2020 жылдың күнтізбесі күрделі кезеңге ұласқаны жасырын емес. Әр жаңа жылдың қарсаңында «өткен жылға өкпе жоқ» деп жатушы едік. Биыл олай айтудың орайы келмей тұр. Көптің көңілін құлазытқан, санамызға сілкініс тудырған, әлем халқын алаңдатқан ол, әрине, пандемия. Аты өшкір сырқаттың салдарынан дүниежүзі бойынша адам шығыны болды. Жалын оттай өршіген коронавирус кеселі біздің еліміздің талай азаматтарын да ортамыздан алып кетті…
Өкінішке толы өмір өткелдерін айта бергенмен өткен іс өзгермейтіні рас. Ең бастысы, індеттің ізі жоғалып, жұртшылық жаймашуақ ғұмыр кешсе екен деп тілейміз. Жаңа жылымыз жақсылығымен жарылқасын деген ниетпен алдағы айлардан үлкен үміт күтеміз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында табысымыз артып, жетер жетістігіміз жалғаса берсін.
Әр жылдың соңына таман ендігі 12 айда жүзеге асатын, жаңалыққа толы өзгерістердің реті қазақстандықтарға алдын ала ұсынылатыны белгілі. Ендеше, босағамыздан аттаған 2021 жылда сол бір елді елең еткізетін айтулы ақпараттарды көпшілікке жеткізуді жөн көріп отырмыз.
Білім саласында бірқатар өзгерістер орын алмақ. Кейбір оқушылар мен студенттер білімдерін дәстүрлі түрде жалғастырады. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтындар әліппемен танысады.
Оқу жылының үшінші тоқсанында жоғары сынып оқушылары аралас оқу форматына көшеді. COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ата-аналардың пікірін ескере отырып, білім министрлігінің ұсынысымен 9,11,12 сыныптарға мектепке оралуға рұқсат етіп отыр. Оқушылар пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын қашықтан оқитын болады. Сонымен қатар, Жаңа жылдан кейін мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылады.
Ал, колледждер мен университеттердің 1-курс студенттері II семестрден бастап аралас оқыту форматында білім алады.
2021 жылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгереді. Еліміздегі аудандық және қалалық білім бөлімдері бейінді облыстық басқармалардың бақылауында болады және соларға есеп береді. Қалалар мен аудандардың білім бөлімдерін басқару және қаржыландыру да облыстық деңгейге және облыстық бюджетке өтеді. Бұл өзгерістер жайлы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа реформалар Білім және ғылым министрлігінен әр мектеп пен балабақшаға дейінгі жолды қысқартуға көмектеседі.
Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінде «Әліппе» мен «Ана тілі» сияқты оқулықтар қайта оқытылады. Бірінші сынып оқушылары бастапқы екі тоқсанда «Әліппемен» зейіндерін ашса, ал ІІІ-IV тоқсанда «Ана тілі» пәні арқылы білімдерін жалғастырады.
Қазіргі кезде оқулықты шығару жұмыстары басталды. Оның бағдарламасы мен мазмұны дайын. «Әліппе» оқулығын әзірлеу кезінде Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізге алынды.
Күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өзгереді. Ал, ең төменгі жалақы бұрынғы қалыпта қалады.
2021 жылдан бастап жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өзгереді деп күтілуде. Яғни, 2021 жылы 1 АЕК 2 917 теңгені құрайды.
Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болып бекітілді. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңге болған еді.
Ал, ең төменгі жалақы өзгерген жоқ – 42 500 теңге.
Жалақы өсетін болады. Президенттің пәрменімен бірқатар маңызды салаларда қызмет ететін мамандардың айлық табысы артады.
2021 жылдың алғашқы айынан мұғалімдер қауымының жалақылары 25%-ға дейін өседі. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жария еткен еді. Бұдан бөлек, ел Президенті медицина қызметкерлерінің айлығын да кезең-кезеңмен арттыруды тапсырды. Яғни, 2023 жылға қарай дәрігердің орташа жалақысының экономикадағы орташа жалақыға арақатынасын 2,5 есеге жеткізу міндетін қойды.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай ақ желеңділердің еңбекақысы шамамен 550 мың теңгеге жетеді. Сонымен қатар, осы қаңтар айынан бастап әлеуметтік қызметкерлердің де айлығы артады. Атап айтқанда, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, уақытша болу мекемелерінде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен басшылық құрамның, сондай-ақ, үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы ұлғаяды.
Зейнетақыға қатысты өзгерістер де орын алады. Қазақстандық әйелдер үшін зейнетке шығу жасы артты. Жаңа жылдан бастап барлығы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алады.
