денсаулық сақшыларының еңбегі ерекше тәнті етеді
Дана да дара қазақта «Денсаулықтың қадірін ауырғанда ғана білерсің» деген де сөз бар. Сақал-шашымызды бозқырау шалып, жасымыз біразға келсе де, бұл айтылғанның мәнін жете білмей жүріппіз. Осы уақытқа дейін, яғни, аурухана төсегіне таңылғанға дейін.
Әрине, жеңіл-желпі суық тию, тұмау-сымауымыз болып тұрғанын жасыра алмаймыз.
Сонымен осыдан біраз бұрын аяқ астынан қатты ауырдық та «жедел жәрдем» көлігімен жетіп, аурухананың есігін «ентелей» аштық.
Сөйтсек, іш құрылысымызды зақымдаған сырқат өзінің жымысқы әрекетін көпке дейін білдірмей «жасап», бәрін бүлдіріп келіпті. Ал, оған тек тездетіп операция жасау керек екен, білікті дәрігерлер өзара кеңесіп осылай деп шешті.
Аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімшесіндегі ота сәтті аяқталды. Жанға қатты батқан аурудан арылып, көзіміз ашылды, көңіліміз жайланды, жан-жағымызға жадырай қарап, мына ғажап дүниеге жаңа келгендей әдемі әсерге бөлендік…
Енді бұл ұйымшыл ұжымның жүйелі жұмысы жайлы жұртқа айтып, елеулі еңбегін елге көрсету үшін, жазу-сызудың маманы деген дардай атымыз бар, қолымызға қалам алып отырмыз.
Білікті дәрігер, білгір басшы
Аталған хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Әлішұлы Байтілеуов. Ол отыз жыл бойы осы жауапкершілігі аса мол салада тынбай тер төгіп келеді екен. Тек сапта тұрып, санды көбейтіп жүрген жан емес, қашанда ілгері бастырар істері берекелі жемісін беріп, орнықты жұмыстары жұрт ойынан шыққан.
Мәселен, Қазақстан медицинасында ойып тұрып алған өзіндік үлкен орны бар оңтүстік астанадағы А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында табан аудармай 20 жыл қызмет істеп, оның ішінде алты жыл бойы сондағы өңеш, асқазан хирургиясы бөлімін байыпты басқарған.
Анығын айтқанда, егемен еліміздегі осы саладағы мықты маманның бірінен саналады. Бұл ретте сол орталықта жүргенде өңеш, асқазанға жүзден аса операция жасапты.
Медицина ғылым-дарының кандидаты, 10-ға жуық өнертапқыштық жаңалығы үшін алған патенті бар, 70-тен аса ғылыми еңбектің авторы. Қоғамдық «Алтын дәрігер» медалінің иегері.
Қарасай аудандық орталық аурухана хирургия бөлімшесінде 2014 жылдан істейді, осы тұста атап айтар жайт – бұл жерге арнайы шақыртумен келген.
– Операция жасау, қазір оны ота деп те жүрміз ғой, – дейді Талғат Әлішұлы, – медицинадағы барынша күрделі жұмыс. Себебі, адам ағзасы, тіпті, күрделі, ұңғыл-шұңғылы, «ой-қыры» өте көп. Бірақ, бәрі өз орнында тұрып, жаратылыстан берілген тәртіппен, жүйемен жұмыс істейді. Әлдебір мүшеміздің жұмыс ырғағы қатты бұзылса, не мүлдем қозғалмай қалса, немесе әртүрлі сыртқы жарақаттардың әсерінен бүлінсе, біз жедел көмекке келеміз. Қазіргі кезде аудан халқының өсу қарқыны өте жоғары. Өмір болған соң әртүрлі оқыс оқиғалар да қоса жүреді. Сондықтан күнде дерлік операция үстелі бос болмайды. Ал, жалпы бөлімшемізде жылына екі мыңдай ота жасалады.
