Әлем халқын алаңдатқан қауіпті қылмыстың бірі – адам саудасы. Мұндай жан түршігерлік оқиғалар біздің елімізде де бар екені жасырын емес. Күрмеуі қиын мәселе көбінесе жалдамалы жұмыстың арқасында еңбекке жегілу, құлдыққа түсу, зорлық-зомбылыққа тап болу сияқты адам шошырлық қылмыспен сипатталып жатады. Одан бөлек, бала ұрлау фактісін де айтуға болады. Осы және басқа да адам саудасына қатысты мәселелерге төтеп беру үшін заң аясында түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі орынды. Солардың бірін осы аптада «Родник» әйелдер мен балаларға арналған әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы қоғамдық қоры ұйымдастырып, көпшілік орта болып табылатын аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы мен Қаскелеңдегі «Жер-Ана» базарында мобильді кеңес өткізді.
«Адам саудасына қарсы бірге тұру» ақпараттық марафон жобасы аясында қолға алынған бұл түсіндіру жұмысына арнайы бекітілген комиссия мүшелері қатысты. Оның құрамында Қарасай ауданының білім бөлімінен, ауруханасынан, полиция басқармасынан, еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен, қалалық әкімдіктен, жастар ресурстық орталығынан өкілдер, сонымен қатар, аталмыш қоғамдық қордың кезекші адвокаты болды.
Өзекті мәселені арқау еткен бұл жиында ұйымдастырушы орталықтың әлеуметтік бағдарламаларды үйлестірушісі Ғазиза Жайсанбаева қарасайлық азаматтарға жан-жақты ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарына белсене атсалысты. Көпшіліктің көңіліндегі мәселелерге орай пікірін білдіріп, тиісті салаға қатысты комиссия мүшелерімен ақылдасып, істің мән-жайын анықтауға тырысты. Оның айтуынша, мұндай кеңестер адамдардың құқықтық сауатын арттырады. Тіпті, қоғамдық қордың арқасында құзырлы органдардың тарапынан осы уақытқа дейін 111 бала қамқорлыққа алынып, олардың отбасыларына қолдау көрсетілген.
Марафон аясында комиссия мүшелері адам саудасына қатысты және осы тақырыптың төңірегінде туындайтын мәселелерді де сөз қылды. Әркім өз саласында қатысты тұрғындарға тиісті ақпарат беріп, алда атқарылатын жұмыстар жөнінде ақылдасты. Ұйымдастырушы тараптың айтуынша, осындай жұмыстар алдағы уақытта Ақтау, Тараз қалаларында өткізіледі. Сонымен қатар, еліміздің шекарасымен шектесетін бірқатар өңірлерде де адам саудасы бойынша іс-шаралар қолға алынады.
– Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жақын арада өзге елдермен шектесетін аймақтарда өткізу жоспарда бар. Өйткені, мұндай жерлерде аталған қылмыс жиі орын алып, құжат мәселесіне қатысты заң бұзушылықтар кездесетіні белгілі. Сондықтан мұндай шаралардың ол жерлерде атқарудың маңызы зор, – деп түсіндірді қоғамдық қордың әлеуметтік бағдарламаларды үйлестірушісі Ғазиза Жайсанбаева.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.