Жыл сайынғы дәстүр бойынша қарасайлық медицина қызметкерлерінің төл мерекесі биыл да салтанатты түрде аталып өтілді. Мерейлі басқосуға аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысып ақ желеңді абзал жандарды атаулы күнмен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Дені саудың – тәні сау, тәні саудың – жаны сау» демекші, тіптен күнделікті адамдардың өзара қатынасындағы көтеріңкі көңіл-күйдің өзі тікелей денсаулыққа байланысты. Демек, дұрыс көңіл-күй болмаса жұмыс та жүрмейді, береке де, мереке де болмасы анық. Сондықтан да, денсаулықты жоғары бағалайтын халқымыз ақ желеңді абзал жандардың қызметін әрдайым ерекше қадірлеп, қошеметке бөлейді.
Бүгінгі күнде ауданда 1 801 медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Олардың арасында 2 медицина ғылымының кандидаты, 23 «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», 4 «Алтын дәрігер» белгісінің иегерлері және 2 «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері халыққа қызмет етуде.
Мамандар кезеңді түрде біліктіліктерін арттыру мақсатында шетелдерге және отандық оқыту орталықтарына оқу курстарына жіберілуде. Атап айтқанда, Литва мемлекетінде 10 медициналық қызметкер «Тиімді перинаталдық технологиялар» тақырыбы бойынша дайындықтан өтті.
Мереке иелеріне деген өзінің ыстық ықыласын жеткізу үшін мінбеге көтерілген Жандарбек Ермекұлы адамның жарық дүниеге келуі мен алаңсыз өмір сүруіне тікелей қатысы бар медицина қызметінің мемлекеттің өсіп-өркендеуі жолында алатын орны зор екендігін атап айтты. Одан кейін ауданның бірінші басшысы аудандағы медицина саласының қызметкерлерін марапаттады. Атап айтқанда, орталық аурухананың балалар бөлімшесінің меңгерушісі Ажар Мустапбаева мен жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Алтай Достияровқа «Алтын дәрігер» төсбелгісін, Раушан Нұрмаганбетова мен Асыл Бекчентаеваға «Стоматологиялық қызметтің үздігі» төсбелгісін, облыстық жарыстың жүлдегері – «Үздік ауыл дәрігері» сертификатын Ақайша Саринаға тапсырды.
Тұрғындардың алаңсыз еңбек етуінің кепілі – денсаулығын сақтауға, бар күш-жігерлерін жұмсап жүрген ақ желеңді абзал жандардың халық сенімінен шығу жолындағы жемісті қызметтері еленіп, бірқатар мереке иелеріне аудан басшысы атынан денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі мен адал қызметтері үшін Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табысталды. Бұдан бөлек, медицина саласында ұзақ жылдар жұмыс істеп, зейнетке шыққан ардагерлерге ерекше құрмет білдіріліп, гүл шоқтары табыс етілді. Әрі қарай, ақ желеңділерге арналған, әуезді әнмен, әдемі бимен өрнектелген концерттік бағдарлама бастау алып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мереке сәнін арттыра түсті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.