Осы жерде білікті дәрігер, білгір басшы Талғат Әлішұлының мынадай да бір қасиетін тілге тиек етсек дейміз. Ол – әзілкештігі, қалжыңқұмарлығы. Сырқаттар жатқан палатаға кірген кезде әрбірінің жайын жақсылап сұрап қана қоймай, әдемі әзіл айтып, көңілін көтеріп кетеді. Ауруы жанына қатты батып жатқандар да мұндайда жайлап жымиып қалады…
Жалпы, алдына келген науқасты дәрігерлер жылы сөзімен де емдейді ғой, кейде ой-санаңа сергектік пен сенім ұялататын соның өзі ем-домның күшінен де әлдеқайда асып кететін тәрізді.
Кәсіби шеберліктері жоғары
Хирург-дәрігерлер Орал Сағиев (ортада), Айдос Уразбаев, Исраил Умаров
Бөлімшедегі хирургтердің бәрі де өз кәсібінің шеберлері. Мұндағы жас хирургтерге де үйренуге, тәжірибесін молайтуға жақсы мүмкіндік берілген, өйткені, олардың ұстаздары күшті, өнегелі, үлгілі.
Айтқандай, өзімізге отаны осындағы мықты хирургтің бірі Орал Сағиев жасағанын, жағадан алған жаман аурудан жанымызды алып қалғанын қалай атап көрсетпейміз!
Сол сияқты біз емделіп жатқанда Талғат Әлішұлының өзі Марат Маджановтың өт қабына, Максим Стадников Балабек Шалаев деген қарияға, Ринат Ағалиев Ахмет Идрисов есімді жігітке, Берік Жұмабеков Асхат Базарбаевқа операция жасап, олардың ары бұрылуға шақ қалған беттерін бері қаратты, кейін бәрінің де «аттай шауып» кеткенін көзіміз көрді.
Хирург Максим Александрович Стадниковтың осыдан бір-екі жыл бұрын облыстың ең үздік дәрігері атағын жеңіп алғанын да ел біледі.
Жалпы, бөлімшеде аса күрделі, басқалардың жүректері дауаламаған оталар да тұрақты іске асырылып тұрады, бұл, сөз жоқ, кәсіптік жоғары шеберліктің арқасы.
Бір ғана мысал. Осы жылдың мамыр айында Алмалыбақ ауылының бір тұрғынының өт қалтасына өте күрделі ота жасалды. Бұл іске, тіпті, кезінде германиялық, ресейлік дәрігерлердің өзі тәуекел етпеген екен. Дегенмен, бұл операция да сәтті аяқталып, Талғат Әлішұлы бастаған қарасайлық хирургтер бригадасы өздерінің білгірліктерін, қиын сәтте дұрыс жол таба білетіндіктерін, мықтылықтарын дәлелдеп шықты. Сөйтіп, тағы да бір емделушінің ақ ниетті ақ тілегінің ақ шуағына шомылды.
… Аурухананы аралап жүргенімізді көрген бір келіншек бізді тоқтатып, шын жүрегінен шыққан жылы лебізін былайша білдірді: «Менің аты-жөнім Шырын Жұмамұратова, Үштерек ауылынанмын. Сауығып үйге шығып кетіп барамын. Енді негізгі айтайын дегенім, бұл жерге өте ауыр халде түсіп едім. Жақсы қарады, жақсы емдеді. Мұнда нағыз тәртіп те, тазалық та бар екен. Құдайға шүкір, қазір тәуір болдым. Бөлімшедегі дәрігерлерге де, медбикелерге де алғысым аз емес. Барлығына да Алла разы болсын деймін!»
