Әдептілігі әдемілігімен жарасқан, кәсібилігі жан-жақтылық қабілетімен ұштасқан, тілшілік тіршілікте қолынан қаламын тастамай, аппаратын асынып, нысанаға алынғандарды назарынан қалт жібермей, әрбірін сәнді суретке айналдыра білетін әріптестерімнің қатарында Ақтоты Кенжебекованың орны ерекше. Жіпке тізгендей бұл мақтауларыма әлдекім таңырқай қарайтын шығар. Десе де оған қатысты жағымды пікірлер құлаққа еріксіз естілгенде Ақтоты жайлы басқаша ойлау мүмкін емес.
Аудандық газетте бес жылдан астам табандылық танытып, тілші және фототілші қызметін қатар атқарып жүрген аяулы қыз туралы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай қалам тербеу сәті маған бұйырыпты.
Ақтоты Мырзабекқызы – Жер жаннаты Жетісудің жасыл желекті қаласы Талдықорғанның тумасы. Қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – Мырзабек Тілеукенов құрылыс саласында талай жыл жемісті еңбек еткен азамат болса, анасы – Тұрсынбөбе Мұратбекова тұрмыс құрғанға дейін комсомолда жұмыс істеген. Шаңырақ көтергеннен кейін аяулы анамыз қызметтен қол үзіп, бала тәрбиесімен айналысқан. Өйткені бес баланы дүниеге әкеліп, көп балалы ана атанып, әрбірінің алаңсыз ғұмыр кешуіне көңіл бөлген. Солардың ішінде ең кенжесі – біз сөз етіп отырған Ақтоты.
Тұрсынбөбе әпкеміз – Ақтотыға 44 жасында әлемнің жарығын сыйлаған батыр ана. Ол кісінің құрсағындағы бесінші тіршілік иесі өмір есігін ашуға талпынып жатқанда, туған-туыс, жақын адамдардың барлығы жатырдағы баланы алдыртуға кеңес берген екен. Өйткені сол кезде көпшіліктің ақылына сүйенсек, анамыздың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Дегенмен жүрегінің ішіндегі кішкентай жүректі қимаған Тұрсынбөбе анамыз ауруханадан қашып жүріп, ақыры соңында аққұба қызға ғаламның ғаламатын сыйға тартқан. Осылайша 96 жылдың күзінде Тілеукеновтер әулетінде тағы бір сәбидің іңгәлаған дауысы естіліп, шаңырақ шаттыққа бөленді.
Ақтоты үйінің кенжесі болғандықтан, өзінің алдындағы Айбек, Әльнұр, Құралай, Айнұр сияқты аға-әпкелерін үлгі етіп, соларға қарап бой түзеп, атан-анасының ерке қызы болып өсті. Бүгінде арқа сүйер бір туғандары өз жолдарын тауып, әркім өз отбасының түтінін түтетіп, бақуатты ғұмыр кешуде. Ал Мырзабек ағамыз бен Тұрсынбөбе әпкеміз екі ұлдан тараған 6 немереге ардақты ата-әже атанып, қызығын көруде.
Ақтоты 2003 жыл алғаш мектеп баспалдағына қадам басқан. Талдықорған қаласындағы Ленин атындағы орта мектепте озат оқушылардың бірі болып, осы білім ошағының 2014 жылы 65-ші түлегі атанды. Осы жылы туып-өскен шаһардағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «журналистика» мамандығына оқуға түсіп, 2018 жылы оны қызыл дипломмен аяқтаған.
Оның дәл осы мамандықты таңдауының да өз сыры бар. Ақтотының аяулы анасы кезінде журналист болуды қатты армандаған екен. Алайда Тұрсынбөбе әпкеміз белгілі бір себептерге байланысты межелі мақсатына жете алмаған. Бірақ орындалмаған арманына қызы жетсе деп ниеттеніпті. Ал Ақтоты болса ана көңілін қимай, оның үстіне өзінің қарым-қабілетіне сүйеніп, журналистика саласына бет бұрған жайы бар. Бірақ ол мектеп қабырғасында ішкі істер органдарында қызмет етуді мақсат тұтқан. Алайда талабы мен тәртібі қатаң бұл сала Ақтотының денсаулығына байланысты лайық болмаған. Дегенмен бұл сәтсіздік жігері мықты қыздың талпынысын мұқалтпады. Мамандық таңдауға келгенде анасының ескі арманы оны жігерлендіре түсті. Осылайша «журналист» деген мәртебелі мамандықтың иесі атанды.
Ақтотының алғаш еңбек жолы 2018 жылы университет бітірген уақытта қазіргі жұмыс орнында басталды. Дәл сол жылы Қарасай ауданының айнасына айналған, «Заман жаршысы» деп аталатын (қазіргі «Naqty») мерзімдік басылымға тәжірибеден өтуші ретінде, кейін тілші лауазымында жұмысқа қабылданды. Бір қызығы, сол кездегі болашақ журналисттің газетте қызмет етуі тектен-тек емес екен. Ол жайында өзі кеңінен айтып берді.
– Жетісу университетінде білім алып жүргенде бізге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нен ауысып келген Жұмағали Есенбеков деген оқытушы сабақ берді. Ол кісінің студенттермен қарым-қатынасы, дәріс беруі өзгеше болатын. Бізге ақылын айтып, жол сілтейтін. Бір күні бәрімізге: «Егер журналист болам десеңдер, алдымен газетте жұмыс істеңдер. Өйткені жаза білген журналист жақсы тәжірибе жинақтайды», – деп айтатын. Осы сөздер есімде ерекше сақталыпты. Сондықтан менің газетте еңбек етуіме бірден-бір себеп болғаны Жұмағали ағайымыздың сөзі деуге болады, – деді Ақтоты Мырзабекқызы өткенді еске алып.
