ХХІ ғасырда адамзат қоғам қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар, елді мекендердің келбеті өзгеріп, қалалар өсу, кеңею үстінде заманауи өмір салты туып келеді. Осыған байланысты «жоғалып бара жатқан мамандықтар» ұғымы пайда болды. Біз оларды төменде егжей-тегжейлі сипаттайтын боламыз. Стратегиялық зерттеу институты сарапшыларының айтуынша, әр заманда кейбір мамандықтарға сұраныс тоқтайды. Есесіне жаңа мамандықтар пайда болады. Бұл – уақыт талабы және өмір заңы. Жылдар өткен сайын технологиялар жаңарып, қондырғылар ескіреді, құрал-жабдықтар металл үйіндісіне айналады. Соған орай мамандықтар да ескіріп, мүлде жойылады. Сондықтан да мамандық таңдағанда жақын арада жойылатын мамандықты игеруге құлшыныс жасаудың қажеті жоқ секілді. Әрбір адам заман ағымын түсініп, уақыт талабына сай өзін бейімдеуі тиіс.
Қазіргідей технология күн санап қарыштап дамып бара жатқан заманда бүгін бар мамандықтың күні ертең мүлдем қажетсіз болып қалуы оп-оңай. Егер зер сала қарайтын болсақ, қазірдің өзінде интернеттің дамуына және электронды қызметтер ауқымының кеңеюіне байланысты қағаз-баспа өндірісіне деген сұраныстың күрт азайғаны байқалуда. Электронды кітаптар, журналдар шықты, қағаз газет-журналдардың орнын ақырындап порталдар мен сайттар басуда. Ақпарат ағымының күн санап өсуіне байланысты қағаз нұсқадағы құжаттарды сақтайтын архивтерге деген сұраныс та кеміп барады. Алдағы уақыттарда жойылуына қауіп төнген мамандықтар тізімін сіздердің назарларыңызға ұсынсақ.
1. Кондуктор.Бұл мамандық алдағы 2-3 жылда-ақ жоғалуы мүмкін. Карта арқылы төлем экономикалық жағынан да тиімді, әрі ұсақ ақша қайтару мәселесі мүлдем туындамайды, бюджет айқындылығын да қамтамасыз етеді.
2. Нотариус. Бұл шара заңсыз құжаттарды куәландыру, заңдастыру, жемқорлық мәселелерін де шешуі тиіс.
3. Риелтор, маклер. Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру, алу сияқты деректерді делдалдарсыз ашық ресурстардан алуға болады.
4. Күзетші. Бейнебақылау, сигнализация күзетшілерден әлдеқайда жылдам әрі сергек. Көптеген кеңселерде күзетші штаты әлдеқашан қысқарған.
5. Билетер. Кино, театр, сауық-сайран орталықтарына кіргенде билетіңізді тексеретін адамның функциясын қарапайым чиптер мен турникеттер атқара алады.
6. Call орталықтарының диспетчерлері. Болашақта жасанды интеллект пен цифрландыру нәтижесінде диспетчерлер толығымен жойылады.
7. Корректор. Қазірдің өзінде Microsoft Office бағдарламаларында мәтіннің орфографиясы мен пунктуациясын тексеретін функциясы бар. Сондықтан корректор мамандығын бағдарламалық жасақтамалар алмастырады деп нық сеніммен айтуға болады.
8. Экскурсовод, гид. Бүгінгі таңда бірқатар мобильді қосымшалар, онлайн ресурстар экскурсиялар ұсына алады. Демек, цифрландыру тағы бір мамандықты жояды деуге болады.
9. Логист, диспетчер. Соңғы уақытта онлайн сауда көлемі күрт артты. Тауар айналымы артып, көлік инфрақұрылымы күрделене түсуде, жүк тасымалы ұлғайып, жекізу жылдамдығы да арта түсті. Егер бірнеше маманның жасайтын жұмысын бір бағдарлама орындайтын болса, ол мамандықтың не қажеті бар? Сондықтан диспетчерлер мен логисттерді болашақта бағдарламалық жасақтамалар жұтуы заңды құбылыс.
10. Аудармашы. Технология қарыштап дамып жатқандықтан болашақта көркем әдеби немесе күрделі салалық аудармалармен айналысатын біліктілігі жоғары мамандар ғана қалып, қарапайым аудармашылар басқа кәсіп іздеуіне тура келеді.
11. Вахтер. Оның негізгі міндеті тұрғын үйге және қызметтік ғимараттарға бөгде адамдардың кірмеуін қадағалау. Әрбір адамның кіріс-шығысы чиптер арқылы тіркеліп отырады. Сондықтан «вахтер» мамандығы жақын арада жоғалуы мүмкін.
12. Жол-патруль қызметкері. Олардың орнын бейнебақылау камералары басуда. Бүгінде «Сергек» жүйесі жол-көлік қозғалысын қатаң қадағалап, құқық бұзушылық фактілерін оперативті түрде арнайы реестрде тіркеп тұрады.
13. Есептеуіш көрсеткішін бақылаушы. Су, электр энергиясын, газды тұтыну көрсеткіштерін тіркейтін есептеу құралдарын тексеретін маманды алмастыратын жүйе болашақта іске қосылады.
