немесе Адамды сүйген жүрек
Ұлы ақынның өмірі мен асыл мұрасына жан-жүрегімен бауыр баспаған адам, хәкім Абайдың арманындай, шырқау биік Аспантауға етегінде тұрып құр тамсанғаннан аса алмайды. Сол сияқты, дала данышпанының мұңындай, түпсіз тұңғиыққа текке телміріп, таңданудан аса алмайды. Бірақ, жанарын суарып, жалаң таңдай қағатындарды былай қойғанда, тіпті, даналық теңізіне бойлағандай «Абай тұнып тұрған философия» деп күпінетіндер аз емес. Шындығында Абай сөзінің сәулесін жантәніңмен сезіне алмайынша, «Абай» аспантауына көз түгілі көңілдің жетуі неғайбіл. Тым биік, бір халықтың ауқымы тарлық етер ғұлама.
«Қазақ халқының киесі»
Абайдың соңғы мекені – Жидебайдағы ақын кесенесінің ішкі қабырғасындағы «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі – Ұлы Абайдың аруағына басымды идім» (Н. Назарбаев)» деген алтын жазулар ұрпаққа мәңгілік ұлағат. Елбасы сонау 1995 жылы, Ұлы Абайдың халықарылық деңгейде атап өтілген 150 жылдық торқалы тойы қарсаңында Алатаудың «Абай» шыңына арнайы көтеріліп, ұлы ақынның Семейдегі музейіне ескерткішке жолдаған «Абай» энциклопедиясындағы «Алатаудың Абай атындағы шыңында тұрып ұлы Абайдың рухына тағзым етемін!» деген сөздер бізді әрқашан терең ризашылыққа бөлейді.
Алатаудың Абай шыңы.
Биіктігі 4010 метрлік қызыл граниттен тұратын үш қырлы Абай шыңы Кіші Алматы өзенінің оң жағалауында, Іле Алатауы жотасының тау сілемінен менмұндалайды. Оның жартасты алқабы шыңыраулар ажыратқан тіп-тік құлама құздармен қаусырылған. Шыңның солтүстік беткейінде шағын Абай мұздағы күн нұрына малынады. Құзар шың тұңғыш рет Г.Белоглазов деген альпинистің басшылығымен 1932 жылы бағындырылған екен. Көріп отырсыздар, ілуде біреудің ғана аяғы ілінер шың. Тымағын қар шалып, үкісіне бұлт қонақтаған Алатаудың қатпар-қатпар Абай шыңы. Ал, адамзаттың қабат-қабат Абай шыңына көз түгілі көңіл жетуі екіталай.
Ұлы ақын мұрасына арқатірек болған және «Абай» аспантауын алғаш бағындырған Әуезов Мұхтар Омарханұлы екені жұрт мойындаған шындық. «Ақынның шығармашылық мұрасын жан-жақты әрі тиянақты ғылыми талдаудың, оның заманын табандылықпен зерттеудің арқасында Абайтану қазақ әдебиетінің дербес және мейлінше өміршең саласына айналды. Абайтанудың нағыз ғылыми пән ретінде қалыптасуында ұлы ақын шығармашылығының әлемдік мәдениеттің қазынасына үндесе қосылуына зор қажыр-қайрат жұмсаған жазушы-академик Әуезов Мұхтар Омарханұлы тарихи шешуші рөл атқарды» (М. Мырзахметұлы. «Восхождение Мухтара Ауэзова к Абаю», Алматы, «Санат», 1994 г.)
Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғаларымыздың тарих қойнауына ұзаған зерлі сөзі мен зерделі ісін «іші алтын, сырты күміс» қалпында ұрпаққа аманат ету ұлт болашағы үшін аса қажет. Ғалымдар, жазушылар мен журналистер заманалар керуенімен жеткен асыл мұраны жаңғыртуға қал-қадерінше атсалысуда. Хәкім Абай туралы айтуда да, жазуда да кемшін жоқтай. Дегенмен, «жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау», оның жанының «нені сүйіп, неден күйгенін» сырт көзден жасырған сырсандықтың «ішін түгел көру» екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Абай мұрасын зерттеу, біздіңше, Мұхтар Әуезовтен кейін өзінің түп-тамыр – арқатірегінен ажырап қалғандай. Ақынның сырлы да сәулелі сөзі жан-жақты «уәзінге салынып» сараланғанымен, соның бәрінің сабақтастырып тұрған алтын арқауы үзіліп кеткен секілді.
Олай болса, Абай қазынасының кілті қайсы?
