Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде мұғалімдердің тамыз конференциясы болып, оған мектеп директорлары, мұғалімдер, ардагер ұстаздар, ата-аналар комитетінің өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, округ әкімдері, мекеме басшылары қатысты. Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева ашып, жүргізіп отырды.
Алдымен жиналғандар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсет Нұрекеновтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбындағы баяндамасын тыңдады.
Қазақстан Республикасының Президенті, Н. Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Адами капиталдың жаңғырудың негізі екені, білім берудің жаңа сапасына көшу қажеттігі, орта білімде жаңартылған мазмұнға көшудің басталғаны атап айтылып, сала алдына аса үлкен міндеттер қойылғаны белгілі.
Ауданда 2017-2018 оқу жылында 51 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 48 орта, 3 бастауыш мектеп, 10 мемлекеттік, 65 жекеменшік балабақша, 28 шағын орталық, 2 музыка мектебі, 1 спорт мектебі болды.
Үш ауысымда оқытуды жою мақсатында Керімбеков мектебінде 300 орындық, Абай ауылындағы мектепте 600 орындық, Мәметова мектебінде 300 орындық жапсаржай құрылысы жүргізілуде. Алмалыбақ орта мектеп-гимназиясының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары 215 млн 504 мың теңгеге жүргізілді. Байсалбаев мектебі ғимаратына күрделі жөндеу қыркүйек айынан басталады. Барлық жалпы білім беретін мектептердің ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 13 млн 20 мың теңге қаражат бөлінді. Бірнеше жылдан бері шешімін таппаған жай – Әйтей ауылындағы Қосынов мектебі ғимаратының жағдайы еді, онда жаңа мектеп құрылысын жүргізу үшін жер телімі бөлінді. Әйтей ауылына 1200 орындық, «Өмір ұзақ» шағын ауданына 900 орындық мектеп құрылысына оң шешім қабылданды.
2017-2018 оқу жылында өрт қауіпсіздігіне, бейне бақылау камераларына, компьютерлерге, оқушы парталарына, жылыту қазандықтарына, 2 робототехника және мультимедиалық кабинеттерін сатып алуға 241 млн 697 мың теңге бөлінді. Жаңа оқу жылында жаңартылған бағдарламамен білім алатын 3,6,8 сыныптарға қажетті оқулықтар 575 млн 251 мың теңгеге сатып алынды.
Аудан мектептеріндегі компьютерлердің жалпы саны 5524-ті құрайды. Аудан ұстаздары жаңартылған мазмұндағы білім беруде 315 интерактивті тақтаны, 72 биология, химия, физика пәндеріне арналған модификациялық кабинеттерді қолдануда. Сонымен қатар, ақпараттық технологияларды білім беру процесі барысында кеңінен қолдануды қамтамасыз ету мақсатында, білім беруді цифрландыру шеңберінде кеңжолақты интернетке 40 мектеп, қорғалған интернет арнасына 31 мектеп қосылған. «BilimLand» жобасына 45 мектеп, «Күнделік» бірыңғай ақпараттық жүйесіне 48 мектеп қосылып, жұмыс жүргізуде.
2017-2018 оқу жылында әртүрлі пәндерден аудандық көлемнен бастап халықаралық дәрежедегі олимпиадалар мен жарыстардың 31 түріне аудан бойынша 6852 оқушы қатыстырылды.
Аудан мектептерінде тәрбие жұмысы негізгі 8 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын, «Туған жер» бағдарламасын, «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруға бағытталған жұмыстар жоспарлы түрде жүреді.
Елбасы Жолдауында ұстаз мәртебесін арттыру, қоғам алдындағы мұғалімнің беделі мен әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне аса назар аударылды. Аудан бойынша барлығы 4048 ұстаз бар, оның ішінде жоғары санаттысы – 606, бірінші санаттысы – 1053.
Педагогтардың кәсіби білімін шыңдау, ынталандыру мақсатында аудан мұғалімдері түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Аудан бойынша 10 мемлекеттік, 65 жекеменшік балабақша, 26 мемлекеттік және 2 жекеменшік мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істейді. Бүгінгі күнге 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған жалпы бала саны – 11025. Ол 91,7 % құрайды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 10,2 %-ға өсті. Жаңа 2018-2019 оқу жылында ауданымызда «Балапан» бағдарламасы бойынша 1780 орындық 25 жекеменшік балабақша, мемлекеттік – жекешелік әріптестік негізінде бірбалабақшаның ашылуы жоспарлануда. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны жетілдірілуде.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деп атап көрсетті. Осы орайда қоғамымызда ұстаздарға артылатын жүк те, сенім де салмақты.
Келесі кезекте Ұлан орта мектебінің директоры Бану Аманова, Л.Толстой атындағы орта мектептің педагог-ұйымдастырушысы, жас мұғалім Ақнұр Қожантаева, Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясының ата-анасы Анар Сәрсембаева, аудандық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Айдос Садықов сөйлеп, өздерінің жұмысы жайында баяндады, ұсыныс-тілегін айтып, ой-пікірін ортаға салды.
Конференцияда аудан әкімі Жандарбек Далабаев сөз алып, ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады, аудандағы осы саланың жұмысына жан-жақты тоқталды, адам баласы үшін білім мен тәрбиенің аса маңызды екенін атап айтып, жас ұрпақты еліне адал қызмет ететін азамат қылып шығарудың мәні туралы кеңінен әңгімеледі. Мұғалімдердің назарын жаңартылған оқу жүйелеріне, осы заманғы педагогикалық тәсілдерге аударды. Жаңаша білім беру технологиясын батыл игеруге шақырды. Білім мен тәрбие берудің сапасы мен тиімділігін арттыруға байланысты бірқатар тапсырма берді.
– Білімді азамат мемлекеттің тұтқасы, – деді атап айтқанда аудан басшысы. – Иә, егемен еліміздің ілгерілеп, өркендеуі ең алдымен жан-жақты дамыған білікті, білімді, озық ойлы тұлғаларға, яғни, адами капиталға көп байланысты. Бүгінгі балаларымыздың біліміне осы отырған бәріміз де жауаптымыз. «Адам бойындағы ең асыл қасиет – білім мен ақыл» деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай, осындай азаматтарды тәрбиелеу үшін ұстаздарға өте үлкен міндет жүктеледі. Ең алдымен оқушылардың ойлау қабілетін дамыту керек. Ойы жүйрік, алысты бағдарлайтын балалардан ертең мықты азаматтар шығады.
Мұнан кейін, аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы бір топ мұғалімге Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің, аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын салтанатты жағдайда тапсырды.
Соңынан тамыз конференциясына қатысушылар қазақ эстрадасының жұлдыздары, әншілер Мирас пен Құралайдың және аудан өнерпаздарының концертін тамашалады.
* * *
Аудан әкімі Жандарбек Далабаев конференцияның басталар алдында мәдениет үйі фойесінде қойылған мектептердің стендтерін аралап көріп, директорлармен білім ұяларының жұмысы туралы әңгімелесті.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.