Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды.
…Ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту – маңызды міндетіміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
ҚР Президенті.
Мемлекет басшы-сының биылғы Жолдау аясында осы бір бағыты айқын тапсырмасы барлығымызға – ортақ жауапты іс. Елдің экологиялық дамуына бір кісідей атсалыссақ, жаһандық проблеманың шешілуіне қосқан үлесіміз болып табылады.
Күнделікті тіршілігімізде тұрмыстық қалдықтарды қоқыс ретінде көріп, оларды керексіз заттардай тастайтынымыз жасырын емес. Ал, олардың жарамсыздығы қоршаған ортаға зиян әкелетінін де ұмытпаған жөн. Неге десеңіздер, қарапайым пластмассалық бұйымдар табиғатта 100 жылдан 200 жылға дейін өздігінен жойылып кетпейді. Дәл сол сияқты шайнап тастай салатын сағыздың өзі топырақта 30 жылға дейін сақталса, ескі аяқ киім 10 жыл, балалардың бір реттік жөргектері мен басқа гигиеналық заттар 500 жыл шірімей жата береді. Әрине, мұндай тізімді жіктеп жалғастыра беруге болады. Бұл әлемдік ғалымдардың зерттеулері нәтижесінде шыққан деректер. Олардың пайымдауынша, бұлар адамдардың денсаулығына теріс әсерін тигізіп, қауіп төндіреді.
Жоғарыда айтқан зиянды әсерлерден құтылудың ең тиімді жолы – қайта өңдеу технологиясы. Дамыған мемлекеттердің біразы бұл әдіс арқылы өз елінің экологиясына да, экономикасына да пайдасын тигізуде. Өйткені, қалдық заттар қайта өңделудің нәтижесінде шикізатқа айналады және оны іске асыру кезінде энергияның да аз жұмсалатынын ескеру қажет.
Тиімді технологияны алдымен қарапайым іс-әрекеттен бастаған дұрыс. Мәселен, жай ғана пластмассалық заттарды басқа қоқыс қалдықтарымен араластырмай, бөлек іріктеп жинаған жөн.
Елімізде қайта өңделуге жарайтын қоқыс қалдықтарымен айналысатын өндіріс орындары көп болмаса да, жүйелі ісін жалғастырып, оны көпшілікке ұсынып келе жатқандар бар. Олардың ішінде жылдан-жылға жұмысын жандандырып келе жатқан «TAZAQALA BETAPLAST» ЖШС-ін ерекше айтуға болады.
2016 жылы құрылған компанияның негізгі мақсаты – табиғатқа залалын келтіретін заттарды қайта өңдеу. Бүгінде олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Тараз, Талдықорған сияқты ірі қалалардағы қоқыс қалдықтарын өңдеумен айналысуда. Бұлардың қатарына аудан орталығы – Қаскелеңді де жатқызуға болады.
Бүгінде қаламызда олардың пластиктерге, шыны ыдыстарға, алюминий металға, макулатураға, полиэтилен пакеттерге арналған дүңгіршектері бар. Олар қалдықтарды сұрыптап, белгілі бір бағада қабылдайды. Бұл айтылғандардан бөлек, тұрғындардың пайдасы үшін қала ішіндегі бірқатар көшенің бойында пластикалық бөтелкелерге арналған қоқыс жәшіктері де орналасқан.
Қоршаған ортаны зиянды әсерлерден қорғау үшін осындай қолымыздан келетін ең қарапайым амалдардан бастаған дұрыс шығар. Иә, тіршілік жалғасқан кезеңде қоқыс таусылмайтыны айтпасақ та белгілі. Ойланып қарасақ, оңай технология керексіз қалдықтарды екінші рет қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан қайта өңдеуге болатын қалдықтарға қоқыс ретінде қарамай, пайдамызға жаратуға болатынын ұмытпайық!
Атлана ИСАЕВА,
бас редактор.