Бүгінде Алматы облысы аграрлық саланың дамуына айрықша үлес қосуда. Осы орайда аптаның сәрсенбісі күні облыс орталығы Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өттіп, оларға құрмет көрсетілді. Мерекелік шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, 200-ден астам ауыл шаруашылығы қызметкері, сала ардагерлері қатысты.
Аталған шараның салтанатты бөлігінде облыс басшысы ауыл шаруашылығының аймақ экономикасында алар орны мен маңызына, өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктеріне тоқталып, аталған саланың дамуына үлес қосқан бірқатар тұлғаларды марапаттады. Олардың қатарында қарасайлықтар да болды.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырудағы белсенділігі үшін Қарасай ауданына ІІІ дәрежелі диплом мен қаржылай сыйлық берілді. Марапатты Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы өз қолымен аудан әкімі Жасұлан Естеновке табыстады.
Сонымен қатар, бұл күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен «Қазақ өсімдік және егіншілік ғылыми зерттеу институты» ЖШС өндіріс жөніндегі орынбасары Алтынбек Асанбеков, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен «Жетісу» АӨК директорының орынбасары Дидар Исағұлов, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен «КазАгроферма» ШҚ басшысының орынбасары Арсен Стамбеков сынды азаматтар марапаттарға ие болды.
Бұған қоса «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясының заңды тұлғалар арасынан ІІ дәрежелі диплом мен ақшалай сыйлықпен «Агрофирма «Керуен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тимур Асминкин де марапатталды.
Өз тілшіміз.
Аграрлық саланың дамуына үлес қосып жүрген қарасайлықтар марапатталды
Home » Жаңалықтар » Жағымды жаңалық » Аграрлық саланың дамуына үлес қосып жүрген қарасайлықтар марапатталды