Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Еліміздің көркеюіне аянбай еңбек еткен азаматтарды жастарға таныстыру – аға ұрпақтардың міндеті. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі мектепте туған жердің тарихын оқыту, сол тарихта өздерінің еңбегімен, білімімен, батырлығымен із қалдырған тұлғаларды білдіру.
Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар, осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап өткені белгілі.
Осыған орай біздің округ аумағынан шыққан кейбір атақты адамдар туралы айтсақ дейміз.
Алпысбай болыс. Бұл ретте ауданымыздың абыз ақсақалы болған атақты журналист, марқұм Үсенбай Тастанбеков атамыздың мақаласынан мынадай үзінді келтірейік: «Алпысбай Тасболатұлы 1844 жылы туған екен. Дулаттың Жаныс руынан, оның Жанақ деген атасынан тарайды, үш рет болыс болыпты, Қаскелең, Шамалған аумағында. Мінез-құлқы, білімі, отаршылдарға қарсы күрескені айқындалды. Алпысбайдың жол салып (Қаскелеңнен Ұзынағашқа дейін, 30 шақырым) бақ отырғызғаны, өз қонысын, туған жерін қорғауға елін батыл шақырып отырғаны, патшаның отарлау, басқыншылық саясатына ашық қарсы тұрып, өзімшіл, өркөкірек орыс-казактарына мықтап тойтарыс бергені, сол үшін патша шенеуніктері оны құртпақ болып, оған талай ауыр жаза қолданғаны мәлім, тіпті, қазан төңкерісінің алдында соттап, жер аударып жіберген. Менің қолыма 2000 жылы Астанадан шыққан «Назарбай би және туған өлке тарихы» атты кітап түсті. Авторы Тортай Садуақасов. Кітап негізінен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтанның атасы Назарбай би туралы жазылған екен. Автор архив материалдарын көп ақтарып, мол деректер тауыпты. Ең қызығы, сол Алпысбай Назарбай бимен қатар жүріп, бірге істес, қызметтес болыпты. Назарбай би оған арнап билік, нақыл сөздер де айтыпты. Осылай ол Назарбай бимен бірге жүріп, бірге қызмет еткен. Алпысбай Шамалғанда екі рет болыс болса, Назарбай үш рет би болып сайланыпты. Алпысбайдың өктем мінезі көптің бәріне ұнай бермегені белгілі. Назарбай бидің оған айтқан нақыл сөздері сол себептен туған сияқты. Назарбай би былай дейді:
Алпысбайым, сөзім бақ,
Астыңа міндің алтын тақ.
Зорлықпенен іс қылсақ,
Жарата ма Жаппар хақ?
Кім халалға Алла жақ
Ел арасын егес қып,
Ер ісінен шығар ма?
Болыс болсаң бүтін бол,
Елдің құты әзалда.
Берген төрең оң болсын,
Қаріп-қасер, жалпыға
Шапағатың мол болсын!
Саяділ Керімбеков. Ол 1895 жылы Жанақ ауылында дүниеге келеді. Өлеңдері кітап болып басылып шыққан. Ақынның атында ауылымызда көше бар. Қаскелең қаласындағы бір мектепке де Саяділ Керімбековтың аты берілген.
Ауылдан шыққан талантты айтыскер ақын Омарқұл Итақұлұлы. Омарқұлдың Табия ақынмен айтысын Саяділ Керімбеков жазып алып баспаға берген. Кезінде Мұхтар Әуезов бұл айтысты «Біржан мен Сараның айтысынан кейінгі көркем қыз бен жігіт айтысы» деп бағалаған. Омарқұл талантты ақын, ол Нұриламен де айтысқан. Омарқұл Жанақ ауылында туған (1896 – 1944). Осы аймақтан шыққан тағы да бір талантты ақын-жыршы Оспантай Есқожаев (1876 – 1966). Оның «Күйкентай қыз бен Оспантайдың айтысы» қағазға жазылып, Ғылым Академиясының қорында тұр. «Сұм бала», «Мекерқажын» деген дастандарын естіген адамдар бар.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Омарқұл ақынмен айтысқан Табия Қаражанова қазіргі Батан ауылында дүниеге келген. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов Табияның ақындығын жоғары бағалайды. Омарқұл мен Табияның айтысын «Біржан мен Сараның айтысынан кейін көлем жағынан да ең көрнекті айтыс» дейді ол. Табия Батан ауылында 1900 жылы дүниеге келген, биыл осы айтыскер ақынның туғанына 120 жыл толып отыр.
