«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалықты жанына серік еткен қаскелеңдік жастар, өткен аптаның сенбісі күні қала әкімі Асқар Мұқашевпен бірге, ауқымды сенбілік ұйымдастырып, тазалау және көріктендіру жұмыстарын жүргізді.
Аталмыш сенбілік негізінен ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласының мерекесіне орай ұйымдастырылған болатын. «Көрікті қала – Қаскелең» атты қаламызды абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталған тазалау жұмыстары барысында қала әкімі мен 30-дан астам еріктілер қаскелеңдіктердің жиі демалатын «Ақсай» шатқалының аумағы мен Қаскелең өзенінің жағасын тазалады.
– «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, қаламыздың тазалығы ең бірінші өзімізден басталады. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілуінің деңгейі, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіші. Қаламызды таза ұстау ең алдымен өзімізге қажет екенін ұмытпауымыз қажет. Осыған орай біз қаламыздың мерейтойын ерекше атап өтіп,тұрғындарымызды өздерінің тұрып жатқан жерлерін аялап ұстауға шақыру мақсатында сенбілік ұйымдастыруды жөн көрдік. Егер де әрбір азамат өз санасында жоғарыда халқымыз айтып өткен нақыл сөзді ұстаса, ауданымыз көркейіп, гүлдене түсері сөзсіз, – деді қала әкімі Асқар Өкенұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, қала көлеміндегі қызу тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысты. Әрбір ұжым бөлінген аумақтарды реттеді. Сонымен қатар, қала тұрғындары да сүйікті де көрікті қаламыздың абаттандыру ісіне өз үлестерін қосты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.