Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Нұрлы-Жер» мен «Шаңырақ» бағдарламалары аясында, осы аптада аудан орталығы Қаскелең қаласында орналасқан «Қарлығаш» ықшам ауданында 30 отбасы баспаналы болды. Көптің көптен күткен қуанышына аудан әкімі Жандарбек Далабаев ортақтасып, тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады.
Жыл санап дамып келе жатқан ауданымыз үшін тұрғын үй мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бір ғасырға жуық тарихы бар ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында көпқабатты тұрғын үйлер салынып, ел игілігіне берілуде. Міне, соның дәлелі ретінде осы аптаның сәрсенбісі күні кезекте тұрған азаматтар жаңа қонысқа ие болып отырғанын айтуға болады. Үй алғандардың қатарыңда жалғыз басты аналар, көп балалы отбасылар және де ұстаз, медицина қызметкерлері сияқты әр саланың мамандары болды. Жаңа үйдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы тұрғындардың үлкен қуанышына ортақ екенін жеткізді.
– Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындардың үй алып жатқаны үлкен қуаныш, – деді тұрғындарға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстаған аудан әкімі. – Баспаналы болу әр адамның арманы екені белгілі. Жаңадан алған үйлеріңіздің іші қуанышқа, шаттыққа, балалардың жарқын күлкісіне толсын! Сіздерді шын жүректен құттықтаймын!
Сондай-ақ, Жандарбек Далабаев аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, бір жылда атқарылған үлкен жұмыстар жайлы айтып өтті.
Шараның салтанатты бөлігі біткеннен кейін аудан басшысы жаңа қоныс тойын тойлағалы отырған тұрғындармен бірге үйді аралап, өзінің сыйлықтарын табыстады. Өз кезегінде жаңа қонысқа кірген отбасылар қуаныштарын жасыра алмай, оларға ерекше көңіл бөлген аудан әкіміне алғыстарын білдірді.
Айта кетейік жалпы соңғы екі жылдың ішінде ауданымызда «Нұрлы жер», «7-20-25», «Шаңырақ» сияқты бірқатар бағдарламалар аясында 250-ге жуық отбасыға баспана кілті табысталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.