Бүгінде елімізде ғана емес, сондай-ақ, әлем бойынша да жастар арасындағы буллинг, яғни, балалардың бір-біріне психологиялық қысым көрсетуі өзекті мәселе болып отыр. Бұлай дейтініміз, БҰҰ-ның елімізде жүргізген зерттеуі нәтижесінде балалардың басым бөлігі сәби күнінен бастап кемсітуге тап болатыны анықталған. Ал, ЮНИСЕФ мамандарының соңғы зерттеулерінің нәтижесіне сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі әрбір 5-ші қазақстандық жасөспірім буллингтің құрбанына айналады екен. Осы жағдай қазіргі жастар арасындағы депрессия мен суицидтің белең алуына да бірден-бір себепші болып отыр. Бұл жолы газетімізде біз осы бір маңызды тақырыптың түйінін тарқатып, оқушылар арасындағы буллинг неден пайда болатының түсіну мақсатында ауданымыздағы орталық ауруханада орналасқан «Жастар денсаулық орталығының» маманы, психолог Сәуле Сұлтанғалиевамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Жасөспірімдер психологы ретінде қазіргі жастар арасында белең алған буллинг мәселесі туралы не айта аласыз?
– Бүгінде жасөспірімдер арасында және де психологиялық көмек жағдайында «буллинг» сөзі жиі естіледі. Ағылшын тілінен аударғанда бұл «қорқыту» дегенді білдіреді. Буллинг – бұл менмендік, дөрекі мінез-құлық, топ мүшелерінің біреуін (мектеп оқушысы немесе студент) қалған мүшелері немесе оның бір бөлігі агрессивті түрде қудалауы болып табылады. Өз тәжірибеме сүйене отырып, айтарым, буллингке адамдар үйде, мектепте, автобуста немесе интернетте, жалпы кез келген жерде ұшырауы мүмкін. Ондай жағдай бізде ересектердің арасында да кездеседі. Алайда, мектеп жасындағы балалар, мұндай кедергілермен жиі ұшырасады. Бүгінде ол елде ушығып тұрған мәселенің бірі.
– Балалардың бір-бірін кемсітуі неден басталады?
– Буллингке кез келген сыныптағы оқушылар тап болуы мүмкін. Бірақ, мұндай кемсітулер көбінесе бастауыш сыныптардан бастау алып, оқушы мектепті аяқтағанша созылады. Жасөспірімдер арасындағы буллинг белгілі бір топқа біріккен оқушылардың өзінен ерекшеленетін баланы шеттетуден басталады. Нақтырақ айтқанда, қысым көрген оқушының мінезі, ойлау жүйесі, сырт келбеті немесе қандай да бір себеппен қысым көрсетушілерден ерекшелігі болуы мүмкін. Мектеп жасындағы балаларды көбінесе сыртқы келбетіне қарап қорлайды. Мәселен, көзілдірік тағатын балалар, дене мүшесінде белгілі бір кемістігі бар балалар, бойы ұзын немесе қысқа, т.с.с. Көп жағдайда қысым көрсететін бала өзі де бұрын буллингке ұшыраған немесе жақындарынан зорлық-зомбылық көрген болуы мүмкін, олар осылайша өздерінің өміріндегі сәтсіздіктердің, қолайсыз жағдайлардың орнын құрбандардың есебінен толтырғысы келеді.
– Буллинг балаға қалай әсер етуі мүмкін?
– Кемсітудің салдары әртүрлі болады. Мен жоғарыда айтып өткендей, буллингке көбінесе өзгелерден ерекше болғандықтан тап болады. Сондықтан оның айналасындағы балалар кемсіткен сайын бала өзін-өзі бағалауды қояды. Өзін кемсіткендіктен үнемі күйзелісте жүріп, сабақ оқи алмай қалуы мүмкін. Ал, ең қиыны оның бәріне деген қызығушылығы жоғалады. Мысалы, оқығанды немесе ән айтқанды ұнататын баланың оған деген қызығушылығы төмендейді. Оқу үлгерімінің нашарлап, мектепте барудан бас тартуы мүмкін. Оның үстіне денсаулығы нашарлап, ұйқы немесе тәбеттің нашарлауы сияқты психосоматикалық ауруларға шалдығуы да мүмкін. Бұған қоса оларда депрессия, мазасыздық, невротикалық белгілер пайда болады. Мұнын бәрі баланың өз-өзіне қол жұмсауына дейін әкелуі мүмкін…
– Буллингтің қалай алдын алуға болады?