2021 жылы зейнетақы көрсеткіші өзгереді. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 18 524 теңгеге жетеді. Ал, ең төменгі зейнетақы 40 441 теңгеден 43 272 теңгеге дейін көтеріледі.
Тағы бір айта кетерлігі, осы жылдың қаңтарынан бастап жыл сайын қазақстандық әйелдер үшін зейнетке шығу жасы ұлғаяды. Олардың көрсеткіші төмендегідей болады:
2021 жылдың 1 қаңтарынан – 60 жасында;
2022 жылдың 1 қаңтарынан – 60,5 жасында;
2023 жылдың 1 қаңтарынан – 61 жасында;
2024 жылдың 1 қаңтарынан – 61,5 жасында;
2025 жылдың 1 қаңтарынан – 62 жасында;
2026 жылдың 1 қаңтарынан – 62,5 жасында;
2027 жылдың 1 қаңтарынан – 63 жасында.
Естеріңізде болса, елімізде 2018 жылдың қаңтарынан ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру жұмысы басталды. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін қазақстандық әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Ал ерлер үшін ештеңе өзгерген жоқ – олар зейнет демалысына бұрынғыдай 63 жаста шығады.
Бұл айтылғандардан бөлек, сиыр жылынан бастап Қазақстан халқы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алады. 2021 жылы мұндай мүмкіндікке 721 мың адам ие болуы мүмкін. Азаматтарға шоттағы зейнетақының бір бөлігін баспанаға, емге және қаржы компаниясына басқаруға беру үшін жұмсауға рұқсат етіледі. Ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді. Зейнетақы жинағын жұмсау үшін шоттағы ақша «жеткіліктілік» шегінен асуы тиіс. Мәселен, 30 жастағы адам үшін жеткіліктілік шегі – 2 миллион 518 мың теңге.
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алған кезде, 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынбайды.
Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын азаматтарға табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы беріледі. Табыс салығын зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлеуге болады.
Салық төлеу мерзіміне қатысты өзгеріс енгізілді. Жер салығы болмайды.
Өткен жылдың 10 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Жаңа ереже бойынша жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін көлік салығын төлеу мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанынан 2021 жылдың 1 сәуіріне ауыстырылды. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың мүлкі мен жерге салынатын салықтары бір салыққа біріктірілді. Яғни, екі салық бірыңғай төлеммен төленеді. Бұдан бөлек, көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері үшін жер салығы алынып тасталынады.
Мемлекеттік қызметкерлердің саны қысқарады. Өткен жылы олардың саны 10%-ға төмендеген. Кейбір қызметкерлер түрлі себептерге байланысты жұмыстан шығарылмайды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту жұмысын жайлы айтқан болатын. Осыған байланысты 2021 жылы тағы 15%-ке қысқартылады. Одан үнемделген қаражат есебінен жұмыста қалған қызметкерлердің жалақысы көтеріледі.
Ал, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Еңбек кодексіне сәйкес, кімдерді жұмыстан шығаруға болмайтынын түсіндірген еді. Олар: жүкті әйелдер, үш жасқа дейін баласы бар аналар, жалғызбасты аналар, баланы анасыз тәрбиелеп жатқандар, сондай-ақ, зейнетке шығуына екі жылдан кем уақыт қалған адамдар.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап балдық-факторлық жүйе енгізуді тапсырды. Мұндай жоба мемлекеттік қызметкерлердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайта түспек.
Қазақстандық жүргізушілердің жаңа куәліктерінде саусақ іздері пайда болады.
Көлік құжатына саусақ іздерін 2021 жылдың алғашқы күнінен бастап енгізе бастайды. Куәліктің түсі де өзгереді. Жаңа құжатта көп ақпарат сақталатын жады көп жаңа үлгідегі чиптер орналасады Ол қазіргі түріне де ұқсас. Онда көлік иесінің саусақ іздері енгізілген биометрикалық деректер болады.
Еліміз бойынша жаппай вакцинация басталады.
2021 жылдан бастап қазақстандықтарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Ең алдымен, бұл екпе халық арасында ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобына салынады. Яғни, дәрігерлерге, педагогтарға, күштік құрылымдардың қызметкерлеріне және созылмалы ауруы бар адаvдарға егіледі.
Осы уақытқа дейін отандық вакцина сынақтың үш кезеңінен өтті.Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, ешқандай жанама әсерлер тіркелмеген және вакцина жоғары тиімділікті көрсетті. Сынақтар 2021 жылы наурыздың соңында бітеді.
Дайындаған Дидар МӘЛІКҰЛЫ.