Талдықорған қызының Алатау бөктеріне қоныс аударуы әу баста оңайға соқпаған. Алайда ата-анасының ақ батасымен Айбек ағасына ілесіп, қасиетті Қарасай жерінің тұрғынына айналды. Ақтотының жаңа ортаға бірден араласып кетуіне редакциядағы ұжымның ыстық ықыласы ықпал еткен. Өйткені ол ата-анасы мен аға-жеңгесінің қасында өсіп үйренгендіктен, ұяңдау, тұйық мінезімен көпшілікпен көп араласпаған. Алайда қызметкерлермен жарасқан қарым-қатынасы, айналасы оны басқа жаққа өзгертті деуге болады. Ақтоты сондай-ақ, осындағы мерзімді басылымның да кенжесіне айналып, ардагер-журналистердің, тәжірибелі әріптестерінің қатарында жүріп, өз қолтаңбасын қалдыруды үйренді.
Бүгінде Ақтоты Кенжебекова – қаламы ұшталған тәжірибелі журналистердің бірі. БАҚ өкілі үшін жарасатын техниканың қыр-сырын меңгерген. Қарасай аудандық «Naqty» газетінде авторлық мақалалары апта сайын жарық көрсе, «Naqty.kz» желілік басылымының YouTube арнасында өзекті мәселелерге қатысты бейнематериалдары жарияланып тұрады. Оның үстіне соңғы екі жылда фототілшілік қызметті де қатар алып жүр. Бұл жауапты міндетті алуына техникаға деген икемділігі әрі қызығушылығы себеп болған. Сондай-ақ газет редакторы Атлана Жанатқызының да жеке ұсынысы жігерлендіре түскен.
– Алғаш жұмысқа орналасқан сәттен бастап бұрынғы әріптесіміз, фототілші Ерлан ағаның жанында жиі жүріп, суретке түсіруге қызығатынмын. Сол кісіден көп дағдыларды үйрендім десем болады. Одан кейін қысқа уақыт аралықта маған дейін қызмет атқарған фототілші Айдар ағаның да көмегі тиді. Сөйтіп, дәл осы жауапты қызметтің орны босағанда редакцияның басшысы Атлана Жанатқызы ұсыныс тастады. Мен көп ойланбай қабыл алдым да фототілшілік міндетке кірістім. Қазір бұл жұмысты тілшілік қызметпен қатар алып жүрмін, – деп түсіндірді әріптесім.
Ақтотының жұмыстағы ерекше қасиеттері осындай болса, өн бойынан табылатын тағы бір ерекшелігі – опа-далапқа, боянуға көп әуестенбеуі. Оның сырын отбасындағы нәзік жандылардың қызықпаушылығымен түсіндірді. Айтуынша, анасының жарқын жүзі табиғи сұлулығымен ерекшеленеді. Мүлдем ондай дүниеге қызықпайды екен. Әпкелері де сондай. «Бәлкім, боянуға көп қызықпайтыным соларға қарап бой түзегеннен болар», – дейді ол.
Адам болған соң күнделікті күйбең тіршіліктен шаршайтынымыз жасырын емес. Қалтқысыз қызметтен де бір сәт демалғымыз келеді. Осындай сәтте Ақтотының жанына тыныштық сыйлайтыны – табиғат аясында белсенді түрде демалуы. Одан кейін өскен өлкесі Талдықорғанның саф ауасымен тыныс алуы оның бойына күш-қуат бермек.
Ақтотының осы уақытқа дейін журналистика саласында жеткен жетістіктері аз емес. Еңбегінің еленіп жатқаны қызметіне деген құштарлығы, жауаптылығы деп білеміз. Жұмысының жемісі ретінде ол осы уақытқа дейін «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты облыстық байқаудан І орын алса, 2021 жылы Қарасай ауданы бойынша «Жыл үздігі» сыйлығының «Үздік жас журналист» номинациясы бойынша марапатталды. Одан бөлек Алматы облыстық «Аманат» партиясының, облыстық және аудандық жастар ұйымының, Қарасай ауданы әкімінің Алғыс хаттарына ие болған.
Журналистің осындай табысты жетістігінің артында оның табандылығынан бөлек, ұстаздық ететін тәлімгерлері мен қолдаушы жандардың тұратыны анық. Оны Ақтотының өзі де жоққа шығармайды.
– Менің өмірде адам болып қалыптасып, адалдық жолдан аттамай жүруіме алдымен ата-анамның тәрбиесі әсер етсе, мектеп қабырғасында ұстаздық ақылын айтқан Алматай Әшімханқызының да еңбегі зор дер едім. Одан кейін, әрине журналист болып қалыптасуыма қолдау білдірген газеттің редакторы Атлана Жанатқызына алғыс айтамын. Сондай-ақ талай жыл осы салада еңбек еткен Берікбай Қадықов, Танзиля Мухтарова сияқты әріптестеріме шынайы ризашылығымды білдіремін. Осындай қолдау білдірген жандардың арқасында БАҚ саласында шеберлігімді әлі де шыңдап келемін, – деді ол.
Ақтотының алға жетелер арманы көп. Ол мансабының өскенін қалайды. Өзін-өзі материалдық тұрғыдан қамтамасыз етіп, өз баспанасына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Ата-анасының үкілеген үмітін ақтауы – кез келген перзенттің парызы болса, Ақтоты да оны естен шығарған емес. Қыз мұратына да адаспай ақылмен жетсем дейді.
Армандарының орындалуына біз де тілекшіміз. Оның ақжарқын мінезі мен қызметке деген жауаптылығы әлі талай жетістікке жетелейді деген сенімдеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.