Байқап қарасақ, санамызды сейілтер асыл мұраның жұмбақ сырын ақын сөзінің «судай тұнық» сәулесінің өзі-ақ мегзейді. Міне, біз іздеген жасампаз жырдың темірқазығы да осы – Абай сәулесі… адамдық талабы, адам бақыты үшін күрескен, адамды сүйген жүрек лүпілі. Ақын туралы естеліктер мұның жарқын айғағы. Олар ұлы тұлғаға деген құрмет пен сүйіспеншіліктің терең адамгершілік деректері болып табылады. Абай сөзінің алтын өзегі де, ең алдымен, адамгершілік пен адам бақыты. Осы тұрғыдан ислам тек қана дүниетаным емес, құрандағы моральдық жазбалары қоғамдық өмірдің сан-саласын қамтитын адам тағдыры мен бақыты жайлы ғылым. Абайдың айтар ұлағаты да осы: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез,/ Не қызық бар өмірде онан басқа?!»
«Ары мен намысы»
Адамзаттық білім мен мәдениеттің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) адам бақытын «теориялық жағынан кемелдіке жету» деген тұжырым жасаған. Ол бақыт ұғымын әрбір адамның «өмірде алға қойған мақсаты» ретінде түсіндіреді және «адам бұ дүниеге бақытты болу үшін келген» деп дәріптейді. Ал, Абай қырықтан асар-аспас шағында «қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек… қайрат қайтты, ұлғайды арман» деп шерленеді. Бұл да, бірақ, қартайған жанның емес, адам бақыты жолындағы майданға білек түре араласқан біртуар қайраткердің берік байламы еді. Ағалы-інілі, «жүрегі қырық жамау» қос ақынның мына бір өсиеттері-ақ сол жанпида күрескерлік пен терең адамгершіліктің жарық ұшқынындай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырыңдай», «Адам баласының бәрі – бауырың» (Абай), «Адамның бәрі бір, болмайды аласы», «Ойласаң, барша адамзат туған бауыр,/ Бірін-бірі шұқылып, қылды жауыр»(Шәкәрім).
Абай қай тақырыпты жырласа да адам мінезінің әр қырына ой жүгірте саралап, тірліктің көрген түстей ғана мезетінде адам мен оның өміріне, еркіндігі мен теңдігіне, ары мен намысына, яғни, адам бақытына тең келер ештеңе жоқ екенін түйсінтеді. Бұлай болуы да заңды еді. Бағзы замандарда-ақ небір ғұламалар адамды ерекше ардақ тұтады және оның бақыты үшін жүректері сыздайды. Сондықтан тумысынан жаны жарық Ибраһим Құнанбайұлы да адамды және оның өз бақыты жолындағы қам-қарекетін, ар-намысын жаннан да қымбат санайды.
Хәкім бақытқа жетудің жолдарын талмай іздеп, тарата көрсетеді: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,/ Еңбегің мен ақылың екі жақтап… Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,/ Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме»(2/13). Еңбек, білім, адамгершілік, адалдық, әділдік… егер бақыт өз өміріңе қанағаттану болса, соның бірі – тірлікте «Бір тәуір дос/ Тым-ақ керек,/ Ойы мен тілі бөлінбес»(2/55). Бірақ, «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» деп өкініш білдіреді ақын.
Нағыз дос табудың пендеңе қаншалықты сын екені ұлы ақынның «жүрегіндегі жалынды көзден жас қып ағызады»: «Сеніскен досым да жоқ, асығым да,../ Құдай берген бұл достық – кәннің бірі,../ Сол досты сая таппай іздейді жан» (1/66). Ақын өмір шындығын ашына отырып жайып салады: «Бір сөз үшін жау болып,/ Бір күн үшін дос ,/ Жүз құбылған салт шықты (1/67), «Жау көп болса басыңда,/ Бірі қалмас қасыңда» (1/69) немесе «Әркімде-ақ бар ғой туысқан,/ Қайсысы жауды қуысқан? Күн жауғанда қойныңда,/ Күн ашықта мойныңда» (1/70), «Қызығы зор қайран дос, қайран тату,/ Сендер өлдің, мен дағы өлсем керек!» (2/49), «Досты қайдан табасың,/ Кеңесерге адам жоқ» (2/50).
Ақын сөзіне одан әрі ден қойсақ, өмір пендең үшін ғажайып сый ғана емес: «Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық». Ендеше, дүние қызығы дегеніміз, атымызды «адам қойған соң» замандас бағасын білуге және ар-ұятты әрдайым есте ұстауға тиіс тіршілік мәні. Демек, адам деген атқа лайықты өмір сүргісі келген жан үшін ақын аманаты әрдайым жарық сәуле: «Махаббатпен жаратқан адамзатты,/ Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» немесе «Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,/ Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен. Арттағыға сөзің мен ісің қалса,/ Өлсең де, өлмегенмен боласың тең»(16-б).
