Жыл сайын жұқа мұз адам өліміне себеп болады. Әдетте, қаза болғандардың арасында балалар мен балықшылар жиі кездеседі. Жуырда Іле ауданында мұз үстінде сырғанаймыз деген екі бала суға кеткен болатын. Егер қауіпсіздік ережелерін сақтаса, мұндай оқиғаларды болдырмауға болады. Осы негізде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «19 км» деп аталатын жерде орналасқан су қоймасына барып ескерту ережелері жазылған тақтайшаны орнатып, өтуге болмайды дегенді білдіріп тұратын қызыл лентаны тартты. Одан кейін сол аймақта жүрген адамдар мен күзетшіге мұздағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері мен шұғыл қызмет телефондарының нөмірлері туралы жадынамалар таратып, мұзға шығу кезінде орын алуы мүмкін қауіптерді түсіндірді.
– Судың беті қатты қатпаса да көптеген адамдар балық аулауға шығып жатады. Біз осындай рейдтер арқылы оқыс оқиғалардың алдын алуды ойлаймыз. Балықшылардың көпшілігі ауа райына қарамай, көзсіз тәуекелге бел буады. Ал, балалар су бетін сырғанақ алаңына айналдырады. Жазатайым оқиғалар орын алмас үшін, біздің бөлімнің қызметкерлері тұрақты түрде тексеру жұмыстарын аудан бойынша жүргізіп тұрады, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, капитан Жанат Қармақбаев.
Айта кету керек, ауданда 17 су қоймасы бар. Қазір біздің өңірде су беттеріндегі мұз жамылғысы әлі де берік емес және әрқашан адамның салмағын көтере алмайды. Сондықтан сақ болып жүрген дұрыс!
Бұрым ОРЫНБАСАР.