Көктеммен бірге көгалдандыру жұмысы да келді. Сенбіліктер өтіп, түрлі жеміс ағаштарының көшеттері егіледі. Жер емген диқандар егістік даласына асығады…
«Ағаш ексең аялап, басыңа болар сая бақ» деген. Сенбілік жұмыстарынан шекарашылар да тыс қалған жоқ. Департамент, шекара басқармалары және ел шебіндегі шекара бөлімшелерінің аумақтарында сенбіліктер өтіп, көгалдандыру жұмыстары жандануда.
Солардың ішінен, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының кәсіптік-техникалық және дайындық бөлімінде жас жауынгерлер курсынан өтіп жатқан «Көктем-2022» шақырылымының жас сарбаздары «Ұлы Жеңістің 77 жылдығына – 77 раушан гүлі» және «ҰҚК Шекара қызметінің 30 жылдығына – 30 жеміс ағашы» акцияларына қатысты. Аталған басқарманың Ақжар елді мекеніндегі кәсіптік-техникалық және дайындық бөлімінің аумағына егілген көшеттерді сарбаздар шекараға атанғанға дейін өз қамқорлықтарына алады. Отанымыздың болашақ оғландары отырғызған әсіресе ағаш көшеттері Алматының апорттары сортынан екен.
…Біз келгенде ауланың іші құлпырып тұрған болатын. Қайда қарасаң да әскери тәртіп. Өткен жылы егілген ағаштар гүлдепті. Сарбаздардың екеуін сол жақтан көрдік. Бірі болашақта жеміс беретін шыбықтың түбін қопсытып жатса, екіншісі су құйып жатыр. Өздерінің жүздерінен ерекше көңілділік байқалады.
– Біз ұжым болып ақылдаса келе, жақындап келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекесінің 77 жылдығын және Шекара қызметінің төл мерекесін осындай шарамен ерекше атап өтуге бір ауыздан шешім қабылдадық, – дейді Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары – кәсіптік-техникалық және дайындық бөлімінің бастығы полковник Алмасы Базарқұлов. Көр де тұрыңыз, мына кішкентай көшеттер күні ертең жайқалған ағаштарға айналса, біздің 77 раушан гүліміздің хош иісікелген жандарды еліктіріп, көздің жауын алатын болады…
Көшеттер отырғызылатын шұңқырлар дайындалып, қасына шелекпен су жеткізіліп қойылыпты. «Ал, бастаңдар!» деген пәрмен берілісімен, сарбаздар іске кірісіп кетті. Мағжан Жұмабаевтың «Біз жанбасақ, лапылдап, аспан қалай ашылмақ…» дейтін жастары.
Санаулы күндерден кейін Отанына адал қызмет атқаруға ант беретін сарбаздарды бүгінгі шара патриоттық рухқа тәрбиелесе, екінші жағынан табиғатты аялауға баулып жатыр еді.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.