Қысы-жазы тыным таппайтын осы бір еңбекқор жанды Ұзынағаштың көшесінен жиі көреміз. Ол – аудандық поштаның тәжірибелі қызметкері Ольга Ділдебаева. Талай жылдан бері үйді-үйге газет-журнал жеткізетін хат-хабар тасушыны ауылдастары «Пошташы Оля» атап кеткен.
«Осы салада 1988 жылдан бері еңбек етіп келемін. Газет-журнал таратудың қиыншылығы аз емес. Әртүрлі жағдай кездесіп жатады. Иттен де, адамнан да қорқатын жайттар болады. Иығымызға арқалайтын жүктің де салмағы жеңіл емес. Соған қарамастан оқырманға жазылған газет-журналын кешіктірмей қолына табыстауға тырысамыз. «Көңіл көңілден су ішеді» демекші, жаяулап жүретін жұмысымызға алғыс жаудыратын кеңпейіл тұрғындардың тілегіне қанаттанып, көңіліміз марқайып қалатын кездер де жоқ емес. Осы жұмысым арқылы ауылдастарымды түгелге жуық танып алдым», – дейді Ольга Ділдебаева.
Ол осы Жамбыл ауданындағы Қайназар ауылында туып-өскен, бастауыш мектепті сонда оқыған. Одан кейін аудан орталығындағы қазіргі С.Бердіқұлов атындағы орта мектептің 9 сыныбын аяқтаған соң сол кездегі училище, қазіргі Жамбыл атындағы кәсіптік колледжде үш жыл оқып, арнайы мамандық алған. Содан бері поштада табан аудармай жұмыс істейді. «Ағаш бір жерде тұрып жапырақ жаяды» демекші, биыл осы жұмыс орнында ақадал қызмет етіп келе жатқанына 36 жыл толыпты. 18 жасынан бастап атқаратын жұмысының қыр-сырын жетік меңгерген. Ұзынағаштың көшелерін ұңғыл-шұңғылына дейін бес саусағындай біледі. Адамдарын таниды. Оның жұмысы сол – ел аралап, жұртқа жаңалық жеткізу.
«Бұрын ауылымыз шағын болса да, тұрғындар газет-журналға көптеп жазылатын. Қазір Ұзынағаш қатты өсіп, қала сияқты үлкейді, бірақ газет-журналға жазылушылар азайып барады. Есесіне хат-хабар көбейді. Поштамен келген кішігірім тауарларды иесіне табыстаймыз. Коммуналдық қызметтердің түбіртектерін де таратамыз», – деген пошташыға аудан орталығындағы шамамен жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайтын 27 көше бекітілген. Сондағы 1400-ге жуық түтінге 500-ден астам газет, 100 шақты журнал мен хат-хабар, сәлем-сауқат пен зейнетақысын уақытылы жеткізуді өз міндетіне алған. Оны таратып бітпейінше дамыл таппайды.
«Оқушы шағымызда поштаға барып, бір құшақ газет-журналды үйге әкелуші едік. Және осы бір әдемі сәттің өз рақаты бар. Кейде үйге жеткенше газетті ақтарып, мақалаларды оқып тастайтынбыз. Пошта терезесінен Оля тәтеміз қол бұлғап, күлімдеп қарсы алатын. Адамгершілігі ақжарқын жүзінен ақтарылып тұрады. Бұрын жаяу-жалпы күніне 5-6 шақырым жол жүріп, ауылды аралап әр мекенжай бойынша хат пен кәзит таситын. Бұл күні тәтеміз өзі айтпақшы «Тесла» мінген. Электромопедті тізгіндеп, газет күткен оқырманға басылымды «ыстықтай» жеткізеді», – дейді Ұзынағашта туып-өскен әріптесіміз Алмас Сәдуақас.
Ольга Қалышбекқызының ұзақ жылғы табандылықпен атқарған еңбегі лайықты бағаланған. 2013 жылы ол «Үздік байланысшы» төсбелгісімен марапатталған. Мерекелерге байланысты алған Алғыс хаттары да бар. Ол бүгінде тәжірибелі пошташы ғана емес, жеткізу учаскесінің бригадирі болып тағайындалған. Оля өзінің жұмысын жеңілдетіп, әрі жеделдету мақсатында биыл электромопед сатып алыпты. Жүк салуға арналған қорабы бар заманауи техниканы тізгіндеген еңбек адамына жұрт қызыға қарайды, хат-хабар жеткізгені үшін алғыс айтады, сапарына ақ жол тілейді. Ол үшін марапаттың ең үлкені де осы – тұтынушының алғысы.
Үстіне жарық шағылыстыратын сары жолақты арнайы киім үлгісін киген пошташы Оля мерзімді басылымды мекенжайға тарату үшін бүгін де үш дөңгелекті электрлі мопедпен жолға шыққан болар. Көлік жүксалғышындағы газет-журналдың уақытылы қолына тиюін күтіп отырған мыңдаған оқырман оның жолын тосады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Ұзынағаш ауылы,
Жамбыл ауданы.