Жуырда М.Мәметова атындағы орта мектепте қазақтың біртуар тұлғасы, халқымыздың ақын-сазгері, ҚР-на еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың 134 жылдығына орай, «Алатаудың ақиық ақыны – Кенен Әзірбаев» атты әдеби-сазды кеш өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында болған іс-шараның мақсаты қазақ сөз өнері мен музыкасына елеулі үлес қосқан ақынның шығармашылығын жас ұрпаққа таныстыру, эстетикалық тәрбие беру еді.
Жиынға Төрткен Кененқызы, Баян Кенен немересі (Төрткеннің қызы), Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Е.Егеубек, бас мамандары Н.Жолдасбек, С.Мамутов, Райымбек ауылындағы К.Әзірбаев орта мектебінің кітапхана меңгерушісі қатысты. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Дүйсенғалиева және қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдістеме бірлестігі шараның өтуіне атсалысып, Іргелі мәдениет үйінің директоры А.Тотымбаева жүргізді.
Кеш барысында алдымен Төрткен Кененқызы сөз алып, өзінің әкесі Кененнен қалған мол мұраны насихаттаушы, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оның шығармаларын құрастырушы, ұстаз, ана екендігін баяндап берді. Сондай-ақ, қызы Баян екеуі өзінің шығарған «Сырласу» әнін орындады.
Сонымен қатар, оқушылар Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы – «Айтыстары», «Арнау өлеңдері», «Лирикалық және тарихи өлеңдері», «Толғауларынан» үзінділер оқып, алтын қорда сақталған бейнежазбалары да тамашаланды. Ал, республикалық «Ғұмырдария» ән байқауының лауреаты, 10- сынып оқушысы Гүлсім Файзуллаева Кенен атамыздың «Шырқа, даусым» әнін тамылжыта орындап, көрермендердің көңілінен шықты. Сегізінші сынып оқушысы Р.Рахымбаев «Көкшолақ», «Қаскелең» үштігі, «Ой жайлау» әндерін нақышына келтіріп орындап шықты. Сол сияқты сегізінші сынып оқушысы О.Ежженхан Есбайдың «Бөгелек» күйін орындады.
Жиын соңында сөз алған мектеп директоры Г.Рахымбаева осы әдеби-сазды кеш барысында қазақ халқының артына мол мұра қалдырған Кененнің өмірі мен өлеңдері қазақ елі әдебиетінің үздік үлгісі ретінде қала бермектігін тілге тиек етті.Сондай-ақ, мектеп ұжымы атынан Төрткен апамызға жақсы тілектер білдіріліп, сый-сияпат жасады. Ал, Төрткен апа өз кезегінде өзінің авторлық кітабы мен ноталар жинағын тарту етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.