«Қазақстан барысы» атағына белдесетін республикалық турнирге жолдама алу үшін Қарасай жерінде Алматы облысының балуандары белдесті. «Алатау арланы» деп аталатын облыстық іріктеу жарысы Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде өтті.
Спорттық шараға құрметті қонақтар арнайы қатысып, жарыс алдында сөз сөйледі. Алдымен Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Ерлан Жакупов сөз сөйлеп, қазақ күресін серік еткен саңлақтарға сәттілік тіледі.
– Қазақ күресі – тек қана спорт емес. Бұл қазақ халқының парасат-пайымын, психологиясын, дүниетанымын айшықтайтын ұлттық құндылығымыз болып табылады. Оны дамытуды, сақтауды, дәріптеуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назарға алған. Сол бағытта түрлі жұмыстар атқарылуда. Соның бір бағыты – спорт түріне жататын қазақ күресі. Айтулы турнир өскелең ұрпақты саламатты етіп тәрбиелеу үшін маңызды. Сондықтан жарыс қатысушыларына жақсы өнер көрсетуін тілеймін, – деді Ерлан Жакупұлы.
Осындай ізгі тілектен кейін Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, Алматы облысының «Бөрі» қазақ күрес федерациясының президенті Айнұр Жұмаш сияқты меймандар құттықтау легін жеткізді.
Айтулы додаға 28 спортшы қатысты. Олардың барлығы – өз аудандарында үздік үштіктен көрінген спортшылар. Алыптардың әрбірі боз кілемде жарыс көркін қыздыра түсті. Балуандардың арасында жас бойынша айырмашылықтар болды. Мәселен, осы турнирге ең жас күрескер ретінде 2005 жылғы Іле ауданының спортшысы Ерасыл Нұртаза қатысты. Одан бөлек 34 жастағы бірнеше азамат та болды.Ал Қарасай халқының аманатын арқалап жарыс жолына үш азамат шықты. Олар – Қазақ күресінен ҚР спорт шеберлері Дамир Уалиев, Орынбасар Абдрахман, Өріс Адибай.
Бірнеше сағатқа созылған белдесудің нәтижесіне келер болсақ, турнирді облыстық іріктеудің былтырғы чемпионы, Қонаев қаласының балуаны Мәди Еділбаев жеңіп алды. Оған «Алатау арланы» деген алтын белдік тағылып, 5 млн теңгенің жүлде қоры табысталды. Енді ол шілде айында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде бақ сынап, Алматы облысының намысын қорғайды.
Ал Мәди Еділбаевпен ақтық сында белдескен жерлесіміз Өріс Адибан күміс жүлдеге ие болды. Оған жарыстың жүлде қоры 1 миллион теңге бұйырды. Үздік үштіктен көрінген «Жамбыл арланы» деген лақап атпен танылған Жамбыл ауданының балуаны Жәнібек Дүйсенбаевқа 500 мың теңгенің сыйақысы табыс етілді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.