Серігі болып көп жылдың,
Жанымда менің бір жүрдің.
Сәуледей ойнап санамда,
Көңілімді күлдірдің.
Замандар жүгін арқалап,
Ақылдың мүлкін жинаған.
Кітаптан тауып махаббат,
Сен болдың жұртқа сыйлы адам.
Сенде әр кітап құндырақ,
Бар дүние-мүлкінен.
Қабақ шытпай тұнжырап,
Қарсы аласың күлкімен
Әркезде болдың сүйіктім,
Ұсынып өмір томдарын.
Жанымды менің ұйыттың,
Жатқа айтып өлең жолдарын!
(Сырбай Мәуленовтың
«Кітапханашы» өлеңінен)
Кітап – адам баласына білім сыйлайды. Білім сыйлайтын кітап адамзат баласы үшін таусылмас рухани қазына, баға жетпес құнды асыл мұра екені белгілі. Өйткені, кітап оқу арқылы оның беттерінен ұлылардың асыл сөздерімен, данагөй көрегенділіктің қыр-сырымен таныс боласың.
Иә, бар ғылымның бастауы да, сусындатар мөлдір бұлағы да –кітап. Кітаппен дос болсаң асар асуыңнан да, шығар биігіңнен де адаспайсың. Ал, енді сол тарихи құндылықтардың жиналған орны, оқырмандарға асыл мұраны насихаттап, күнделікті сұраныстарын қанағаттандырып отыратын бірден-бір мәдени орын – ол кітапхана. Сырт көзге кітапхананың жұмысы жеңіл әрі жай ғана жұмыс болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ, әр жұмыстың өзіне тән жауапкершілігі, сұранысы болады.
Кітапхана түсінген адамға кітаптарды бой-бойымен жинап қойып тек қана шаңын тазалап қоятын орын емес. Ол нағыз білім мен мәдениеттің қайнар көзі, адам баласының өзін мазалаған сан қилы сұрақтарға жауап ала алатын, көкейіндегі кез келген шешімін таба алмай тұрған дүниелерге қол жеткізе алатын киелі мекені деп айтар едік.
Ал, енді кітап-ханашылар туралы айтатын болсақ, халқымыздың аяулы да ұлы тұлғалы жазушысы Әбіш Кекілбаевтың: «Мен кітапханаларды ақыл-білім, адамгершілік, парасат ордасы деп білемін. Ал, кітапханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын» деген сөзімен тұжырымдар едік.
Қазіргі кезде кітап оқу деңгейі төмендеп кетті, насихаттау жұмыстары жоқ деген сияқты сөздер жиі айтылып жүр. Десек те, мектеп оқушыларының кітап оқуға деген құмарлығы тоқтамайды, өйткені, білім алу жолындағы талап, жауапкершілік оларды еріксіз кітап оқуға, талдауға жетелейді. Оқушылардың сабақта алған білімін ары қарай жетілдіру жолында мектеп кітапханасы бар мүмкіншілікті жасайды. Арнайы оқушының «Анықтама бұрышынан» бастап ертегі, әңгімелерге дейін материалдар жинақталып, нақыл сөздер, жаңылтпаштар мен жұмбақтар, мақалдар бөлек-бөлек папкаға жиналады. Жас ерекшеліктеріне қарай оқитын кітаптарды түсіндіріп, оларды қызықтыру үшін дауыстап оқып беру әдісі де кітапханашының бірінші кезектегі жұмысы екенін барлық кітапханашы біледі. Өкінішке орай, мектеп кітапханасы балаларға арналған ертегі, әңгімелер, т.б. көптеген түрлі-түсті кітапшалармен аз қамтылады. Бұл жағдайда оларды балалар үшін компьютер арқылы теріп жазып оқытуға дейін жұмыстар жүргізіледі. Бұл да тікелей кітапханашының жұмысы.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында да мектеп кітапханашылары көптеген жұмыстар жүргізіп, өз істеріне шеберліктерін іс жүзінде дәлелдеп көрсете білді. Бұған дәлел, осы бағдарлама аясында «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы» деп аталатын аудандық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуі, бірнеше мектептерде түрлі тақырыпта оқу-семинар сабақтарының жүргізілуі тікелей аудан мектеп кітапханашыларының белсенді түрде қатысып, атсалысуымен атқарылды.
Бұл тұрғыдан алып қарағанда, кітапханашылар тек жұмыстарына жай ғана келіп кетіп жүретін, уақыттарын бос өткізетін қарапайым жандар емес екеніне кімнің де болса көзі жететін сияқты.
Әрине, осындай өнегелі істерді жиі өткізіп, кітапхана жұмысын жандандырып отыруға тікелей жетекшілік етіп, әдістемелік көмек көрсетіп жүрген аудандық білім бөлімінің бас маманы Әйгерім Бауыржанқызының еселі еңбегін айтпай кетуге болмас. Жас та болса жанды басшылық жасап, кітапханашыларды ұйымдастырып көптеген мәдени-көпшілік жұмыстарының өтуіне ықпал жасауда. Ауданға келген оқулықтарды реттеп, барлық мектептерді қамтамасыз етуге де көмегін тигізіп, жетпейтін оқулықтарды қайта толтырып үлкен еңбек жасап жүргені өте қуантарлық жайт. Біздің жұмысымыздың ілгері басып, игі істердің көкжиегінде көрінуімізге басшылық жасап жүрген Бауыржанқызына алғысымыз мол.
Кітапхана – баршаға ортақ қазына. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Алматыда өткен республика кітапханашыларының сьезінде атақты ақын Олжас Сүлейменов : « Кітап барда адамзаттың мәдениеті мен білімі бар» деп атап көрсеткен болатын. Міне, осы сөздің астарында көп мағына жатыр, сондықтан барша қалың оқырманды кітапханамен байланыс жасауға, кітап оқуға, күнделікті ақпарат көзімен жақынырақ танысып өзін рухани жағынан өсіруге шақырамыз!
А.ТІЛЕУЖАНОВА,
Б. Тамабаев атындағы орта мектептің кітапхана қызметкері.