Қарасай жері – белгілі тұлғаларымен танымал өлке. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек бұл ауданда есімдері тарихта таңбаланған біраз ақындар мен батырлар дүниеге келген.
Осындай атақты адамдарымен ерекшеленетін қасиетті өлкенің абыройын бүгінгі таңда басқа да талантты жандар асқақ етуде. Олардың көбісін бірі білсе, бірі біле бермес. Дегенмен, жұлдызды қарасайлықтардың елеулі еңбектері түрлі басылымдарда жарияланып, әрбірінің есімдерімен бірге біздің ауданның аты да қосымша аталып келеді.
Газетіміздің биылғы соңғы санында өткен жылы Қарасай жерін жалпақ жұртқа танытқан, атқарған істерімен көзге түскен бірқатар жерлестеріміз жайлы қысқаша мәлімет беруді жөн санадық.
Айшолпан Нұрғайып
Әлем бойынша ең жас құсбегі атанған отандасымыз бүгінгі таңда ауданымызда орналасқан Сулейман Демирель университетінде білім алады. Моңғолия елінде дүние келіп, сол жерде өскен қандасымыз 2020 жылы СДУ-дің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түскен. Айшолпан еліміздегі барлық университетті зерделей келе, Қарасай жерінде орналасқан оқу ордасына түсуді өзі қалаған. Тіпті, оған дүние жүзіне әйгілі Гарвард және Оксфорд сияқты жоғары оқу орындары ұсыныс білдірген. Алайда, жерлесіміз атажұртқа оралғанын мақтан етіп, атамекеннен алыстамауды жөн санайды. Ол бұл таңдауына еш өкінбейді. Өйткені, СДУ оның уақытын тиімді пайдалануға үйреткен.
Айшолпан Нұрғайып 8 жасынан бастап бүркітші-қыз атанған. Әкесі мен ағасының айналысқан құсбегілігіне қызығып, дәл осы дәстүрді жалғауды жөн санапты. Ресми БАҚ өкілдерінің мәлімдеуінше, 2014 жылы ағылшынның «Daily Mail» басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанның есімін жер-жаһанға танымал еткен еді. Осыдан кейін режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntres) атты деректі фильм түсірді. Бұл туында «Оскар» сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына енді. Сонымен қатар, «Google» іздеу жүйесінің ақпаратына сенсек, бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы ХХІ ғасырда қазақты әлемге әйгілі еткен 5 адамның бірі.
Әбілқайыр Жұмабай
Қарасайлық жас әнші биыл «Junior Eurovision – 2021» халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеуіне өтіп, еліміз бойынша әншілер арасында үздік ондықтың қатарына енді.
Қаскелеңдік өнерпаз аталмыш байқауда елдің атынан өнер көрсету үшін бақ сынап, ағымдағы жылдың 6 қарашасында «Хабар» телеарнасында тікелей эфирінде ән шырқады. Әбілқайырға сол кезде SMS хабарлама арқылы дауыс берілді. Нәтижесі бойынша сәл ғана басымдықпен өз қатарластарына жол беріп, Парижге баратын жолдаманы қанжығасына байлай алмады. Дегенмен, оның осы жетістігін мақтанышпен айта аламыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас өнерпаздардың арасынан дара шығып, үздік ондыққа енудің өзі жеңіс деп білеміз.
Әбілқайыр Жұмабай 2010 жылы Қаскелең қаласында дүниеге келген. 4 жасынан бастап талай жастың өнер жолын ашып жүрген «Қалбибі өнер студиясында» білім алуда. 5 жасында мектеп табалдырығын аттап, түрлі байқаулардың тұрақты және белсенді қатысушысы атанып жүр. Жүлделі орындары да жетерлік. Атап айтқанда, «Ақ көгершін», «Жетісу жұлдыздары», «Ғұмырдария», «Если хочешь стать звездой», «IQ-Star», «Тұран дауысы», «Бозторғай», «Славянский базар» және тағы басқа конкурстарға белсенді қатысып, талай жүлдегер атанған.
Ильяс Юсупжанов
19 жасар алматылық – Сулейман Демирель университетінің 2 курс студенті. Өзі білім алып жүрсе де адамдарға шешендік және жазушылық өнерді үйретуде. Неге десеңіздер, оның осы бағытта жеткен жетістігі ауыз толтырып айтуға тұрарлық дүние.
Біз мақтан еткен Ильяс «Психология және мотивация» жанрларының ең жас жазушысы ретінде үш рет, «Элегия және жолдау» жанрларының ең жас ақыны, сонымен қатар, шынайы оқиғаларға негізделіп жазылған өлеңнің ең жас авторы ретінде Қазақстанның рекордтар кітабының автор-рекордшысы атанған.
2009 жылы, яғни, 17 жасында өмір жайлы философиялық ой-толғамы бар «Өмір менің көзіммен» атты алғашқы мотивациялық кітап және «Түнгі симфония» деп аталатын поэзия жанрында екінші кітап жазған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.