Болмаған балалық шақ… Дәл осылай аталатын кітапта мейірімге мұқтаж баланың аянышты тағдыры, жанкештілігі, тірі ана мен марқұм әкеге деген сағынышы баяндалған. Бұл кітаптағы оқиғаның басты кейіпкері – жазушының өзі. Бір апта бұрын осы шығарманың авторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек Қарасай ауданына қарасты Мерей ауылындағы А.Макаренко атындағы орта мектебінде құрметті қонақ болды. Онымен кездесу кеші ұйымдастырылып, әдеби шара шағын концертке ұласты.
Оқушылар мен ұстаздар қауымы асыға күткен ақын алдымен мектептің фойесіндегі өзінің кітаптары орналасқан көрмені тамашалап, туындылары жайлы ой қозғады. «Болмаған балалық шақ» повесінің орыс тілінде жазылған нұсқасы бар екенін, қажет болса оны аталмыш білім мекемесіне сыйға тартатынын айтып, мәрттігін танытты.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған «Ақын – елдің ардағы» атты кездесу кеші мектептің акт залында өтті. Ақберен Елгезекпен жүздесу үшін оның шығармаларын жақын таныған ұстаздар, оқушылар және ата-аналар арнайы жиналды. Алдымен мектеп директоры Гүлбану Бердібекова сөз сөйлеп, неліктен құрметті қонақ ретінде Ақберен ақынды таңдап алғанын көпшілікке түсіндіріп, арнайы ат терлетіп келген мейманға мектептің тарихынан сыр шертті.
Әдеби кештің әлқиссасы ақынның ел арасында кеңінен таралған «Сені ешкімге бермеймін» және «Мінәжат» деп аталатын өлеңдерін оқумен басталды. Бұл туындыларды осы мектептің оқушылары, апалы-сіңлілі Үміт пен Әдемі ерекше тебіреніспен оқыды. Одан кейін 1-6 сыныптың оқушылары поэзияға деген құштарлықтарын байқатып, «Алпамыс» пен «Қобыланды» жырларын жарыса жатқа айтып, ақын мен көрерменнің қошеметіне бөленді.
Поэзия кешінде Ақберен Елгезектің басқа да көркем шығармалары орындалды. Бірқатар өлеңдерін 7-11 сынып оқушылары мәнерлеп жеткізсе, Жібек Шоқанқызы мен Аружан Төрехан ақынның сөзіне жазылған, бүгінде танымал әнші Жазира Байырбекова орындайтын «Әлди, әлди» әнін жанды дауыста шырқады.
Сонымен қатар, бұл кездесуде ақынның алдында алғаш рет қазақ интернет бестселлеріне айналған «Болмаған балалық шақ» кітабынан сахналық қойылым көрсетілді. Алдымен 10 «А» сыныптың оқушысы Назерке Әзімбай «Құдайдың баласы» деп аталатын монолог оқыса, 7-8 сыныптың оқушылары «Лениннің неменесі» атты көрініс қойды. Ал асқар тауға деген махаббатты монолог арқылы жеткізген 9 «А» сыныптың оқушысы Гүлсая Ходжамұратова «Әкенің суреті» деген кітаптағы шағын әңгімені ерекше жеткізе білді.
Соңғы жылдары танымал хит әндердің біріне айналған, орындаушылары Мейрамбек Беспаев пен Қанат Үмбетов болып табылатын «Сүйікті етші» әні көпшіліктің жадында жақсы сақталған. Оның сөзін жазған да осы кештің қонағы – Ақберен Елгезек. Сондықтан бұл танымал туындының ақынның алдында шырқалуы орынды. Әуезді әнді аталмыш білім ұясында музыка пәнінен сабақ беретін Динара Аярбек жанды дауыста шырқап, көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Ақынның қаламынан туындаған осындай шығармалар орындалып болған соң, кештің құрметті қонағы сахна төріне көтеріліп, осы кездесуден алған әсерімен бөлісті.
– Осы уақытқа дейін менің шығармашылығыма қатысты қаншама іс-шара ұйымдастырылып еді. Бірақ дәл осы әдеби кештің орны бөлек болды. Өйткені менің «Болмаған балалық шақ» кітабым арқылы қойылған көріністер жеке өз басыма ерекше әсер етті. Жалпы еліміздің белді театрлары бұл жайында спектакль қоюды жоспарлап жүрген. Сонда ойлайтынмын, ол қалай болады екен деп. Міне, бүгін оған көзім жетті, сендім. Әсіресе, әкем жайлы монолог оқылғанда көзіме еріксіз жас келді. Сондықтан баршаңызға, оның ішінде кездесуді ұйымдастырған мектеп ұжымына ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деп ақын шынайы пікірін білдірді.
Әңгіме барысында Ақберен Елгезектің отбасылық өміріне, ақындық жолына, «Болмаған балалық шақ» кітабына қатысты оқушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Олардың барлығына ақын жеке-жеке тоқталып, қысқаша тарихын баяндап, білімгерлерді ақын болуға емес, ғалым болуға шақырды.
Ағалық ақылын айтып, керемет әсерге бөленген «Серпер», «Дарын» мемлекеттік сыйлықтардың иегері, сыршыл ақын Ақберен Елгезек мектептің қонақтарына арналған «Тілек кітабына» алғаш болып өзінің жылы лебізін қалдырды.
Ал мектеп басшысы Гүлбану Бейсембайқызы ақын Ақберенге «Болмаған балалық шақ» кітабында жазылған «Лашын» атты сайгүлігі мен автордың суреті бейнеленген картинаны сыйға тартып, осы кештің өтуіне ұйытқы болған қазақ тілі пен әдебиеті пәнінен және бастауыш сынып мұғалімдерінен құралған «Ғибрат» тобына, оқушыларға айрықша алғысын жеткізді.
Кездесу кешінің соңы жақында ғана жарық көрген ақынның сөзіне жазылған Мейрамбек Беспаев орындайтын «Біздің ауыл» әнімен әдемі түйінделді. Оны да музыка пәнінің мұғалімі Динара Аярбек жанды дауыста шырқап, әуезділігімен керемет күйге бөледі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.