Солардың бірі ретінде Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Жалпақсай ауылында орналасқан «Агропарк Оңтүстік» жауапкершілігі шектеулі серіктестікті айтуға болады. Аталмыш шаруашылықтың иелігінде 2500 гектар жер болса, оның 1630 гектары көктемгі егіс алқаптарына арналып отыр. Нақтырақ айтқанда, ҚР ауылшаруашылық министрлігінің тікелей тапсырмасына сәйкес, осы мезгілде түрлі дәнді дақылдарды егуді жоспарлауда. Оның ішінде 800 га бұршақ тұқымдас өсімдіктер, 200 га жүгері, 120 га мал азығы болып табылатын жоңышқа және қалған жерлерге арпа, бидай сияқты күздік дақылдардың тұқымдары да себіледі.
Жалпы, мұндай шаруашылықтың иелігіндегі ауқымы кең жерге көктемдік, күздік дала жұмыстарын жүргізіп, мол өнім өндіру үшін басшылықтың да біліктілігін айтпасқа болмас. Бұл ретте әрине, «Агропарк Оңтүстік» ЖШС-нің бас директоры, белгілі ғалым, академик Абай Сағитовтың де басшылық қызметі орасан зор. Ал, бас директордың сенімді оң қолы, әрі орынбасары болып табылатын Жанболат Алишеров егін науқанының үнемі басы-қасында жүретін мықты маман десек те болады. Оның айтуынша, шаруашылық қашанда жоғары, әрі сапалы түрде өнім алуға жұмыс істейді және ол үшін шетелдік шаруашылықтармен де жиі тәжірибе алмасу болып жататынын да айтты.
– Біз тәжірибелік шаруашылық болғандықтан, үнемі өндіретін өнімнің сапасына көп мән береміз. Сол үшін Аргентина, Италия, Франция сияқты елдермен өзара тәжірибе алмасып, технологияларды сараптап, ерекше сорттар болса, өзіміздің жерімізде өндіріп, сараптап көреміз, – дейді бас директордың орынбасары өз ойын жалғап. –Науқан кезінде тиесілі жердің 70-80 га-на супер элиталы тұқым егуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жұмыс барысында жердің құнарлылығын да жіті қадағалап отырамыз. Ол үшін агрохимиялық зерттеу институттарының нұсқаулығына көп құлақ асамыз. Мәселен, топырақта калий, кальций, азот сияқты химиялық элементтердің қандай мөлшерде жетіспеушілігі өте маңызды біз үшін.
Осы егіс алқаптарында жалпы бүгінгі таңда 90 білікті жұмысшы еңбек етіп, асқан жауапкершілікпен жұмыс атқаруда. Оның ішінде Қуаныш Түсіпбаев, Жасұлан Қабденов сияқты мамандарды ерекше айтуға болады. Одан бөлек, осы салада 30 жылдай жұмыс атқарып келе жатқан Мұрат Тоқсанбаев, Агапаши Чедалидзе, Муса Әміржанова, Райым Шукуров, Николай Карташов, Григорий Садов сияқты механизаторлардың да атқарып жатқан табандылықтары мол.
Қажетті 15 техниканың барлығы да далалық жұмыстарға толығымен дайын болса, келешекте шаруашылық тағы да соңғы үлгідегі 4 трактор, 2 комбайн техникаларын қосуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде шаруашылық «SAKALAK» тұқымсепкіш техникасымен көктемгі науқанның алғашқы жұмысы ретінде 200 гектар жерге жүгері тұқымын себуді бастап кеткен.
Жалпы өнім өндіру бойынша «Агропарк Оңтүстік» шаруашылығы жоғарыда айтқандай, бірнеше өсімдік зерттеу институттарының нұсқаулығы арқылы өз жұмыстарын қадағалап отырады. Олардың арасында өсімдік қорғау, топырақ зерттеу және тағы басқаларды айтуға болады. Ал, бүгінгі таңда жүріп жатқан шаруашылықтың көктемгі-дала жұмыстарын осы сәуір айының 25-не дейін бітіру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, тағы бір айта кетерлігі, «Агропарк Оңтүстік» ЖШС-гі әр ай сайын «Дала күнін» ұйымдастырып, ғылыми-практикалық семинарларды да өткізіп отырады. Бұл күнде жан-жақтан түрлі фермерлердің жетекшілері келіп, шаруашылықтың мәдениетімен танысуға болады екен.
Келешекте «Агропарк Оңтүстік» ЖШС шаруашылығының өндіретін өнімі көп болып, еліміздің агроөнеркәсібін одан әрі дамыта берсе екен дейміз. Ауылшаруашылығы осындай өндірістік ортамен жандана берсін!
Дидар МУХАМАДИЕВ.