Ауданымыздағы көзі тірі майдангердің ең жасы үлкені Иса Төлеңгітұлы Керімтаев атамыз. Райымбек округіне қарасты Қырғауылды ауылында тұратын қария осы жаңа жылдың алғашқы күнінде, атап айтқанда, 1 қаңтарда 100-дің биігіне шықты!
Ол кісі бұдан тура бір ғасыр бұрын, яғни, 1921 жылы қазіргі Райымбек (бұрынғы ВОГПУ-дың қосалқы шаруашылығы) ауылында дүниге келген.
Ержеткен соң мұғалімдік мамандық алған жас жігіт мектептерде ұстаз болған. Алайда, ел мен жерді қорғау үшін, 1942 жылыҰлы Отан соғысына аттанған.
Ауыр жорық жолдарынан өтіп, 1946 жылы ауылына оралған майдангер тағы да ұстаз болып, ұзақ уақыт мектеп директоры қызметін де абыроймен атқарған.
Бүгінде қадірлі қарияның балалары, немерелері, шөберелерінің ортасында бақуатты ғұмыр кешіп отырған жайы бар.
Жүз жасыңыз құтты болсын, ардагер ата, Алла қолдап, алда да аман-есен болыңыз!
P.S. Майдангер атамыз да 10 қаңтарда өткен сайлауда өз таңдауын жасап, үйінде отырып дауыс берді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.