Елдік пен татулықтың туын көтерген, бүгінде ел мен жердің төрі атанған, киелі Сарыарқаның сайын даласына керегесін кең жайған Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласына 21 жыл толды. Осыған орай кеше «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының ғимаратында, Қазақстан Республикасы Президентіне кандидат болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау науқанын ұйымдастыруға және өткізуге елеулі үлес қосқан партияның белсенді мүшелеріне Мемлекет басшысының атынан Алғыс хаттар табысталды.
Марапаттау рәсіміне ауданымыздың белсенді азаматтары, партия ардагерлері мен мүшелері, аудандық мәслихаттың депутаттары мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысты.
Алқалы жиынды алғы сөзбен ашқан аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы мен Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбенқызы жиналған қауымды алдымен Еуразия кіндігінде орналасып, бүгінде жас мемлекетімізді әлемге әйгілі еткен, алпауыт елдермен тереземізді тең еткен Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласының туған күнімен құттықтады. Сондай-ақ, маусым айындағы саяси науқан кезінде күн демей, түн демей тынымсыз еңбек етіп, «Nur Otan» партиясы атынан түскен кандидаттың жоғары нәтиже көрсетуіне үлес қосқан штаб мүшелеріне алғыстарын айтты. Мұнан кейін сайлау аясында жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқандары үшін 11 адамға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаеветың Алғыс хаты табысталды.
Бұдан кейін білімділігі мен біліктілігінің арқасында көзге түскен жастарды партия қатарына қабылдау рәсімі өтіп, оларға партия билеттері тапсырылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.