14. Бухгалтер. Бұрындары «бухгалтер» мамандығына бірнеше жыл оқитын болса, соңғы жылдары бұл мамандықты бірнеше ай ішінде игеріп алу мүмкіндігі туынады. Қазіргі жаңа бухгалтерлік есептер жасау, төлемдерді төлеу, кіріс-шығысты тіркеу жүйесі бір ғана бағдарламалық жасақтама көмегімен жүзеге асады.
15. Несие жөніндегі менеджерлер. Бүгінгі таңда сайт арқылы немесе мобильді қосымша арқылы несие алу өтінімін онлайн жіберуге болады. Клиент туралы барлық деректер, оның несие тарихы арнайы базаға енгізіледі. Сондықтан да болашақта несиені беру туралы шешімді арнайы компьютерлік бағдарламалар қабылдайтын болады.
16. Стенографист. Дыбысты тану және оны мәтінге айналдыру жүйесі қазірдің өзінде көптеген салаларға енгізілген. Іздеу жүйелері, роботтар, диктофон жазбалары, тағы көптеген салаларда мұндай функцияны байқаған боларсыз.
17. Мемлекеттік қызмет операторлары. Қарапайым тілмен айтқанда халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар. Қазірдің өзінде Мемлекеттік қызметтер порталы мен «Электронды үкімет» сервистерінің, азаматтық краудсорсингтің дамуы арқасында көптеген анықтама, құжаттарды кеңсеңізден шықпай-ақ онлайн түрде алуға болады.
18. Провизор. Көптеген дәріханалар интернет-ресурстар арқылы жұмыс жасауға көшуде. Көптеген тұтынушылар дәрі-дәрімекті дәрігер нұсқауы бойынша немесе интернет деректеріне сүйеніп таңдай алады.
19. Лифтер. Қазіргі лифт жүйелері (жаңа тұрғын үй кешендеріндегі) интеллектуалды жүйемен жабдықталған. Бұл жүйелер өздігінен диагностика жасап, ақаулды анықтап отырады. Лифтерге қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары автоматтандырылса, лифтер мамандармен де хош айтысамыз.
20. Банк қызметкері. Жақын арада банк бөлімшелері түгелдей жабылып қалмағанымен, саны әлдеқайда азаятын болады. Өзіңізге қолайлы уақытта, кезек күтпестен транзакция жасап, өз шотыңызды оңай басқаруға мүмкіндік туады.
21. Баспа индустриясы. Газет және журнал баспаларынан бастап оларды өндіретін және тарататын жұмыс орындары үшін онлайн нұсқаларын ұсынып, баспа ісіне жаңа технологияны беру кеңінен етек алуда.
Бұл мамандық иелері жоғалып кетпейтіндей көрінуі мүмкін. Бірақ, біз төменде келтірілген тізімнен кейін, сіздердің ойларыңыз бірден өзгеріп қалады-ау. Жоғалып кеткен мамандықтар:
Дагерреотип – Олар алғашқы портреттік фотосуреттерді жасаушы,
Түтін мұржасын тазалаушы–түтіндер мен каминдер өртінің алдын алды.
Егеуқұйрықтар ұстаушылар – бүкіл қалаларды кеміргіштердің шабуылынан құтқарды.
Тас бұзушылар – тәулік бойы құрылыс үшін пайдаланылған тастарды ұсақтады.
Телефон операторлары – абонентті есту үшін бір рет сигналды қажетті нүктеге жалғау үшін қажет болды.
Машинистер – баспа машинасымен мәтін терушілер.
Есептегіштер – мекемелердегі бугалтерлерге алдын ала шоттар арқылы қажетті сандарды есептеуші.
Аяқ киімді жылтыратқыш бір кездері өте көп сұранысқа ие болды.
Бұл саламен айналысатын қызметкерлер келмеске кетті десе де болады. Дегенмен, заман ағымына қарай жыл сайын жаңа мамандықтар да пайда бола бастаған. Мәселен, CyberWorker, жеке шежіреші, дрон операторы, бизнес және сауда аудиторы, РR маманы, промоутер, рекрутер, супервайзер, имиджмейкер, пасигер, декоратор сынды мамандықтар. Олардың кейбіреулері өз жұмыстарын қазіргі таңда қарқынды түрде жүргізуде.
Ғалымдар, мамандар мына үш мамандықты «өлмейтін» мамандыққа жатқызып, соларды меңгеруге кеңес беруде. Бірінші – маркетинг. Қазақстанда кенжелеп тұрған сала. Елімізде жақсы өнімдер көп. Оны сатудың дұрыс жолын білу үшін осы саланы дамыту керек. Екінші – ақпараттық технология. Біздің бүкіл тұрмысымыз, күнделікті іс-әрекетіміз ІТ саласымен тікелей байланысты. Үшіншісі – басқару.
Ақыр соңында, егер машиналар шығармашылықты алмастыра алса да, адамның жеке тәсілі әрқашан құнды болып қала береді. Мұның жарқын мысалы – адамның қолымен жасалған кәдесыйлар немесе қолмен жазылған жазуы бар киім. Күмән жоқ, біз машиналарға неғұрлым көп функцияларды берсек те, адамның өз еңбегін бағалай білу тиіспіз. Бұл тамақ өндірісі, диагнозды анықтау, талап арызын жасау немесе авторлық мақала жазу, т.б. Дегенмен, адам күшін толықтай роботтар алмастыратын уақыттың жақындап келе жатқанын жоққа шығаруға болмас.
Бұрым ОРЫНБАСАР.