Ұлы Абайдың өлеңдері мен ғақлия сөздері қай тақырыпқа арналса да, жаңа айтқанымыздай, олардың баршасының арқауы – Адам мен оның мұң-мұқтажы, яғни Адам бақыты. Ақынның жас ұрпаққа аманаты өмір мен өнерді, білім мен ғылымды, еңбек пен табысты, достық пен адалдықты, жүрек билеген ақыл мен қайратты бақыт қайнарлары ретінде тануға көмектеседі. Ақын «Көкірегі сезімді, тілі орамды,/ Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп, өз келешегімен сырласады, егер түйсігің болса, бақытқа кенелуің үшін «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,/ Сонда толық боласың елден бөлек».
«Ақылы мен жүрегі»
Абай сәулесі «көзімізді ғана емес, көкірегімізді де ашатын», дүбірлі дүниеде дұрыс бағдар сілтейтін темірқазық: «Білімдіден шыққан сөз/ Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге/ Көкірегінде болсын көз… Сәулең болса кеудеңде, / Мына сөзге көңіл бөл… Жүректің көзі ашылса, / Хақтықтың түсер сәулесі» (1/86,93,126-бб). Ұлы ақынның сәулелі жыры «іштегі кірді қашырып», адам кеудесін «хикметке» бөлейді: «Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,/ Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!.. Біріңді бірің ғиззат, құрмет етіс,/ Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып» (1/54). Демек, өнер атаулы, оның ішінде сөз патшасы – поэзия да бақытты өмірдің жаршысы болып табылады.
Оқымаған, тоқымаған жанға бақыт жолы тым алыс: «Ғылымды іздеп,/ Дүниені көздеп,/ Екі жаққа үңілдім» (1/92), «Жастықтың оты, қайдасың,/ Жүректі түртіп қозғамай?/ Ғылымның біліп пайдасын,/ Дүниенің көркін болжамай» (1/102), «Оқыған білер әр сөзді,/ Надандай болмас ақ көзді» (1/84), «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық,/ Қартаймастай көрмелік, ойланалық» (1/53), «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,/ Бүгінгі өмір жарқылдап алдар, бірақ. Ертең өзің қайдасың, білемісің,/ Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ» (2/48). Олай болса, білмекке ұмтылып, ғылымға талап қылу әрбір жас үшін адамдық парыз: «Жастықтың оты жалындап,/ Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап,/ Әр қиынға салған шақ» (1/127). Демек, өмірге келген соң, жатпай, тұрмай білім ізде деп ақыл айтады ғұлама: «Ондай болмақ қайда деп,/ Айтпа ғылым сүйсеңіз… Сөз мәнісін білсеңіз,/ Ақыл – мизан, өлшеу қыл» (1/61).
Абайдың тым болмаса, кейінгі ұрпақ ойланар деген сабыры да, өкінішке қарай, сарқылып бара жатты: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман,/ Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» (2/12), «Заманақыр жастары,/ Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа – /Қойнына тыққан тастары» (1/126), «Пысық кім деп сұрасаң – / Қалаға шапса дем алмай,/ Өтірік арыз көп берсе,/ Көргендерден ұялмай» (1/79), «Құтырды көпті қойып аз ғанасы,/ Арызшы орыс – олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны,/ Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы» (1/103). Хәкім аса қапалы, жан сырын өлеңге шағады: «Қайғы шығар ілімнен,/ Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң,/ Зар шығады тілімнен (1/135), «Жалын мен оттан жаралған/ Сөзді ұғатын қайсың бар?/ Партия жиып пара алған,/ Пейілі кедей байсыңдар» (2/60). Өмірді шынайы жырлап, адам бақытын ардақтаған ақынның «өлең – сөздің патшасы» сырлас та мұңдас серігіне айналды. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла,/ Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» (2/22), «Жүректе қайрат болмаса,/ Ұйықтаған ойды кім түртпек?» (2/22).
Абай ғақлиясының он жетінші сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінетіні есіңізде болар. Ғылымның осы үшеуін де тыңдап алған соң айтар тағылымы да терең: «Ақыл сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді… Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді… Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет… Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды» (2/104-105). Жүрегі адамға деген сүйіспеншілікке бөленіп, оның бақытын аңсап, өлең сөзбен жырлап өткен Абайдың ақындық асыл мұрасы адамзат ілім-білімінің сан қырын терең саралай отырып қайран қазағының өзге жұртпен терезесі тең болуына жол көрсетер Жарық сәуле.
Міне, Абай сөзінің сәулесі санамызды әрдайым шайдай ашады. Ұрпаққа ұлағаты мол асыл мұраның шуағын енді біз де ептеп қана сезіне бастағандаймыз. Бірақ, сол аздың өзі-ақ ерекше рахат. Ұлы ақын сөзінің сәулесі, тіпті құлазыған көңілді жалғыздықтан арашалап алып, тірлік мәнін санаға құяды. Абай жалғыз болғанымен, Сіз енді жалғыз емессіз. Шіркін, жаратқанның алты Алаштың маңдайына Абайдай құдіретті жазғанын жете ұғына алсақ қандай! Абай сәулесі адам бақытын ардақтап, жалқыға емес, жалпыға ой салар ұлы сабыр.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.