өздерінің атқарып жатқан жұмыстары жайында жан-жақты әрі кеңінен баяндап берді.
– Филиалымыз 2016 жылы құрылған, – деді атап айтқанда Жанар Өмірзаққызы. – Содан бері мемлекеттік тілдің тынысын ашып, өрісін кеңейту жолында тынбай еңбектеніп келеміз. Негізінен ауданда тұратын басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретумен айналысамыз. Олардың басым көпшілігі бұл іске үлкен ынтамен қатысып, тілді меңгеруде өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Филиалымыз бен ондағы тіл үйренушілер аудандағы әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға да белсене қатысып отырады. Осы саладағы жақсы жұмыстарымыз үшін үнемі облыс бойынша алдыңғы лектен көрініп жүрміз.
Қаралған мәселе бойынша кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, Сағат Мәсімақынов, Ұлтусын Бархинова, Күлжан Дүйсенова, Сағындық Жылқыбаев, Тұрғанбек Оразалиев сөйлеп, филиал жұмысына ризашылық білдірді, алайда алда да мемлекеттік тілдің мән-маңызын ескере отырып, бұл бағыттағы істі одан әрі жетілдіре түсуге қатысты ұсыныс-тілектерін айтты. Несіпбала Әбілдаева филиалдың аудандық «Қазақ тілі» қоғамымен байланысы жөнінде сұрап, оған қанағаттанарлық жауап алды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Қаскелең қаласының санитарлық тазалық жағдайы, қоқыс шығаратын мекемелер жұмыстарының сапасы туралы» кеңес мүшелері қала әкімі Асқар Мұқашевтің есебін тыңдады.
Қала басшысы осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстары жайында айтып, істі ілгерілетуге байланысты алдағы жоспар-жобаларымен де бөлісті.
– Тазалық жөнінде сын көп, оны қабылдаймыз. Қоқысты жинап алып кетуден де кемшіліктер кездесуде, – деді өз сөзінде Асқар Өкенұлы. – Әрине, оның әртүрлі себептері бар. Қала үлкейіп келеді, халық саны жедел артуда. Оның да әсерін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жұмыс істейміз, алда барлығын жақсартуға күш саламыз.
Қала әкімі, сонымен қатар қоқыс жинау жұмысына жаңа тендер жарияланғанын, қаланы осы орайда үш бөлікке бөлу мақсаты бар екенін баяндады. Кеңес мүшелерінің көптеген сұрақтарына жауап қайтарды. Сол сияқты кеңес мүшелері осы жиынға қатысып, сөйлеген «Тазалық» ЖШС-нің басшысы Болат Батырбайұлына да бірқатар сауал қойып, олардың жұмысының да жай-жапсарына үңілді.
– Жұмысқа ең алдымен жауапкершілік, сапа керек, – деді бірінші болып сөз алған Бекжан Сүнбеков. – Қандай істі де бірлесіп, ұйымшылдықпен атқарған жөн. Осы жағына жете көңіл бөліңіздер. Халық та осыны талап етеді.
Ал Несіпбала Әбділдаева көше жарығы, қураған ағаштарды кесу, қаңғыбас иттер туралы, Тұрғанбек Оразалиев аялдамаларды, олардың маңайын ретке келтіру жайында айтса, Ұлтусын Бархинова халық үніне жіті құлақ асу қажеттігіне, Сағат Мәсімақынов, Сағындық Жылқыбаев, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов тазалық жұмысында да бірлескен істің берекелі болатынына баса назар аударды. Сол сияқты Серік Расмұхамет те өз пікірін білдірді.
Келесі кезекте «Райымбек ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары туралы» аталған округ әкімі Жандос Базарбаев хабарлама жасап, ондағы істің жайын жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар проблемаларына да тоқталды.
Жалпы, осы жерде Жандос Мұратбекұлының жұмысын жетік білетіні, жауапкершілігі мол басшы екені анық байқалды. Оны өз сөздерінде кеңес мүшелері де атап өтті. Сағат Мәсімақынов округтегі ауыз су жайында сұраса, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов және Бекжан Сүнбеков, Несіпбала Әбділдаева, Тұрғанбек Оразалиев, Ұлтусын Бархинова, Сағындық Жылқыбаев, Серік Расмұхамет ой-пікірлерін ортаға салды, ұсыныстарын жеткізді.
Отырыста, сондай-ақ аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаева «Қарасай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» шешімнің жобасын ұсынып, ол мақұлданды.
Ең соңында Жанат Молдағұлұлы қаралған істер бойынша белсенділік көрсеткен кеңес мүшелеріне ризашылық білдіріп, өткен жиындарда сөз болған, ұсынылған мәселелердің орындалу барысы жайында хабардар етті.
Отырыста талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.