Алмалыбақ ауылында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына (ҚазЕӨШҒЗИ) 85 жыл толуына арналған «Егіншілік пен өсімдік шаруашылығының жетістіктері мен даму болашағы» атты екікүндік халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Институттың атаулы мерейтойына арналған іс-шараға шетелдік және отандық аграрлық саладағы 10 мемлекеттен ғалымдар, еліміздегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың мамандары, ғылыми-зерттеу ұйымдарының жетекшілері және агрокомпаниялардың өкілдері тәжірибе алмасуға арнайы келіпті.
Бүгінде аталмыш ҒЗИ Қазақстанның агрономиялық ғылымын және ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мақсатында егіншілік, өсімдік шаруашылығы, селекция, тұқым шаруашылығы, агрохимия, агротопырақтану және агроэкология салаларын қалыптастыруда жетекші рөл атқарып келеді. Негізі сонау 1934 жылы қаланған В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институты кезінде республика көлемінде жүргізілген егіншілік және өсімдік шаруашылығы салалары бойынша барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын біріктіруші ғылыми-әдістемелік орталық болып құрылған. Ал, одан кейінгі жылдары республикадағы ауыл шаруашылығы ғылымымен айналысатын мекемелердің жүйелі жұмыстарын ұйымдастыруда да үлкен рөл атқарды. Бүгінде ҚазЕӨШҒЗИ шығарған сорттар мен будандар Қазақстанда және таяу шетелдерде 2,5 млн. га егістік алқапта өсірілуде. Ғылым ордасының қазіргі уақыттағы жұмыстары заманауи талаптарға сөз жүзінде емес, іс жүзінде жауап берудің бағыт-бағдарында екен.
Аталған шараның шымылдығы Қазақ КСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, «КИЗ» қалашығының негізін қалаған Мұхамеджан Ерлепесовтың құрметіне ескерткіш тақтасын ашу рәсімімен басталды. Салтанатты жиынға аудан әкімі Жандарбек Далабаев қатысып, мерейлі жиында ізгі тілекті құттықтауын білдірді. Одан кейін аудан басшысы академиктер Рахым Оразалиев, Ғалиолла Мейірман, еңбек ардагері Елтай Хасенов және құрметті ғалымның ұлы Арыстан Ерлепесовпен бірге институт ғимаратының қабырғасындағы мемориалды тақтасын ашты. Сонымен қатар, дәл осы күні «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының ғылыми жетістіктерін коммерциялауға бағытталған «Қант қызылшасының отандық будандарының жоғары сапалы тұқымын өндіру технологиясы» жобасы бойынша салынған қант қызылшасының тұқымын өндіретін цех өз жұмысын бастады. Пайдасы мен маңыздылығы мол цехтың лентасын Алматы ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Коючман Омаров мен Жандарбек Ермекұлы кесіп, оны шетелдік қонақтармен бірге аралады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сай барлық жұмыс барысын компьютерлендірген ғалымдар біраз уақыттан бері электр энергиясы мен ауыз суды үнемдейтін, тау суы арқылы тамшылатып суару әдісін де дұрыс жолға қойған. Қазіргі уақытта мұнда елімізде егуге рұқсат етілген «Ақсу», «Айшолпан», «Тараз», «Шекер» қант қызылшаларының тұқымын будандастыру заманауи талаптар мен стандартқа сәйкес дайындалуда. Бұл цехта қант қызылшасының тұқымы төрт әдіс бойынша будандастырылып, өсіріледі. Атап айтқанда, жоба аясында тұқымдар дәрілеу (протравливание), бедерлеу (инкрустирование), түйіршіктеу (дражирование), арнайы капсулаға салу (капсулирование) әдістері арқылы өндіріледі. Жоба авторы Шолпан Бастаубаеваның айтуынша, жоғарыда келтірілген тәсілдер тұқым себілетін аумақтың климатына байланысты қолданылады екен.
Ал, одан кейін аудандық Мәдениет үйінде халықарылық ғылыми-тәжірибелік конференция шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен пленарлық отырысқа жалғасты. Бұл жиынның алғы сөзін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, PhD докторы Андрей Агеенко бастады. Одан кейін ауылшаруашылық саласындағы мәселелерге қатысты Өзбекстаннан Мухаббат Турдиева, Украинадан Николай Федька, Илья Михайленко, Ресейден Анатолий Корниенко, Белоруссиядан Светлана Мелентьева атты шетелдік ғалымдар шығып, баяндамаларын оқыды. Жалпы, іс-шара барысында аграрлық ғылымның және заманауи агротехнологиялардың дамуы, мемлекеттік органдар мен бизнестің байланысы, жаңа ғылыми жетістіктерді ауылшаруашылық өндірісінде қолдану мүмкіндіктері және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Бірінші күнгі жиынның соңы Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы жоғарыда аталған институттың 85 жылдығына орай қызметкерлерін марапаттаумен аяқталды.
Конференцияның келесі күнінде институт қабырғасында ауылшаруашылық саласындағы бес бағыттан тұратын бес тақырыпты қамтыған отырыс өтті. Ал, екі күнге созылған жиын жұмысының соңы шетелдік қонақтарды Алматы қаласындағы көрнекі жерлерге эксурсия жүргізумен қорытындыланбақ.
Бұрым ОРЫНБАСАР.