Қарасайлықтарға бұл кісінің есімі жақсы таныс. Өйткені, ұзақ уақыт ауданда жемісті қызмет істеп, қарапайым халықтың жай-жағдайының ілгерілеуі жолында аянбай тер төкті. Жұмыс саласының өзі негізінен осыны талап ететіндіктен, сонымен қатар, өзінің өзгелердің жанын түсініп сөйлесе алатындығының, кішіпейілділігінің, әділдігінің, талапшылдығының арқасында адамдардың құрметіне бөленіп, әрдайым алғыс алып жүрді.
Әңгіме, әрине, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру (бүгінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі деп аталады) бөлімінде жалпы 33 жыл бойы қызмет еткен, оның 30 жылында бірінші басшысы болған Махмұдбек Жұмағұлов туралы.
Иә, Мәкеңнің қазыналы Қарасай ауданына бір кісідей еңбегі сіңді деп айта аламыз. Өткен өмір жолына байыппен қарап отырсаңыз, бұл сөздің шындығына анық көзіңіз жетеді.
1954 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген сары бала кішкене кезінен елге жаққан елгезек, пысық, мақсатшыл болып өсті. Таудай талабының талмай көмек-қолдауының нәтижесінде Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) заң факультетін бітіріп шықты.
1979 жылдан Қарасай ауданына келіп, алдымен әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің инспекторы, аға инспекторы, мекеме басшысының орынбасары болыпты. Өз ісіне мығым, жауапкершілігі мол, алғыр адам тез көзге түседі ғой. Сондықтан ол енді, яғни, 1983-1985 жылдары Қарасай аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарады.
Ал, 1985-88 жылдар аралығында Қарағайлы ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып, осы аумақтың тыныс-тіршілігінің алға басуына үлесін қосқан.
1988 жылы іскер, білікті, білімді, жігерлі жігітке тағы да үлкен сенім білдіріліп, аудандық әлеуметтік сала жүйесін басқару міндеті жүктелген екен.
Мәкең содан осында, яғни, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде үзіліссіз жұмыс істеп, 2017 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанша елеулі еңбек етті. Бір сүйсінерлігі, Махмұдбек Нүсіпбекұлы қоғамдық жұмыстарда да үнемі ерекше белсенділік танытатын. Сондықтан да ол кісі 30 жыл бойы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі, оның ішінде 20 жыл төрағасы болыпты! Осы уақытқа дейін аталған комиссияның құрамында орнықты отыр.
– Сол мезгіл ішінде, – дейді Мәкең ойлана сөйлеп, – төрт рет Президент сайлауына, 5-6 мәрте Парламент пен мәслихат депуттатарының сайлауына атсалысқанымды мақтан етемін.
Махмұдбек Нүсіпбекұлы зейнеткер болса да әлі күнге «аттан түскен» жоқ. Бұлай дейтініміз, ол бүгінде аудандық Қоғамдық кеңестің және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның білдей бір мүшесі. Біздіңше, өмірлік және қызметтік тәжірибесі мол, барлығын да ақылға салып безбендей білетін, жақсы мен жаманның арасын ажырата алатын адамдарға ғана осындай оңды жол ашылады деп ойлаймыз.
Жалпы, елге арналған еңбегің абыройыңды арттырады, басшылардың назарына ілігесің, халық құрметтейді, көпшілік сыйлайды. Мәкең бүгінде Қарасай ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік «Шапағат» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, бірнеше мерекелік медальдің иегері. 2017 жылы «Еңбек ардагері» медалі мен «Әлеуметтік сала қызметінің үздігі» төсбелгісін алғанын да айтқанымыз жөн.
Әрбір адам үшін отбасының орны, әрине, бөлек, бөлекше ғой. Ал, өмірлік қосағың жан-жүрегіңді, арман-аңсарыңды керемет түсінетін келісті адам болса, қызметің де, жанұялық тірлігің де жемісті, игілікті болары айқын. Мәкең де жалынды жас шағында көңілін көктемдей жайнатқан, жарқыратқан өзінің сұлуы Балқия Нығыметқызы (оның да мамандығы заңгер) сияқты жан жарын жаңылмай тауыпты. Ұзақ уақыттан бері ерлі-зайыпты ретінде бір-бірімен тамаша сыйласып, шат-шадыманға толы үйлерінің түтінін түзу ұшыруда, сөйтіп, береке-бірлікпен бақытты, бақуатты ғұмыр кешіп келеді.
Екеуі үш баланы аялап өсіріп, үлкен өмірге қанат қақтырды. Жәнібек банк саласында, Қазыбек әскери прокуратурада қызметте болса, ал, қыздары Ардақ Алматы қаласындағы Әділет департаментінде істейді.
Мәкең мен Бәкең олардан көрген 7 немеренің ардақты атасы мен асыл әжесі ретінде де Құдайға шүкіршілік етеді.
– Міне, тағы бір жылды артқа тастап, жаңасына қадам бастық, – дейді Махмұдбек Нүсіпбекұлы бізбен әңгімесінде. – Өткен тышқан жылы халқымызға ауыр тиді. Індет ілмегіне ілінген талай азаматымыздан айырылдық қой! Енді мына сиыр жылына үлкен адамдық үмітпен қарап отырмыз. Мейірім-шапағаты арнасынан асатын, рахымы шексіз Алла алда осындай жамандықтан сақтасын, дейміз! Ел аман, жұрт тыныш болып, келешекте де Мәңгілік еліміздің мерейі өсіп, мәртебесі көтеріле берсін!
Ақ ниетті ақ тілегіңізге рахмет, Мәке, Сізде де, отбасыңызда да амандық-саулық болсын!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.