Мемлекетіміздегі құқық қорғау органдарының бірі – қылмыстық атқару жүйесі. Оның негізгі мақсатына тоқталатын болсақ, сот органдарының заңды күшіне енген үкімі бойынша қоғамдық жұмысқа және түзеу жұмыстарына тарту, бас бостандығын шектеу, белгілі бір лауазымды иелену немесе бір қызмет түрімен айналысу құқығынан айырылған, шартты түрде сотталған, тағайындалған жазалары кейінге қалдырылып жүкті әйелдер мен жас балалары бар әйелдердің мінез-құлқына бақылау жасау болып табылады.
Кезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі басты көрсеткіш болуы тиіс екендігін айтқан болатын. Сондықтан қылмыстық атқару инспекциясы мемлекеттің бірінші кезекті міндеті болып табылатын қылмыстың алдын алу бағытында кіршіксіз қызмет етуде.
«Өмір – өзен» демекші, адам баласына өмір бір-ақ рет беріледі. Өлшеулі ғана ғұмырды мәнді де сәнді өткізу, әрине, әр адамның өз қолында. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан қай сәби болса да, іштен қылмыскер болып дүниеге келмейді. Бірақ, қылмыскер қайдан шығады? Оған кім кінәлі? Ата-ана ма, қоршаған орта ма? Көбінесе маскүнем отбасынан шыққан немесе тәрбиесіз отбасыдан шыққан балалар дегенді естіп жүрміз. Бірақ, ата-анасы маскүнем отбасынан білімді де атақты балалар шығып, даңққа кенеліп жүргені қаншама? Десек те, аяқтарын шалыс басып, сотталғандардың күн сайын өсіп отырғандарды Сіз бен бізге жасырын емес.
Қарасай аудандық Қылмыстық атқару жүйесінде сотталғандармен жұмыс жасау, оларды тәрбиелеу өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сотталғандармен жүргізілген жеке тәрбиелеу жұмыстары бірінші кезекте, оларды адамгершілікке, еңбекке, эстетикалық, психологиялық тәрбиелеу және де босатылғаннан кейін де өмірге тез бейімделіп кетулеріне бағыт беруді мақсат етеді.
Ұлы Абай «ақырын жүріп анық бас» деп бекер айтпаған. Өмірде қателікке ұрынып, кейін істеген ісіне өкінетіндер қаншама? Олар сотталғаннан кейін алдына жарқын мақсат қойып, соған жетуге талпынып қателігін мойындайды.
Сондықтан да Сіз бен біз болып өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беріп, жат қылықтардан бойын аулақ ұстауға атсалысайық.
Қарасай аудандық Полиция басқармасының пробация қызметі.