Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептеуір салмақ түсіретіне анық. Ал, отбасында бірнеше бала болса ше? Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жеткіншектер бар. Оларға да көпшілк болып көмек көрсету – игілікті іс. Осыған орай, жыл сайын елімізде «Мектепке жол» атты республикалық акциясы өткізіліп келеді. Сонау 2007 жылдан бастау алған қайырымдылық шарасы биыл елімізде «Жүректен жүрекке» ұранымен өтіп жатыр.
Елбасының бастамасымен қолға алынып, республика көлемінде өтетін жыл сайынғы қайырымдылық акциясының мақсаты – жомарт жандардың қолдауымен жиналған қомақты қаражат арқылы жаңа оқу жылының қарсаңында көп балалы, жетім, жартылай жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқор болып, олардың әлеуметтік себептер салдарынан мектепке бара алмауынан алдын алып,балаларына оқу құралдары, кеңсе тауарлары мен мектеп формаларымен қамтамасыз ету.
Қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын республикалық «Мектепке жол» акциясы біздің ауданда да белсенді түрде өтуде. Осы аптаның сәрсенбі күні аудандық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен аудандық орталық кітапханада «Мектепке жол» акциясы өткізілді. Жылдағы үрдіске айналған игі шара барысында аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сағындық Жылқыбаев алдымен жиналғандарды мұсылман халқының қасиетті мерекесі Құрбан айтпен құттықтады. Сондай-ақ, ол ата-аналар мен балаларды басталуына аз уақыт қалған жаңа оқу жылымен құттықтап, оқушыларға сәттілік тіледі. Қайырымдылық шара барысында әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасынан шыққан 20 балаға іші мектепке қажет оқу құрал-жабдықтарға толы сөмкелер берілді.
Шара соңында ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп: «Әрбір істеген игі амалдарыңыз сауапқа толы болғай!» деп ақ тілектерін жаудырды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.