Биылғы оқу жылында ауданымызда бес бірдей білім ордасы жаңадан салынып, өз есігін ұстаздар мен оқушыларға айқара ашты. Сол жаңа нысандардың ішінде Райымбек округіне қарасты Абай ауылындағы № 2 орта мектеп те бар. Қыркүйектің екісінде, мұндағы алғашқы қоңырауға орайластырылған мерекелік жиынға аудан әкімі Махаббат Бигелдиев арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышын бірге бөлісті. Сонымен қатар, бұл салтанатқа облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова да ортақтасып, қарасайлықтарға деген өңір басшысының ыстық ықыласын жеткізді.
Бұл мектептің құрылысын «Проект Аида» ЖШС былтырғы жылдың тамыз айында бастап, бөлінген 1 млн. 751 мың теңге қаржыға белгіленген уақытта аяқтаған. 1200 балаға арналған, типтік жобада салынған үш қабатты ғимарат 11,5 мың шаршы метр аумақты құрайды. Екі талапқа сай спорт залы, 300 орындық жиынжайы, екі бөлімнен тұратын заманауи кітапханасы, 200 орындық асханасы, алты ағылшын тілі, екі биология, екі химия пәндеріне арналған кабинеттері бар мектеп бөлінген қаражаттың 130 млн. теңгесіне толықтай қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Білім нысанының тағы бір ерекшелігі мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағыттаушы белгілер мен 1000 келілік жеделсаты қарастырылған. Ауласы да толықтай көгалдандырылып, оқушылардың түрлі ойындарына ыңғайлы стадион да ойластырылған.
Салтанатты жиында алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы Қарасай жерінде қолданысқа бір күнде бес мектептің беріліп, тағы бірнешеуінің құрылысының жүргізіліп жатуы алдымен Елбасының білім саласында жүктеген тапсырмаларының жемісі, сонымен қатар, облыс әкімі Амандық Баталовтың үлкен қолдауының нәтижесі екенін алға тартып, ұстаздар қауымы мен оқушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың қамына бей-жай қарамай, мектеп құрылысына өз үлесін қосқан осы ауданнан шыққан жаны жомарт азамат, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевқа шексіз ризашылығын білдірді. Өз кезегінде өңір орталығынан келген өкіл, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары М. Омарова да киелі Жетісу жерінде бүгін бірнеше мектеп ашылып жатқандығынан, биылғы оқу жылында енгізілген жақсы жаңалықтардан жұртшылықты хабардар етіп, жылы лебізін жеткізді.
Бұдан бөлек, Абай ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Советбек Еркінбайұлы және А.Шабдарбаевтың жары Гүлнар Сабырқызы да балаларға, мұғалімдерге ақыл-кеңестерін айтып, болашақтарының ашық-жарқын болуын тілеп, ақ баталарын берді. Мердігер мекеме басшысы Зейнолла Камалов мектеп директоры Батима Нысанбаеваға ғимараттың символикалық кілтін табыс еткен соң, аудан әкімі М. Бигелдиев пен Г. Шабдарбаева және С.Еркінбайұлы есік алдына керілген қызыл лентаны салтанатты жағдайды қиды. Ақ әжелер ырымдап, тәттіден шашу шашып, қонақтар жаңа мектептің ішін аралап көрді. Көптен күткен алғашқы қоңырау үні де естіліп, балалар жаңа білім ордасына асыға енді!
Клара КӨПБАЕВА.