Халық табысының артуы әрине, күнкөріс деңгейіне әсер ететіні белгілі. Табыс дегенде алдымен еңбеккерлердің жалақы мөлшері ойға еріксіз оралады. Ал, нарықтық заманда қалталы болу ақшаға деген тәуелділікті жеңілдетіп, тұрмыс сапасын жақсартуға септігі мол екенін аңғарамыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің орнықты дамуын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Қашанда ұтымды ойлар мен жаңғыру жолында басымды бастамаларды да ұсынып келеді. Соның бір дәлелі ретінде соңғы Жолдауын тілге тиек етсек болады. Оның «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп айрықша аталуы да тегін емес. Мемлекет басшысы бұл Жолдауды халыққа арнау барысында елдің әл-ауқатының өсуі басты міндет екенін нақты айтты. Соның ішінде алдымен, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни, 28 мыңнан 42,5 мыңға дейін өсіруді Үкіметке тапсырған еді. Аталған міндеттеме өз күшіне еніп, қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып келеді.
Президенттің жалақыға байланысты тапсырмасы ағымдағы жылдың алғашқы айынан бастап біздің ауданда да іске асуда. Көбінесе білім саласындағы қызметкерлер еңбекақыларына көңілдері көншімей жүретін еді, енді міне, табыстарының көлемі ұлғайып жатыр. Аудан бойынша мемлекетке қарасты 52 мектеп пен 10 балабақша болса, сонда жұмыс атқаратын барлық қызметкерлердің жалақы деңгейі едәуір өсті. Аудандық білім бөлімінің мәлімдеуінше, аталған білім ордаларында 42,5 мыңнан төмен алып жүргендер жоқ. Олардың қатарына жататындар: мұғалімдер, тәрбиешілер, бала күтушілер, күзетшілер, еден жуушылар және т.б. қызметкерлер. Бұлардың әрқайсысының айлық табысы өсіп, бүгінгі таңда тұрақты жалақылары 42,5 мыңнан аз емес.
Елбасымыз бұл жалақының өсу деңгейін ірі компаниялардың басшылары да назардан тыс қалдырмас деп сенім білдірген болатын. Соған байланысты ауданымыз бойынша бірнеше жеке-меншік кәсіпорындарда және өндіріс орындарында қызмет етушілердің табысы біршама артты. Бұл айтылғандардан бөлек, еліміздегі бюджеттік мекемелерде еңбек етушілердің де табыс мөлшерінің өсуі қарастырылған. Ол жайында Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің сайтындағы мәліметке сүйенсек, былай делінген: «Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35%-ға өседі».
Елімізге орасан еңбек етуші жандардың табыс мөлшері осылайша кезең-кезеңімен артып келеді. Оның бәрі халықтың әл-ауқатының тұрмыс-тіршілік сапасының жақсаруына тікелей байланысты деп топшыласақ артық етпес.
Дидар МУХАМАДИЕВ.