Желтоқсан айының 10-нан бастап елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталғаны баршаға мәлім. Осыған орай Сайлауалды штабының алғашқы отырысы өткеннен кейін дәл осы күні ауданымыздағы «Aport» ойын-сауық және сауда орталығында «Nur Otan» партиясынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер халықпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Алия Абсеметова мен Ержан Жасыбаев қарасайлықтарды өздерімен таныстырып, сайлауалды бағдарламалары мен алдыға қойған мақсаттары туралы толыққанды ақпарат беріп өтті.
Нақтырақ айтқанда, шарада үміткердің бірі – Ержан Бакиржанұлы өзінің сайлауалды бағдарламасына сәйкес, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатындағы жобаларға ерекше зейін аудару керектігін айтты. Әсіресе, қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отырған жол мәселесіне баса назар аударып, оны шешуге қатысты жоспарымен бөлісті. Ал, Алия Маратқызы болса, өзі тоғыз баланың анасы ретінде елімізде көп балалы аналардың ахуалын жақсарту, оларға барлық жағынан көмек көрсету керектігі туралы, сондай-ақ, еліміздегі гендерлік саясатты жақсарту үшін құрған жоспары жайлы айтып өтті.
Шара соңында үміткерлерге партия мүшелері мен халық тарапынан сұрақтар қойылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.