Жуырда ауданымыздағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шахматтан аудандық турнир өтті. Аудандық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен болған турнирге барлық ауылдық округтерінен келген 50-ден астам бала мен мүмкіндігі шектеулі адамдар қатысып, доданың көрігін қыздырды.
Жылда дәстүрге айналған бұл турнирді спорт кешенінің директоры Дәурен Төлеген ашып, жарысқа қатысушы шахматшыларға сәттілік тіледі, биік шыңдардан көрініп, жеңімпаз атануларына тілектес екенін білдіре келе, шахмат тарихынан сыр шертті. Сондай-ақ, шахмат адамды жылдам ойлануға, тез шешім қабылдауға үйрететіндігіне, адамның ақыл-ойын дамытатындығына, қазіргі таңда көптеген қазақстандық жастардың спорттың осы түрімен кеңінен айналысып келетіндігіне тоқталып, бос уақытты тиімді пайдалануға шақырды.
Осыдан кейін ауданымыздың түкпір-түкпірінен келген 50-ден астам шахматшылар бір-бірімен тартысты ойын өткізіп, турнирді жақсы жалғастырды. Жарыс барысында жас шахматшылар өз өнерлерін ортаға салып, барша шеберліктерін көрсетті. Сайыс болған соң, әрине, жеңіс пен жеңілістің болары анық. Оның қорытындысы бойынша көптің ішінен дара шауып, қарсыласын шақ келтірмеген Қаскелең қаласы шахматшылары жүлделі І орынға ие болды. Ал, ІІ орын Жаңа Шамалған ауылдық округінің командасына бұйырса, үштіктің төрінен Іргелі ауылдық округінен келген команда көрінді. Турнирдің соңында үздік ойын өрнегін көрсеткен шахматшылар ойлау қабілеттерінің ұшқыр екенін тағы да дәлелдеп, грамота мен медальдармен марапатталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.