– Жасөспірімдер арасында кикілжің болса, оған алдымен ата-аналары назар аударуы керек. Себебі, баланың бойында пайда болған кішкентай болсын өзгерістерді тек ата-анасы ғана байқауы мүмкін. Осы ретте психолог ретінде ата-аналарға айтарым, егер де балаңыздың қылықтарында бір өзгешелік байқап, оның қысым көріп жүргенін түсінсеңіз, бірден ашуға беріліп, шу көтерудің қажеті жоқ. Алдымен, балаңызбен өзіңіз сөйлесіп, оның себептерін анықтап көріңіз, мұнан кейін сынып жетекшісімен кездесіп, мәселені шешудің жолын бірге іздестіру қажет. Жағдайды дабыралата көтеріп, шу шығарғаннан еш пайда жоқ, ол тек қана баланың алдағы уақыттағы мектептегі өміріне зиян тигізуі мүмкін. Мұнан кейін қысым көрсету әрекеттерін мектептегі психолог пен мұғалім байқауы тиіс. Өйткені, олардың балалармен қарым-қатынастағы және сыныппен жұмыс жасау қабілетіндегі кемшіліктер буллингке негіз бола алады. Сынып – балалар ұжымы. Бұл ұжымның да басқа ұжымдар тәрізді ауызбіршілік пен достық атмосферасына мұқтаждығы бар. Ондай орта жасау сынып жетекшісінің ең басты міндеті болып табылады. Бұндай келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін мектеп әкімшілігі, мұғалімдер мен мектеп психологына төмендегідей мәселелерді қарастырған жөн: мектепте «Буллингке жол жоқ!» тәрізді арнайы бөлімі бар баршаға міндетті мектептің тәртіп ережесін қабылдау қажет. Буллинг оқиғаларын анықтау мақсатында әр сыныпта жүйелі түрде зерделеу жұмыстарын жасап отыру керек (анкета, сұхбат, тест). Жүйелі түрде сынып сағаттары мен тәрбиелік шаралар жасап тұрған дұрыс. Ата-аналардың да қатысуымен өткізілсе тиімді болады. Үйірмелер мен топтық мәдени шараларды көп өткізіп, әртүрлі балалардың бір-бірімен жақыннан араласуына, достық сезімдерінің артуына ықпал жасау керек.
– Сіздің ойыңызша, егер де жастардың арасында қысым көрсету оқиғасы орын алса екі жақпен тең жұмыс жасау қажет пе?
– Әрине, буллермен де қажетті жұмыстар жасалуы керек. Оның да теріс әрекетке бару себебін анықтап, барынша көмек берілуі тиіс. Өйткені, әр агрессивті әрекеттің артында бір психологиялық проблема тұрады. Ол балалар да ата-анасы мен психолог маманның жәрдеміне мұқтаж.Төменгі және орта буын оқушылар өз проблемаларын ата-ананың және психологтың көмегінсіз шеше алмайды. Ал, жасөспірімдер болса (жоғары сыныптағы) өз проблемаларын өздері шеше алатын жағдайда (бұл жағдайда да үлкендер қолдауы қажет). Баланың өзінен «Неге мен буллинг жәбірленушісі болдым?» немесе «Неге мен буллер болып қалыптастым?» деген сұрақтарға жауап сұрау керек. Оған берілетін салмақты жауап, проблемадан шығу жолына сілтеме бола алады, – дейді Сәуле Туребекқызы.
Қорыта келе буллинг мәселесі бұл қазіргі таңдағы дереу шешім қажет ететін проблема екенін айтуға болады. Әсіресе, кемсітулердің кесірінен елімізде өткен жылдары мыңға жуық жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсап, өмірден баз кешкенін ескерсек. Әрине, қазір жасөспірімдер арасындағы буллингті жою үшін мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқаны рас. Бірақ, әр ата-ана алдымен өз жауапкершілігін ұмытпағаны абзал. Күнкөріс қамымен тіршіліктің қамытын сүйреп жүрген отбасылар негізгі құндылық – ұрпақ саулығы мен оның өмірі, бала тәрбиесі екенін қаперден шығармаса ғана балалардың арасындағы көптеген түсініспеушілік азаяр еді…
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.