Округімізден шыққан тағы бір ірі тұлға Үсенбай Бақтиярұлы Тастанбеков. Ол қазіргі Батан ауылында (Сиқым руы Қарақойлы елінен) 1919 жылы дүниеге келген. Үсенбай атамыз жастайынан жетім қалып, ағайындарының қолында өсті, өзінің етітірілігінің арқасында білім алып, еліне қызмет етті. 1939 жылы Қызыл Армияның қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Соғыста қоршауда қалып, Белоруссия жерінде партизан болып, жауға тылдан соққы берген. Ұрыста жүріп, екі аяғынан жараланып, соғысқа жарамай, мүгедек болып елге қайтады. Елде жеңісті тездету үшін , бар күшін салып еңбек етті.
Соғыс біткеннен соң оқыған, талабы бар жасты партия мен үкімет басшылық қызметке шақырды. Алматы облысының бірнеше ауданында аудандық газеттерді шығаруға атсалысады. Газеттерде редактор болып істегенде, талай жастарға көмегін тигізіп, ақын-жазушы болуларына жол ашты. Кейін ауданда партия нұсқаушысы болып, өзінің журналистік кәсібін шыңдай түсіп, 11 кітаптың авторы атанды. Үсенбай ата ауданымызда «Қазақ тілі» қоғамының ашылуына үлкен үлес қосып, соның құрметті төрағалығын қайтыс болғанша атқарды. Ол кісінің арқасында ауданда қазақ мектептері ашылып, көшелері, жер-су аттары қазақшаланып, тарихи аттарына ие болды. Үсенбай атамыз Алматы облысы және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері еді. Біздің округте Ұлы Отан соғысына қатысқан және қайтыс болған ардагерлер тақтасына ҰОС соңғы 100 жасаған осы ардагерінің аты ойылып жазылды.
Молдабек Саламатов. Ол 1921 жылы желтоқсанда қазіргі Батан ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. Өнегелі-өжет ақын өзінің аз ғұмырында да, шығармашылығында да жалындап шыққан жұлдыздай жарқ етіп көрінген болатын. Оның 1961 жылы шыққан тұңғыш жинағына 118 өлеңі және «Кек» атты поэмасы кірді. Ақын өзінің өлеңдеріне ән шығарған, түрлі аспаптарда ойнай білген, 1946 жылдары біздің аудандық газеттің редакторы болған. Амал не, жалынды ақын 1948 жылы қайтыс болды. Қаскелеңде және Батан ауылында көшенің аттары Саламатов Молдабектің есімімен аталады.
Асанжан Көбелеков (1907-1979). Алматы облысының 7-ші ауылында (қазіргі Қошмамбет) дүниеге келді. 14 жасынан жалдамалы жұмысқа араласты, 1930 жылы «Менжинский» колхозына кірді 1935 жылы Алматыда типографияда жұмысшы болып істеді. 1941-1945 жылдары ҰОС-на қатысты. Соғыстан кейін 1946 жылдан звено басқарып қызылша өсірді. 1947 жылы Асанжан 2 га жердің әр гектарынан 802 центнерден қант қызылшасын жинап, Кеңес Одағы бойынша рекорд жасағаны үшін, еңбегі бағаланып, 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сол сияқты Ленин орденімен және бірнеше медальдармен наградталған.
Көбелеков Асанжан атамыз сияқты азаматтардың еңбегін де жас ұрпақ жақсы білуі тиіс.
Амангелді ТОЛЫНБЕКОВ,
Жамбыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.