Талап. Тәртіп. Тазалық
Аға медбике Айгүл Бажанова (ортада) медбикелер Әлия Кабиева, Гүлжанат Шотанова, Аяулым Өтеп, Гүлмира Сейілханова
Хирургия бөлімшесінде емделіп жатқанда көргеніміз, байқағанымыз – мұнда тәртіп күшті, тазалық жақсы. Сырқаттар үшін дәрігерлер белгілеп берген ем-дом шараларын шаршамай жүргізетін медбикелердің бәрі де өз ісін ойдағыдай атқаратынының куәсі болдық. Ал, жұмыстарын ешқашан аз дей алмаймыз, дәрі егеді, жарақат таңады, дене қызуын, қан қысымын өлшейді… Әйтеуір, өздерінде бір тыным жоқ, үнемі қашық кетпей ауру жандардын қасынан табылады. Олардың жұмысын, тәртібін аға медбике Айгүл Бажанова жіті қадағалап отыратын көрінеді.
Сонымен қатар, санитар, тазалықшылар да бөлімшедегі палаталар мен процедура, жарақат таңу кабинеттерінің, басқа да қосымша бөлмелердің таза болуына бар күштерін жұмсайды. Әрине, әрқашан осылай болуы керек, өйткені, қандай аурухана болсын тазалық айрықша назар аударуды қажет етеді ғой. Сондықтан барлық емдеу мекемелерінде де бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінеді. Дегенмен, бізге хирургия бөлімшесіндегі тәртіп пен тазалық бөлекше әсер етті. Бұл, сөз жоқ, іскер де жауапты басшы Талғат Әлішұлының қатаң талабының арқасы. Ол кісі мен басшымын деп өзін шетте ұстамай, үнемі уақытпен санаспай жұмыс тәртібінің сақталуын біліп, көріп, тексеріп жүреді екен.
Күнде таңертен дәрігерлерді жинап, әр палатадағы әрбір сырқаттың хал-жағдайы, оның тезірек сауығуы үшін енді не істеу қажет, қандай қосымша емдеу шараларын қолдану керек, міне, осының бәрі де талқыға салынады. Сөйтіп, өзара кеңеседі, ақылдасады. Сонда ғана тиімді емдеу тәсілі табылады. Әрине, бұл жерде әр дәрігердің жеке жауапкершілігі де ұмытылмайды!
Жалпы, бүгінгідей еркін заманда барлығымыз шетімізден «шырылдаған шындықты» – тіліміздің ұшына келгенін айтатын сұмдық «шешен», бәрін де іштен ұғып туған керемет «білгіш», өзі шөп басын сындырмайтын, бірақ, өйту керек, бүйту керек деп аузымен орақ оратын «іскер» болып кеткендейміз. Осы орайда көп айтылатын мәселе – медицина саласы, дәрігерлердің жұмысы.
«Ойбай, олар өйтеді екен, сөйтеді екен, олай екен, бұлай екен. Қолдарына түссең болды, әдейі жаныңды көзіңнің ұшына келтіреді» деп желдей еседі кейбіреулер. Осыған сеніп, тіпті, айқайға аттан қосатынымыз да өтірік емес-ау.
Біз аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімшесінде емделіп жатып, олардың жұмысын «ішінен» көрдік. Көрдік те мұндағылардың, шын мәнінде, ерлікке тән еңбегіне өте тәнті болдық. Өмір мен өлім белдескенде тіршіліктің тіреуін тіктеп, мына жарық дүниенің шамын жайната жағатын жандардың жақсы істері құрметке әбден лайықты екен. Жоғарыдағыдай қаңқу сөздер негізінен бекер екен. Әрине, бұл олардың тікелей міндеті дерсіз. Десек те гуманистік тұрғыда адамды сүйе білу, адам жанының арашашысы болу – бұл ерекше елеуі еңбек!
Ендеше, біз әңгімемізді «Жаса өмір! Жасаңыздар, сол өмірді ұзартуға, сырқат меңдегенде оның екпінін басып, алға қарай ілгерілеуіне еш жол қалдырмайтын, айналайын дәрігерлер!» деген жоғарғы пафоспен аяқтағымыз келеді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Суреттерді түсірген Ерлан Әлиасқаров.