Елімізде ағылшын тілін оқытуға ерекше мән берілуде. Бұл тұрғыда «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында, партия төрағасы Н.Ә. Назарбаев жаңа жобалар мен міндеттерді тиімді іске асыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Соның бірі – ауылдық орта мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйрету мақсатындағы «English for Jastar» жобасын жүзеге асыру.
Жоба іске асып жатқан үштілділікті енгізу жөніндегі ауқымды бағдарламаны қолдау бағытында дайындалды. Басты мақсат – оқушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруға және қарым-қатынас машығын жақсартуға көмектесу. «English for Jastar» екі ай бойы жүргізіледі. Ағылшын тілін қолданушылары мен «Nur Otan» партиясы арнайы іріктеген отандық мамандар үйретеді. Республикамызда үштілділікті дамытуға ниет білдірген еріктілердің бірі – аудан орталығы Қаскелең қаласындағы Тілдер орталығының ұстазы Айнұр Бекбауова. Ол осы орайда аталмыш жоба аясында аудандық орталық кітапханада жақында ашылған коворкинг орталығында ағылшын тілі курстарын бастады. Айнұр 2007 жылдан бері аудандағы Тіл орталығында ағылшын пәнінен сабақ береді. 12 жылдан артық ағылшын тілін үйретіп, өз аудиториясын жинап үлгерген Айнұрдың бала оқытуға деген ықыласы ерекше. Сондықтан да ол жоба үйлестірушілеріне бірге жұмыс жасау жайлы ұсыныс тастаған. Аталған курсқа ауданымыздан 11 өрен қатысуда. Әртүрлі қызықты тақырыпта өткізілетін курс аптасына үш рет өтеді. Екі сағатқа созылатын сабаққа 7-9 сынып оқушылары қатысады. Факультативте оқушылар мектепке қарағанда анағұрлым терең білім алуда. Мұнда балаларға ағылшын тілін алфавиттен бастап, дұрыс жазу мен еркін сөйлеуді үйренетін болады.
Осылайша, ауылдық мектептердің оқушыларын ағылшын тіліне оқыту жөніндегі «Nur Otan» партияcының «English for Jastar» жобасы сәтті басталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.