Республика көлемінде Жетісудың атын шығарып жүрген спортшылардың қатарында біздің қарасайлық жас футболшылар да бар. Бір кездері ұлттық құраманың сапында доп тепкен Абзал Жұмабаев басшылық ететін «Парасат» футбол клубының жасыл алаңда жеткен жетістігі аз емес.
Өткен жылдың 15-19 желтоқсан аралығында Шымкент қаласында ұйымдастырылған 2009, 2010 және 2011 жылғы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатына жоғарыда атап өткен «Парасаттың» футболшылары да қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Бірнеше футбол орталықтары мен облыстық 16 команда қатысқан жарыста қарасайлық ала доп шеберлері қарсыласқа лайықты өнер көрсетті.
Чемпионаттың ойын барысына тоқтала кетсек, 4 топқа бөлінген спортшылар 4 командадан іріктелді. «Парасат» футбол клубының 2009 жылғы шәкірттері алғашқы айналымда «Түркістан» БЖСМ-ін 3:2 есебімен жеңді. Екінші ойында да қарсыласқа дес бермей, «Ақтөбе» БЖСМ-мен ойынды 4:1 есебімен аяқтады. Келесі айналымда Талдықорған қаласының «Жетісу» футбол орталығымен жақсы ойын өрнегін көрсетіп, 2:1 нәтижесімен үшінші ойында да жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша өз тобында парасаттықтар І орынмен көш бастап, 1/2 финалға жолдама алды.
Жартылай ақтық сайыста қарасайлық жасөспірімдер Шымкенттің «Ордабасы» футбол орталығымен 1:1 есеппен тең түсіп, пенальтиден бақтарын сынады. Бұл сыннан да жерлестеріміздің асығы алшысынан түсіп, соңғы финалдық ойынға өтті. Жауапты кездесуде олар үшін «Тараз» футбол орталығы нағыз қарсыласқа айналды. Тартысты өткен жасыл алаңда қарасайлықтар оларға жол беріп, күміс жүлдеге ие болды.
Осылайша, 2009 жылғы футболшылар республикалық чемпионатта жүлделі ІІ орынды иеленіп, команда мүшелері күміс медальдармен және екінші орынға лайықты кубокпен марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша «Парасат» футбол клубының қорғаушысы Арын Керім «Үздік қорғаушы» номинациясына лайық деп танылып, арнайы дипломды алды.
Жеңімпаздық дәреже оңайшылықпен келмейтіні рас. Жасыл алаңда жасындай жарқылдаған біздің мақтаныштарымыздың жеңісті жолы әлі алда деп сенеміз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.