Қазір көпшілік жаңа жыл мерекесіне қызу дайындық үстінде. Бұл мереке әрине, отшашусыз өтпейтіні тағы бар. Дегенмен, мамандар пиротехникалық өнімдердің пайдасынан зияны көп екендігін айтуда. Келе жатқан жаңа жыл мейрамын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету – аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарының айрықша назарында. Мереке кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды қамтамасыз ету және сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды қолдануға жол бермеу мақсатында аудандық ТЖБ өкілдері рейдтер жүргізіп тұрады. Осындай кезекті тексеру жұмыстарының бірі өткен аптаның алғашқы күндері Қаскелең қаласындағы «Жер-Ана» базарында жалғасын тапты. Рейд барысында белгілі болғандай, аталмыш орталық базарда пиротехникалық өнімдерге жататын жарылғыш заттар, яғни, фейерверк және салюттар сатылымда жоқ болып шықты. Ал, шыршаны безендіруге арналған қызылды-жасылды шамдар, яғни гирлянда сатушылардың рұқсат қағаздары тексерілді. Сонымен қатар, аудандық төтенше жағдай бөлімінің бас маманы Бағдат Шәріпбеков базарішілік дауыс ұлғайтқыш арқылы пиротехникалық өнімдер қолданудың ережелері жайлы айтып берді.
– Жаңа жыл қарсаңында дүкен және сауда орталықтарының сөрелері сан түрлі пиротехникалық өнімдермен көздің жауын алады. Негізінен пиротехника – бұл маусымдық тауар. Дүкен, не базар сөрелерінен пиротехникалық өнімдерді сатып аларда абай болған абзал. Баса назарды өнім қаптамасына аударған жөн. Ол зақымданбаған болуы қажет. Сонымен қатар, өнімде мемлекеттік, не болмаса орыс тілінде жазылған қолдану нұсқаулығы болуы қажет. Қаптамада міндетті түрде от шашу саны, көлемі және әсері туралы мағлұмат көрсетілуі қажет. Ақауы бар, мыжылған, суланған, сұр, не қара түсті бояуы шашылған өнімдер қауіпті болуы (аяқ асты жанып кетуі) мүмкін. Пиротехникалық құралдарды қаптамасыз сақтауға және қалтада сақтауға болмайды, – деген аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, аға лейтенант Әйгерім Қаныбекқызы негізгі ережелерді түсіндіріп берді.
Одан кейін базар сатушыларына жарылғыш заттарды сату мен қолдану бойынша ережелер жазылған жадынама қағаздары таратылды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.